Биылғы жылы COVID-19 індетінің таралуына байланысты елде төтенше жағдай мен қоса карантиннің жариялануы ішкі-сыртқы туризмнің дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Осы орайда «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің жай-күйіне қатысты аталған мекеменің Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Эльмира Джумановамен әңгімелескен болатынбыз.
Ақсу-Жабағылы - Орта Азия мен Қазақстандағы Талас Алатауы мен Өгем жотасын алып жатқан ең ежелгі қорық болып саналады. Мемлекеттік мекеме 1926 жылы құрылған. Батыс Тянь-Шань ландшафтарын сол табиғи қалпында сақтап, тау жүйесіндегі табиғат кешендерін зерттеуді көздейді. Ол ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қорықтар тізіміне енгізілген. Қорықтың шекарасы Қырғызстан мен Өзбекстанмен шектеседі. Мемлекеттік қорықтың құрамына «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық учаскелері кіреді. Қорық аумағында 114 мұз таулары және Айнакөл, Қызөлгенкөл, Сопақ, Көкүйрім, Көксай, Жасыл секілді көлдер бар.
– Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында карантин енгізілгеннен бастап туристерді қабылдау тоқтатылды. Себебі, келушілердің денсаулық жағдайын, қайдан келгенін білмейсің. Бүгінгі күні визит орталыққа, экологиялық сүрлеуге де кіруге тыйым салынған. Індет жойылғаннан кейін жақсы күндерде қорықтың есігі барша келушілерге ашық болады, – дейді қорықтың Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Эльмира Джуманова.
Қорықтың фаунасы 2457 жануарлар әлемін құрайды. Қызыл кітапқа мұндағы құстардың 267 түрінің 8-і, сүтқоректілердің 52 түрінің 9-ы енген. Бұл табиғат жұмағын сондай-ақ, бауырымен жорғалаушылардың 11 түрі, қос мекенділердің 3 түрі және жәндіктердің 2124 түрі мекендейді.
Мұнда 1737 түрлі өсімдік өседі. Мүктің - 63, қынаның – 64, балдырлардың - 63 түрі, саңырауқұлақтың - 235, жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің - 1312 түрі бар. Соның ішінде бұтаның - 62 , ағаштың - 17 түрі кездеседі. Өсімдіктердің 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Табиғи қорықтың қызметі
Ерекше қорғалатын аумақ болып табылатын қорықта ғылыми, күзет, экологиялық ағарту және туризм бөлімдері жұмыс істейді.
– Негізгі мақсат - табиғатымыздың әсем бұрышын сақтау болып табылатындықтан, әр бөлімнің өзіндік атқаратын қызметі бар. Ғылыми бөлім қорық аумағында мемлекеттік табиғи қорық қорының нысандарын түгендеу, зерттеу жүргізу және табиғи әрекеттердің ағымын зерттеп реттік бақылаулар жасайды. Сонымен қатар, табиғи процесс ағымында экологиялық жүйесін қору режимі бұзылмайтындай жағдайда жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына экологиялық білімін арттыруда үлес қосып, қорықта табиғат қорғау бағытындағы студенттерді практикаға қабылдап, экологиялық мониторинг жүргізеді, – дейді қорықтың экология және туризм бөлімінің басшысы.
(Суретте: Ақсу-Жабағылы қорығының директоры Меңлібеков Айтбек Нарынбайұлы)
Күзет бөлімі белгіленген қорық режимі бойынша қорық аумағында ЕҚТА қойылатын тәртіпті сақтау үшін үнемі қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Олар орманды қорғау, өрттің алдын алу және ғылыми зерттеу іс-шараларына қатысады.
– Мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық бөлімі экологиялық білім беруді насихаттаумен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қорықтың тыныс – тіршілігін жариялаумен, қорық қызметкерлерінің мектеп оқушылары арасында үгіт-насихат жүргізу арқылы, қорықтың имиджін көтерумен, баяндамалар, әңгіме-кеңестер жүргізіп, семинарлар өткізумен айналысады. Визит орталығы мен табиғат мұражайында экскурсиялар жүргізумен қатар экологиялық сүрлеуде туристердің қауіпсіздігін сақтау да қолға алынған, – дейді Эльмира Джуманова.
Эльмира Пердебайқызы 2004 жылдың сәуір айынан бері қорықтың экологиялық ағарту және туризм бөлімінде жұмыс істеп келеді. Алғашында экскурсовод-нұсқаушы болып орналасқан Эльмира Джуманова 2005 жылдан бастап қорықтың экология бөлімін басқарады. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік қорғауға алынған аймақта жұмыс істеп келе жатқан ол табиғи қорық туралы қажетті барлық мәліметтерді біледі. Қорық қызметкері бізге қорықтың Батыс Тянь-Шань сілемдерінің ЮНЕСКО-ның құрамына енудегі маңыздылығы Түлкібас ауданының әлем картасындағы жоғарғы орнын көрсететіндігін білдіретіндігін айтады. Расында да Алатау мен Қаратаудың қауышқан жерінде орналасқан табиғаты қайталанбас Түлкібас ауданының дамуына Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының қосар үлесі жоғары.
Қорық аумағында аң аулау мақсатында ұсталған азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің және ҚР ҚК-не сәйкес жауапкершілікке тартылады. ЕҚТА заңының 40-бабы және 43-бабында қорық аумағының ішінде және оның күзет аумағында аң аулауға тыйым салынған.
Қорық қызметкерлерінің жұмысы
Ел байлығын қорғауға ат салысып жүрген қорықшыларға қашанда еселенген міндеттер жүктеледі. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында ұлттық табиғи байлығымызды қору сеніп тапсырылған қызметкерлер жұмыс істейді.
– Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының жалпы жер аумағы – 131934,3 га. Ол 15 айналымға бөлінген. Табиғи кешендер мен объектілерді қорғау қызметін жүргізуді қорықтың күзет бөлімі жүзеге асырады. Күзет бөлімінде 28 мемлекеттік инспектор қызмет атқарады. Оның ішінде күзет бөлімінің бастығы, бас орманшы, байланыс инженері және жедел топ инспекторлары бар, – дейді Эльмира Пердебайқызы.
Қорықтың аумағында қарауылдарға отбасымен тұруға арналған үйі тұрғызылған. Сонымен бірге күзет инспекторларына арналған үйлер де бар. Қорық аумағын браконьерліктен, өрттен және туристер көп болатын аумақтарда қорғауды күшейту мақсатында кейбір қарауыл үйлеріне жұмыс істейтін күзет инспекторлары да бекітілген. Барлық қарауыл үйлерінде стационарлық байланыс рациялары орнатылған. Күзет инспекторлары қызметтік тасымалданатын мобильдік байланыс рациялармен, мініс аттармен, қарумен және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Күзет инспекторы жыл бойы тұз жалақтарды жаңартып тұрады. Көктем және күз мезгілдерінде жалғыз аяқты сүрлеулерді тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қорық аумағын күзету мініс аттармен және автокөлікпен жүзеге асырылады. Қорықтың жалпы аумағын әр инспекторға бөлгенде орташа – 4397,81 га болып отыр. Қорық аумағын күзетуге күзет бөліміне қызметтік мініс аттар, көліктер мен қарда жүретін көлік бекітіліп берілген, – дейді Эльмира Джуманова.
Қорықтың Экология және Туризм бөлімінің басшысы жыл сайын қорыққа келушілердің саны артып келетіндігін айтты. 2018 жылы жалпы келушілердің саны – 2247 адам болса, оның ішінде шетел азаматтары 1094 болған. Өткен жылы жалпы қорыққа – 2487 келуші келсе, оның 1044-і шет елдерден келген туристер екен. Қорықтың әсем табиғатын тамашалау үшін туристер Германия, Англия, Польша, Чехия, Италия, Венгрия, Бельгия, Франция, Испания, Финляндия, Австралия, Канада, АҚШ, Ресей Федерациясынан, Малайзия, Қытай, Корея және Индонезия елдерінен көптеп келеді.
– Ақсу-Жабағылы Мемлекеттік табиғи қорығымен Алматы қаласынан «Silk Road Business Services», «Silk Road Adventures», Шымкент қаласынан «Шукенова Р.» ЖК және Жабағылы ауылында орналасқан «Дом Жени и Люды», «Турбаза Руслан» ЖШС –термен бірігіп жұмыстар жасалуда, – дейді Эльмира Джуманова.
Қорыққа қалай жетуге болады?
Қорыққа келетін азаматтарда алғашқы туындайтын сауал қорыққа жету мәселесі болып табылады. Бұл туралы Эльмира Пердебайқызы айтып берді.
(Суретте: Қорықтың Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Эльмира Джуманова)
– Ұшақпен Тараз және Шымкент қалаларындағы әуежайға, поезбен Түлкібас станциясына дейін, бері қарай таксимен, автобуспен жетуге болады. Қорыққа келушілер жеке көлікпен Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жабағылы ауылына дейін келе алады. Алдын ала байланысып келушілерді күтіп алу мүмкіндіктері де жасалған, – дейді қорық қызметкері.
Карантин кезінде отыз пайыз қызметкерлер жұмыста болса, жетпіс пайызы қашықтықта жұмыс істеп жатыр.
– Қорықта инструктор – экскурсовод жұмыс істейді. Ал экскурсиялық бағытына кіру үшін арнайы өтініш беріліп, рұқсат алып кіре алады. Экскурсия үш сағаттан 7 сағатқа дейін жүргізіледі. Кіру үшін арнайы Комитеттің бекітіп берген тарифы бар, – дейді қорық қызметкері.
Эльмира Джуманова қорықты қорғау жұмысы айтарлықтай жақсы жолға қойылғандығын айтады.
– Қорықпен шектесетін аудандық Полиция бөлімдері мен бірлескен жоспар жасалған. Құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу мақсатында бірлескен мемлекеттік бақылау (рейд) жүргізіледі. Мемлекеттік инспекторлар өздеріне бекітіліп берілген қорық аумағында кестеге сәйкес уақытқа қадағалау жасап, күзету жұмыстарымен браконьерлікті болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Қорық аумағында үш өрт бақылау бекеті орналасқан. Ол жерде инспекторлар мен өрт сөндірушілер кесте бойынша 24 сағат кезекшілікте тұрады, – дейді қорықтың Экология және Туризм бөлімінің басшысы.
Ақсу - Жабағылы қорығы несімен танымал?
Қорықтың ең биік жері теңіз деңгейінен 4238 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңы болып табылады. Бұл шыңның бейнесі жансыз жатқан түйеге ұқсағандықтан жергілікті халық «Ақ түйе өлген» деп атап кеткен.
Одан кейінгі Қасқабұлақ шыңы қорық аумағында теңіз деңгейінен 3000 метр биіктік пен 3200 метр биіктік арасында орналасқан. Қасқабұлақ шыңында екі мыңнан астам қашалып салынған суреттері бар тастар, яғни петроглифтердің әлемдегі ең жоғарғы табиғи галлереясы бар. Жаз айларында аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылынан көрінетін Қасқабұлақ мұздығының төменгі жағындағы аталған жер көне дәуірлерде осында мекен еткен адамдардың бізге қалдырған тарихи мұрасы сияқты. Көне суретшілер тастарға ойып салған бейнелер сол кездегі тіршіліктің қандай деңгейде болғандығын баяндайды. Жартастарда адамдардың тіршілігі, көптеген аңдар мен құстардың, марал, таутеке, арқар, түйе және аңшының суреттері қашалып бейнеленген.
– Бұл жерді жануарлар ғана емес, адамдар мекендеген, мұнда көне заман мәдениеті бар. Ғалымдардың пайымдауынша, суреттердің ең ескілері қола дәуірінде, ал ең соңғылары Ұлы Жібек жолы тұсында салынған. Туристік бағыттардың бірі болып саналатын Қасқабұлақ шыңына қазіргі таңда келуші туристер мен ғалымдардың қызығушылығы жоғары, – дейді Эльмира Джуманова.
Қорықтағы басты өзендерге Ақсу және Жабағылы өзендері жатады. Ақсу өзені 120 шақырымға созылып жатса, Жабығылы өзенінің Ақсудан көлемі кішірек. Өзендер таудағы қалың мұз бен қардан бастау алады.
«Табиғат байлығы – баға жетпес құндылық»
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығын Меңлібеков Айтбек Нарынбайұлы басқарады. Бірнеше жылдан бері қорықты басқарып, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қорық басшысы былай дейді:
– Табиғи қорықтар, бұл – болашақта ұрпақтарға қалдырылатын ең қымбат дүние. Басты мақсат – қорықты қорғау, сақтау мәселесі болып табылады. Қорықтарда туризмді шектеулі түрде жүргізу керек. Қазіргі біздің ұстап отырған бағытымыз дұрыс. Туризмді дамыту деп қорықтарды таптата беруге болмайды. Сондықтан арнайы белгіленген сараптама жүргізілетін, нақтыланған норма бойынша тиісті жерлерге кіргізіп отыру керек. Ұлттық парктер секілді табиғатты тамашалайтын орын ретінде пайдаланбауымыз қажет. Ондай жағдайда табиғатты тоздырып жібереміз. Және де туризм саласына қатысты арнайы мамандарды көбірек дайындау маңызды мәселе, – дейді қорық директоры Айтбек Нарынбайұлы.
Ақсу-Жабағылыдағы сарқырамалар мен палеонтология аймағы
Қорықта Кіші-Қайыңды сарқырамасы бар. Оның көру алаңына қысқа жолмен тік түсіп тамашалауға болады. Көп қабатты каскадтардағы үлкен биіктіктен құлаған судың ағыны өте қатты.
Кіші-Қайыңды сарқырамасы жоғарыдан айқын көрінеді. Оның жарқылы алғашқыда ақырын көлбеңдеп тұрған өзеннің төңірегіндегі гүлдейтін талдар мен қайыңдардың нәзік жасыл түтінінен пайда болады. Кіші – Қайыңды сарқырамасын тау ешкілерінің «перзентханасы» дейді. Мамыр айында ешкілер орман мен өзен алқабына түсетіндіктен солай аталады. Сонымен бірге сарқырама мен шыңның биіктіктерінен тау текелерін, архарларды және қоңыр аюларды көруге болады. Және де табиғатқа көрік беріп тұрған грейг, кауфман қызғалдақтарын да кездестіресіз.
Бәйдібек ауданында «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық учаскелері бар. Ол жерлерде Юра дәуірінің (140 млн жыл бұрын) тіршілік иелерінің – өсімдіктердің, балықтардың, алып кесірткелердің іздері түсіп қалған тастар бар.
Қорықтағы музейдің қызметі
Қорықтың музейінен көптеген мәліметтер алуға болады. Визит орталығы физикалық-географиялық рельеф картадан үлкен залдан басталады. «Уақыт таспасы» жәрдемімен қорық аймағында тіршілік қалай нығайғанын көресіз.
– Бірінші бөлім «Дәуірдің тарихи ізі» деп аталады. «Әулие» және «Қарабастау» деп аталатын екі палеонтологиялық бөлімшелер бар. Бұл жерде Юра дәуірінің сланецтері бір парақ қағаз сияқты жұқа пластинкалардан тұрады. Динозавр Паразауролоф – үйректұмсықты, басында ұзын іші бос айдары бар. Одан кейінгі «Тас шыңға түскен суреттер» деп аталатын бөлімде этнография туралы деректер, «Ұлы Жібек жолы» қорық аймағынан өткені, «Қорық туралы» экспозицияда қорықтың бес белдеуі, минерал тастары және басқалар көрсетілген. Визит орталықтың кіші залы «Биологиялық алуан түрлілікті сақтау» бөлімі деп аталады. Келген қонақтар Қызыл кітапты парақтап, ары қарай сүтқоректілердің, өсімдіктердің, жәндіктердің, қосмекенділердің құстардың суреттерін тамашалай алады. Келесі экспозиция – «Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аймақтары» деп аталатын аспалы жер бедерінің картасы. Бұл карта Қазақстанның қорықтарымен, ұлттық саябақтарымен және басқа ерекше қорғалатын табиғи аймақтармен таныстырады, – деді қорық қызметкері.
Мұнда арнайы балалар бөлмесі бар. Бұл бөлмеде бүлдіршіндер өздерін аюдың апанындағы қонжық, немесе бүркіттің ұясындағы балапан ретінде сезіне алады. «Табиғат танушы – биолог бөлмесінде» бунақденелілер мен өсімдіктердің гербарийлері қойылған. «Диорамалардағы қорықтың жануарлары» бөлімі табиғат мұражайында көрсетілген. Келген қонақтарды диорамалар арқылы жануарлар әлемімен дыбысты дауыстармен таныстырады. Жиналыс залға келген қонақтар Ақсу-Жабағылы қорығы туралы фильмдер көруге, немесе семинарлар, түрлі жиналыстар өткізуге жағдай жасалынған. Балалар алаңында Батыс Тянь-Шань тауының өсімдіктері мен жануарлары әлемімен танысуға мүмкіндік бар.
– Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында жыл сайын, яғни 1999 жылдан бастап сәуір айында бүкіләлемдік Жер күніне орай, табиғатты қорғауға арналған «Парктер шеруі» акциясы өтеді. «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы Қазақстан Республикасы бойынша қорықтар мен ұлттық парктерде 23 наурыз-5 маусым аралығында өткізіледі. Халықаралық «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясына үш ауданның 40-қа жуық мектептері және 12 мыңнан астам оқушылар қатысады. Алдын ала көптеген мектептерге іс-шаралардың бағдарламалары, сонымен қоса шығармашылық байқаулардың хабарландырулары таратылды. «Парктер шеруі» акциясы аясында экологиялық митингілер, экологиялық мерекелер, әңгіме-кеңестер, баяндамалар, тематикалық көрмелер, викториналық сұрақтар, байқаулар, экологиялық диктанттар және сабақтар ұйымдастырылады. Қорықтың Визит орталығында «Ашық есік» күні жарияланып, мектеп оқушылары ұйымдасқан түрде топ-топқа бөлініп мұражайды тегін тамашалайды. «Менің ағашым» акциясы аясында ағаш егу, тазалық жұмыстары жүргізіледі. «Таза өзенге –таза жағалау» акциясы аясында Жабағылы және Құли өзенін бойлап тазалық жұмыстары жүргізіледі, – дейді Эльмира Пердебайқызы.
Шұбайқызыл шоқысында (Қызыл төбе) қызғалдақтардың жаппай гүлдеген мезгілінде Грейг қызғалдақтарын қорғауға арналған бірлескен рейдтер ұйымдастырылады. Визит орталығында оқушылардың салған суреттерінен, қолөнерінен тематикалық көрмелер ұйымдастырылады. Акция соңында ең үздік деп табылған жұмыстар грамоталар және сыйлықтармен марапатталады.
Елімізде табиғат сыйлаған ғажайып орындар жетерлік. Иісі аңқыған гүлдерге толы құлпырған далалар мен биіктігі бұлттармен таласқан жұмбақ таулар әрдайым жұртшылықтың қызығушылығын танытатындығы сөзсіз. Сондықтан тылсым табиғаттың еліміздегі таңғажайып жерлері, шабындықтары мен жайылымдары ең құнды байлық болып қала береді. Ал сол әсем жерлер мен ерекше қорғауға алынған аймақтарда экотуризмді дамыту арқылы еліміздің экономикалық ахуалын арттыруға мүмкіндік мол екені де талассыз.