Екібастұзда жалған дипломмен жұмысқа тұрмақ болған медбике ұсталды
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден
17.09.2023 17:22
752
Екібастұз қаласында медбикенің "Емдеу ісі" мамандығы бойынша дипломды қолдан жасағаны анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұзда қала тұрғыны медбике мамандығы бойынша жұмысқа орналасу кезінде медициналық қызмет және клиникалық практикаға қабылдау үшін "Емдеу ісі" мамандығы бойынша Қарағанды облыстық жоғары медбикелер колледжі берген дипломды қолдан жасаған көрінеді.
Қылмыстық кодекстің 385-бабы (Құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе сату) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Рашад Өтеуов.
Осы бап бойынша кінәлі деп танылғандарға 2000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 2023 жылы оның мөлшері 3450 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Облыс тұрғындары құжаттардың барлық түрін, атап айтқанда, балалардың туу туралы куәліктерін, келісімшарттарды, анықтамаларды, куәліктерді, көлік пен мүлік құжаттарын, оның ішінде жоғары білім туралы дипломдарды қолдан жасайды. Бүгінде облыстық полиция департаменті 59 жалған құжатты тіркеген екен.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға