Жаңалықтар

Экология министрлігіндегі аудит: бірнеше млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталды

Экология министрлігіндегі аудит: бірнеше млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталды
Фото: © AP 20.06.2023 12:42 683

Жоғары аудиторлық палатаның отырысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының «Қоршаған орта сапасын арттыру» стратегиялық бағыты бойынша қорытынды шығарылды, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі.

Министрлік қызметінің тексерілетін бағыттарының негізгі проблемалары ретінде қалдықтарды тиімсіз басқару және қоршаған ортаның ластануы атап өтілді. Қазақстанда қалдықтармен айналысатын интеграцияланған жүйесі жоқ. Тұрмыстық қатты қалдықтардың басым бөлігі санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес келмейтін бақылаусыз полигондарға және оларды көму орындарына түседі.

Иесіз қауіпті қалдықтарды басқару мәселелерінде нормативтік реттеуде елеулі кемшіліктер анықталды. Бұл олар бойынша шешім қабылдауды кешіктіруге ықпал етіп, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікті алып тастайды. Соның кесіренен ұрлық, қоршаған ортаның ластануы болады. Мұндай зардаптарды жою үшін қосымша бюджет қаражатын бөлу қажеттігі туындады.

Мемлекет пен оператордың қатысуымен қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытудың қарқыны төмен. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды жоспарлау дұрыстығы мен негізділігі бағаланбаған тарихи деректердің негізінде формальды түрде іске асырылады.

«Жасыл даму» АҚ көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторының міндеттемелерін толық орындамаған, ал министрлік көміртегі бірліктерінің саудасын ұйымдастырудың бірыңғай биржалық алаңын айқындау бойынша шараларды қабылдамаған. Осыған байланысты мемлекет оларды қондырғы операторларымен тең дәрежеде сату құқығын пайдаланбаған.

Өндірушілер мен импорттаушылардің кеңейтілген міндеттемелерінің қолданыстағы жүйесі жарамсыз. Операторда тиісті міндеттемелерге жататын өндірушілердің (импорттаушылардың) саны туралы ақпарат жоқ. Оларды сәйкестендіру мүмкіндігі де жоқ, кәдеге жарату төлемдері іс жүзінде оператордың шотына төленеді.

Экологиялық жобаларды қайта өңдеу төлемдері арқылы қаржыландырудың ашық тетігі жоқ. 15 бағыттың ішінде оператор тек 2 бағытты ғана қаржыландырады.

Жалпы алғанда, тексеру нәтижелері бойынша қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 277 млн теңгені, тиімсіз жоспарлау – 2 млрд 581,1 млн теңгені, тиімсіз пайдалану – 2 млрд 425,7 млн теңгені, жіберіп алған пайда – 4 млрд 677,4 млн теңгені құрап, 20 жүйелік кемшілік анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата Үкіметке, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне, «Жасыл даму» АҚ, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға анықталған кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша тиісті ұсынымдар берді.

Қазір министрлікте мемлекеттік аудит жалғасып жатыр. Оның ішінде табиғат қорғау мәселелері мен халықаралық қарыздар шеңберіндегі «Қазсушар» РМК жобаларын іске асыруға қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға