Жаңалықтар

Екібастұз жастары «JASTARx» сараптамалық алаңында ой бөлісті

Екібастұз жастары «JASTARx» сараптамалық алаңында ой бөлісті
Фото: «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 22.09.2023 11:39 868

21 қыркүйекте Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «JASTARx» сараптамалық алаңының бесінші кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

«Адал Азамат: мәдениеттіліктің негізі неде?» тақырыбында әрбір тұлғаның бойындағы мәдениеттілікті қалыптастыратын және оны арттыратын негізгі факторлар талқыланды.

Сараптамалық алаңда JCI Ltd жеке компаниясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «Қайнар» БДО-дағы мектеп кәсіпкерлігі бойынша стартап-клубтың негізін қалаушы, педагог-ұйымдастырушы Айдана Жұмабекова, «АMANAT» партиясы Павлодар қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық маслихат депутаты, депутаттық фракция басшысы Санира Жүсіпова, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі менеджері Гульжамиля Камарова сөз сөйледі.

Бүгінгі таңда креативті индустрияның қайнаған ортасы Жайдарман ойындарының жастар бойындағы мәдениеттілік негіздерін қалыптастырудағы рөлі үлкен. Креативті индустрияның қазіргі таңдағы кадрлық ұстаханасы жайдарманшылардан құралуда. Жайдарман түлектері қоғамның әр саласында сәтті қызмет атқарып жүр. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының мәдениеттілік негіздерін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосуда. Өйткені Жайдарманның басты құндылықтарының бірі – мәдениеттілік, - деді JCI Ltd жеке компаниясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай.

Ал Айдана Жұмабекова мәдениеттілік негіздерін қалыптастыруда білімнің алатын орны туралы кеңінен талқылады.

Жай ғана ел қатарлы оқып, диплом ала салу жеткіліксіз. Өзіңнің білім алу жолыңды сатылай құру, іздену, еңбектену, білімге тәрбие негіздерін қосу маңызды. Неліктен мәдениеттілік білімнен көрініс табады? Өйткені білімді адам өзінің оқуға жұмсаған уақыты мен күшінің қадірін біледі. Сондықтан ешқашан мәдениетсіздікке жол бермейді, - деді ол.

Осы турасында «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі менеджері Гульжамиля Камарова «Өзіңді, өзгелерді, тұратын жеріңді, айналаңды сыйлау, қоршаған ортамен ізгі қарым-қатынас құру – мәдениеттіліктің негізі. Мұндай қасиеттерді адамның бойына бала кезден сіңірген жөн», - деді.

Кездесу соңында Екібастұз қаласының əкімі Аян Бейсекин сараптамалық алаңды ұйымдастырушы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, іс-шараға Екібастұз қаласының əкімі Аян Бейсекин, оның орынбасары Бибігүл Иманғалиева, Екібастұз қаласы ЖБДО директоры, қалалық мəслихат депутаты Еркін Құсан, сонымен қатар жас сарапшылар, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға