Екібастұзда этнос өкілі оқушыларға музыка арқылы қазақ тілін үйретіп жүр
Екібастұзда №35 мектеп-гимназиясы жанынан ұйымдастырылған «Асыл мұра» клубында этнос өкілі, қазақ тілінің мұғалімі Виктория Кожамбердина жетекшілік етеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол домбыра кабинетінің ашылуына бастамашы болып, қазақ халқының музыкасы мен мәдени мұрасы арқылы оқушыларды және олардың ата-аналарын мемлекеттік тілге үйретуде. Олар салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарын танып қана қоймай, музыкалық аспапта ойнауға дағдыланатын болады.
Кабинетіміздің есігі қазақ тілін үйренгісі және халқымыздың төл мәдениетімен танысқысы келетін барша қауым үшін айқара ашық. Еліміздің әр азаматы осы құндылықтарымызды білуі тиіс деп санаймын. Домбыраға, ұлттық ойындарға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Алдыма келетін балдырғандардан өзімді көремін. Тілге деген махаббатым қазақ ортасында қалыптасып, бұған қазақ мектебіндегі ұстаздарым да өз септігін тигізді, – дейді қазақ тілінің маманы.
Педагог бастамасын мектеп басшылығы мен облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов қолдаған. Домбыра кабинетінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен жабдықталды.
Қалалық білім беру бөлімінде ұлттық мәдениетті жаңғырту және насихаттау жобасы аясында домбыра кабинеттері Екібастұз қаласының 30-дан астам мектебінде ашылғанын айтады.