Жаңалықтар

Екі балақайға екінші өмір сыйлаған жауынгер

Бүгінгінің батырлары
07.05.2016 07:30 4642

Дидар Базарбаевты өскемендіктер ерекше құрметтейді. Неге дейсіз бе? Өйткені, осыдан 7 жыл бұрын Дидар өзінің Манат есімді досымен бірге екі бүлдіршінді ажал аузынан аман алып қалды. Осы ерліктен кейін ол «Ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталған.

Екі балақайға екінші өмір сыйлаған жауынгер

Бәрін басынан бастайық. Жаздың жайдары күндерінің бірінде Дидар мен Манат жаттығудан келе жатады. Екі жігіт әлдебір үйдің терезесінен түтін шығып жатқанын байқайды. Ең қызығы, көшеде жүрген кісілердің бәрі осы көріністі көрсе де, көрмегенсіп, бейқам жүр екен. Одан әрі оқиға қалай өрбігенін Дидар былай баяндайды:

–       Жүгіріп барып, есікті тарсылдатсам, ешкім ашпайды. Үйде бір кішкентай бала жүгіріп жүр. Досымның иығына шығып, әйнекті сындырып, ішке кірдім. Бала маған әлденені ымдап түсіндіргісі келгенімен, жарытып ештеңе айта алмады. Жалма-жан жерге қарасам, тағы бір бүлдіршін ес-түссіз жатыр екен. Түтінге уланып қалыпты. Екі баланы көтеріп, далаға шықтық. Біреуі – төрт жаста, біреуі – бес жаста. Үйге кірер алдында өрт сөндіру қызметіне хабарласқанбыз. Бір кезде олар да келіп жетті.

Екі бүлдіршіннің анасы Рысқайша Молдаханова жұмыстан келгенде, үйінің толықтай жанып кеткенін көреді. Бірақ, өзінің қос құлыны құлдыраңдап алдынан шыққанда, ана жүрегі солардың аман қалғанына шүкірлік етеді. Кейін белгілі болғандай, Нұрсұлтан да, Эрнес те туғалы сөйлемейтін мүмкіндігі шектеулі балалар екен.

Біздің «осы ісіңізді ерлік деп санайсыз ба?» деген сұрағымызға Дидар былайша жауап берді:

–       Білмеймін. Дәл сол сәтте ерлік туралы ойлауға шамам болған жоқ. Ойланбастан көмекке ұмтылуыма ата-анамның тәрбиесі, командирдің темірдей тәртібі және физикалық дайындығым әсер еткен болуы керек. Бастысы, балаларды құтқарып қалғанымызға қуанамын. Көздері жасаурап, алдымнан атып шыққанда, мені өз әкесін көргендей құшақтағаны есімнен кетпейді.

Асүй, қонақ бөлмесі, бәрі лапылдап жанып жатыр екен. Балалардың өмірі қыл үстінде тұрғанда ешкім де бей-жай қарай қоймас деп ойлаймын. Құдай сақтасын, бірақ, қиын жағдайға кез келген адам душар болуы мүмкін.

Дидар мұндай жағдайда кез келген азамат  өрт сөндіру қызметін шақырып, қолұшын соза алады деп есептейді. Оның ойынша, ерлік деген – адам құтқару ғана емес, қиын шақта өзгелерге шын ниетпен көмектесу.

Кейіпкеріміз жақында ғана жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа ауысты. Бұрынғы аға барлаушы қазір полиция инспекторы атанды. Бастысы, ол қай жерге барса да, тәртіп пен тыныштық үшін қалтқысыз қызмет етеді.


Роза ӘРЕН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға