30 маусымда Астанада басталатын бокстан Әлем кубогының кезеңіне Қазақстан ұлттық құрамасының жас спортшысы Төрехан Сабырхан қатыспайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы ол Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтты. Жас былғары қолғап шебері қазіргі уақытта АҚШ құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқанын және дайындықтың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол өзінің салмақ дәрежесін 67 келіден 70 келіге көтеріп, жаңа салмақтағы мүмкіндіктерін сынап көруге дайындалып жатқанын жеткізді.
Бұл жолы 70 келі салмақта ұлттық құраманың тәжірибелі мүшесі Абылайхан ағамыз өнер көрсетеді. Оның осы салмақтағы тәжірибесі мол, ал бапкердің шешімі біз үшін заң. Мен әзірге бұл салмақта екінші нөмірлі спортшымын, – деді Сабырхан.
Ол алдағы уақытта өтетін 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатына қатысуға ниетті екенін де жасырмады. Жас спортшының айтуынша, жаңа салмаққа бейімделу кезеңі сәтті өтсе, үлкен додаларда өзін дәлелдеуге дайын.

