Экс-министрдің қызы ғарышқа аттанбақ
Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова ғарышқа турист ретінде ұшатын еліміздің тарихындағы алғашқы әйел болмақ. Ол америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесінің 36-шы миссиясына қатысады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Данна Қарағұсовамен бірге ғарышқа кәсіпкер Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартаптар негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық бизнесмен Виталий Островский және есімін құпия сақтауды жөн көрген тағы бір жолаушы аттанады.
«Ғарыш – жаңа мүмкіндіктердің бастауы»
Данна өзінің Instagram парақшасында бұл миссияның мәнін ерекше атап өтті:
Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа көкжиектерді ашу арқылы біз технологияны дамытып қана қоймай, өз мүмкіндіктерімізді де кеңейтеміз. Blue Origin-нің NS-36 миссиясы – көптен бері армандап жүрген жобамның маңызды бөлігі әрі арманға жасалған қадам, – деді ол.

blueorigin.com
Данна Қарағұсова деген кім?
25 жылдан астам уақыт бойы медиа, дистрибуция және ірі шаралар ұйымдастыру саласында еңбек етіп келе жатқан Данна Portals атты мультимодальді экожүйенің құрушысы. Жоба өнер мен ғылымды біріктіріп, цифрлық технологиялар арқылы өзін-өзі дамытуға жол ашады. Сонымен қатар ол бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжілістің экс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы.
Оның Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған тәжірибелі альпинист екені де көрсетілген.
Тарихи миссия
Бұл сапар New Shepard бағдарламасы аясындағы 15-миссия болмақ. Бұған дейін Blue Origin 75 жолаушыны ғарышқа жеткізген, олардың арасында бірнеше мәрте қайта ұшқан адамдар да бар.
NS-36 миссиясының нақты күні әлі жарияланған жоқ. Дегенмен ұшырылым BlueOrigin.com сайтында, әлеуметтік желілерде және YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

