Екібастұзда жөндеу жұмыстарына орай 170 тұрғын үйде жылу өшіріледі
Екібастұзда жөндеу жұмыстарына байланысты 170-тен астам үй уақытша жылудан ажыратылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС хабарлауынша, 16 қаңтарда сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін жылу желісінің учаскесін ауыстыруға байланысты Амангелді көшесінен Бұқар жырау көшесіне қарай орамішілік жылу желісі ажыратылады.
Сол күні сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін жерасты қондырғысындағы жылу желілерін ауыстыруға байланысты НО-19И-ден Дружбы көшесі, 20-ға қарай орамішілік жылу желісі ажыратылады. Жөндеу жұмыстары кезінде 74 жеке үйге жылу беру тоқтатылады.
Айта кетейік, 16 қаңтарда Павлодар облысында ескерту жарияланған болатын. Қазгидрометтің хабарлауынша, өңірде бұрқасын соғады. Облыстың солтүстігінде батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.