Жаңалықтар

Экс-министрдің қызы атақты үш университетте оқыған тұңғыш қазақ қызы атанды

Экс-министрдің қызы атақты үш университетте оқыған тұңғыш қазақ қызы атанды
Фото: Әлеуметтік желі 06.12.2024 12:39 36154

Дидар Құл-Мұхаммед Гарвард, Оксфорд және Кембридж университеттерін тәмамдаған әлемдегі алғашқы және жалғыз қазақ қызы атанды. Бұл туралы Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жуырда біз Кембридж университетінде оған философия магистрі дипломын табыстау рәсіміне қатысу құрметіне ие болдық. Осыдан шамамен 12 жыл бұрын Дидок (біз оны бала кезден осылай атаймыз) Джорджтаун, Гарвард, Колумбия және басқа да америкалық университеттерге өзінің тамаша жазылған эссесін жіберген болатын. Оның талантына тәнті болған үздік жоғары оқу орындары оны өздеріне шақыру үшін кезекке тұрған еді. Сол кезде Дидардың әкесі – менің досым Мұхтар Құл-Мұхаммед маған кеңес сұрап қоңырау шалды. Мен еш ойланбастан Гарвардты таңдауға кеңес бердім. Одан кейін Оксфорд, енді міне Кембридж – әр кезеңінде 125 Нобель лауреаты қызмет еткен әйгілі оқу орны, - деп жазды Алмас Шарман.

Сондай-ақ Дидардың болашақта Қазақстанның тарихи санасының қалыптасуына, мәдени дамуына үлес қосуына тілек білдірді.

Бұл жетістікті біз отбасымызбен бірге Лондондағы Raffles қонақүйінің жаңғыртылған террасасында орналасқан Kioku by Endo жапон мейрамханасында атап өтуді жөн көрдік. Бұл ғимараттың тарихи маңыздылығы – бір кездері мұнда Черчилльдің әскери кеңсесі орналасқан. Әңгіме барысында біз Дидардың ортағасырлық француз әдебиетінен бастап посткеңестік халықтардың постколониалдық мәдениетіне дейінгі білімінің теңдессіз ауқымы туралы ой бөлістік. Мұндай ерекше сараптама бүгінде әлемнің көптеген академиялық орталықтарында жоғары сұранысқа ие екендігі таңқаларлық емес. Дидардың жарқын болашағын армандай отырып, біз Мұхтар екеуміз оның Қазақстанның тарихи санасының қалыптасуына, мәдени дамуына және өркендеуіне интеллектуалдық үлес қосуын тіледік. Дидар қандай академиялық жолды таңдаса да, біз оған тек жақсылық, амандық және бақыт тілейміз, - деп жазды ол.

Айта кетейік, Дидардың әкесі Мұхтар Құл-Мұхамед ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте істеді. Мемлекеттік хатшы, Мәдениет және ақпарат министрі, Қызылорда облысының әкімі, Парламент Сенатының депутаты сияқты лауазымды қызметтер атқарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға