Жаңалықтар

Экономист: "Әр қазақ несиесіз-ақ бай-бақуатты өмір сүретін күнге жетейік"

Экономист: "Әр қазақ несиесіз-ақ бай-бақуатты өмір сүретін күнге жетейік"
Фото: facebook/Мақсат Сералы 12.07.2024 22:10 634

2024 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.  

Белгілі экономист Мақсат Сералы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Заңға қатысты пікірімен бөлісті. Бұл туралы ол желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Экономистің мәліметінше, бүгінде халықтың әрбірінде бір-бір кредиттен бар.

“Кредиті жоқ қазақ, қазақ па” деп, өзімізге өзіміз күлетін болдық. Тіпті, Ұлттық банктің басшысы Тимур Сүлейменовтің өзі тұтынушылық кредиті бар екенін айтқан болатын. Әрине, егер табысың тұрақты әрі қомақты болса, кедит алып, оны тез арада жаба салуға болады. Бірақ қазіргі кредит мәселесі күлетін жағдайда емес.  Бір несие алып, екіншісін жауып отыр. Соңғы деректерді таппадым, бірақ 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес 8 миллионға жуық қазақстандықтың банкте несиесі бар. Несиенің жалпы сомасы 15 триллион теңгеден асады екен. Осы несиемен байланысты мәселелерді шешу үшін жақында елімізде кредитке байланысты заң қабылданған болатын. Маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды,-делінген жазбада.

Мақсат Сералы заңда халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге бағытталған бірқатар ережелер бар. Экономист ол қандай ережелер екенін атап өтті.

Алдымен, төлемін енгізу тоқтатылғанына 90 күннен асқан берешегі бар адамдарға кепілсіз жаңа тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Бұл тыйым несиені қайта қаржыландыруға жүрмейді. Сондай-ақ әскерге шақырылған жігіттердің кредиті болса, мерзімді әскери қызметін өткеруі кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде оның алған қарызына сыйақы есептелмейді. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға келетін болсақ, енді олар бұған дейін банк меншігіне өтіп кеткен жалдамалы баспанасын кері сатып алу құқығына ие болады. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар мен І, ІІ топ мүгедектерін жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады. Алайда қыс аяқталған соң баспанасын алып қоюуы мүмкін. Коллекторлар, жеке сот орындаушылары, қаржы ұйымдары алып қоя алмайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдағанда борышкердің банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (биыл 43 407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды,-деп жазды экономист.

Жаңа заң жобасындағы жаңашылдықтарының бір бөлігі алаяқтықпен күреске бағытталған. Мысалы, егер онлайн кредитті алаяқтардың рәсімдегені сотта дәлелденсе әрі судья тиісті үкім шығарса, ондай кредиттер кешіріледі.

Біреу кредитін жауып тастаған соң өмірінің мәнін жоғалтып, жұмыс істеуге себеп таппапты деген әзілдерді құлағым шалып қалып жүр. Бірақ не де болса кредит деген жақсы нәрсе емес. Барында кредитсіз өмір сүруге тырысу керек қой. Ал қабылданған заң жақсы екен. Өздеріңіз де бір оқып шығып, мәтінімен танысып көріңіздер, мүмкін керек тұстарын кездестіріп қаласыздар. Әр қазақ несиесіз-ақ бай-бақуатты өмір сүретін күнге жетейік,-деп толықтырды Мақсат Сералы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға