Жаңалықтар

Екібастұздағы құбырлардың жарамсыздығы күзде айтылған - вице-министр

Екібастұздағы құбырлардың жарамсыздығы күзде айтылған - вице-министр
Фото: baq.kz 27.11.2022 16:55 1278

Екібастұздағы апатқа байланысты ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов түсініктеме берді.  Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Ең алдымен апат жылу жүйесінде шыққан, қазандықтар қорғаныс жүйесіне байланысты олар да істен шықты. Бастапқыда бір қазандық, кейін бірден үш қазандық істен шықты. Екі қазандық қана жұмыс істеп тұрды. Таңертен ЖЭО мамандары екі қазандықты іске қосты, түсте тағы бір қазандықты қосты. Қазіргі таңда қалада 5 қазандық іске қосулы тұр. Апаттың шығу себебіне байланысты қазіргі таңда 23 болжамды ақпарат бар. Қазандықтардағы апат зерттеліп жатыр, белгілі болғаннан кейін ғана залалды толық жою қашан аяқталатынын айта аламыз», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, күзде жылу маусымына дайындықты тексеру барысында республикалық жұмыс тобы құрылған кезде «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басшыларымен, қадағалау комитетімен өңірлерде бірнеше рет кездескендігін атап өтті.  

«Қалаға келіп тексеріс кезінде де құбырлардың жағдайы өте нашар екендігі айтылған. Соның нәтижесін енді көріп жатырмыз. Бұл жерде мәселе, кімнің кінәлілігін табу емес, мәселені тез арада шешу болып табылады. 100-ден астам ғимарат жылусыз қалды. Арасында мектеп пен балалаөшалар бар. Екібастұздағы құбырлардың желілігі 370 км созылып жатыр. Соларды қалпына келтіру үшін жұмыстар жасалып жатыр», - деді Жандос Нұрмағанбетов.

Сондай-ақ, бұл мәселе туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовта жай-жапсарды түсіндірді.

«Қаладағы ауруханаларды, мектептерді және балалар үйін аралап шықтым. Ауруханаларда орташа температура 22 градусты көрсетіп тұр. Емделушілер де ешқайда бармаймыз деп отыр. Негізі жағдай жасалған. Ал, балалар үйі суық болғандықтан, оларды автобусқа отырғызып Павлодарға жеткіздік. Қазіргі таңда ең бастысы су желілеріндегі судың қысымы азайды. Қазір Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі апат орын алған жерге бригадамызбен барамыз,  ол жерде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Жөндеу жұмыстары түннен бастап ұйымдастырылды. Қаладағы барлық ірі магистральды жерлерді қарап шықтық. 15 шақты залал апатты жерлерде анықталып отыр. Олардың тоғызы жойылды. Қалған алтысында жұмыс әлі жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда 1200 тонна су тұтыны 700-ге дейін төмендеді. Яғни, 3/1 бөлігі төмендеді. Тағы да 3/1 бөлігін төмендетсек, жылу беру жүйесі қалпына келеді деп айтуға болады. Бірақ, барлығы қай уақыт аралығында қалпына келетіндігін айта алмаймыз, себебі апатты жағдайды толығымен жою үшін бізге әлі де уақыт керек. Таңертен 1 жылу беру қазандығы іске қосылды. Таңғы 08:00-ге дейін 44 градус жылу беру жүйесінде болды. Содан кейін 13:30-да тағы бір жылу беретін қазандықты іске қостық. Температураны 51 градусқа дейін көтердік. Қазіргі таңда үшінші жылу беру қазандығы іске қосылды. Қазір 66 градус жүйеде бар. Оны тағы да 70 градусқа дейін көтеру жоспарда бар. Қазіргі таңда 130 көпқабатты үй жылусыз қалды»,- деді ол.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға