Екі жерде жұмыс істеуге қатысты шектеулер: заң не дейді, жауапкершілік кімге жүктеледі?
Қазақстанда азаматтарға екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге тыйым жоқ. Алайда бұл мүмкіндік бұдан былай нақты шарттармен шектеледі. Айталық, мемлекеттік қызметшілер мен кәмелетке толмағандарға қосымша жұмыс істеуге болмайды. Мемқызметкерлерге тек педагогикалық немесе ғылыми қызметпен айналысуға ғана рұқсат етіледі. Одан қалды мұғалімдерге қатысты да талаптар бар. Бұл дегеніміз – бұдан былай жұмыс уақыты, мәртебе және құжаттандыру қатаң бақылауда болады деген сөз. Осы орайда мұның бәрі түптің түбінде табысты жасыруға әкелмей ме деген заңды сауал туындайды. Ендеше бүгін осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтейік.
Бірнеше жұмыс орнына қатысты заң талаптары
Қазақстанда еңбек кодексі бойынша азаматтарға бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеуге рұқсат етілген, алайда еңбек уақытына қатысты нақты шектеулер бар. Жалпы еңбек күні (негізгі жұмыс пен қосымша жұмыс) тәулігіне 12 сағаттан аспауы тиіс: негізгі жұмыс – 8 сағат, қосымша жұмыс – ең көбі 4 сағат. Яғни адам бір жұмыс орнында толық штаттық (8 сағаттық) жүктемемен жұмыс істесе, екінші жұмысын тек қосымша ғана атқара алады. Бұл норманың бұзылуы заң талаптарына қайшы келеді. Соған сай, толық жұмыс кестесімен екі жерде қызмет ету заңмен қатаң тыйым салынған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин былай деген болатын:
Қазір еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде бұл мәліметтер нақты бақыланып отыр. Еңбек кодексі бойынша адам бірнеше жерде бір уақытта толық жүктемемен істей алмайды. Мысалы, егер бір мекемеде толық жүктемемен жұмыс істесе, онда басқа жерде тек қосымша жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Мұндай жағдайлар бірыңғай жүйе арқылы бақыланып отырады, ал ақпарат еңбек инспекторларына жолданады, – деді Анафин.
Еңбек қатынастарын цифрландыру мен бақылаудың күшеюі бұл мәселеге жаңаша көзқарас қалыптастырды. Әсіресе «тәулігіне 12 сағат» деген шек қоғамда көп сұрақ туғызуда. Заңгерлердің айтуынша, бұл талапты айналып өткісі келетіндер де жоқ емес.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбек мемлекет тарапынан тексеру мен талаптың қатаңдауына тұрғындардың өрескел бұзушылықтарға жол беруі себеп болғанын айтады. Себебі бұған дейін бала күтіміне байланысты төлемдерді мейлінше көбірек алу үшін кейбір тұрғындар салық түсімдері арқылы 15 жерде жұмыс істегенін көрсеткен.
Алдыңғы жылдары елімізде декреттік төлемдерге қатысты даулы жағдайлар болды. Мен өзім сол процестің ішінде болдым. Кейбір азаматтар бір мезетте 10-15 жұмыс орнынан табыс таптым деп көрсетіп, салық төлеп, соның есебінен 5-10 миллион теңгеге дейін декреттік төлем алып жатты. Бұл – заңдағы олқылықтарды айқын көрсеткен мысалдардың бірі.
Мұнда басты мақсат – шектеу қою емес, нақты әрі түсінікті ережелерді енгізу. Өйткені адамның жалақысы оның нақты істеген сағатына, жүктемесіне байланысты есептелуі керек. Логикалық тұрғыдан алғанда, бір адам бір мезетте бірнеше мекемеде толық 8 сағаттық жүктемемен жұмыс істеуі мүмкін емес. Осыны ескере отырып, қатаң тыйым салғаннан гөрі, еңбек пен салық жүйесін жаңа талаптарға сай қайта қарастыру орынды, – дейді ол.
Ал «Adilzanger» заң консультанттары палатасының мүшесі, заңгер Бауыржан Айымбетовтің түсіндіруінше, мәселенің түйіні – жұмыс орнының саны емес, еңбек уақытының шекті мөлшері. Ол мұның бәрі Еңбек кодексінде нақты көрсетілгенін де тілге тиек етті.
Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес, қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс, ал күнделікті жұмыс уақыты, әдетте, 8 сағат болып есептеледі. Ал негізгі жұмыстан тыс атқарылатын қосымша жұмыс (қоса атқаратын жұмыс, үстеме жұмыс) заңмен шектеледі.
Еңбек кодексінің 78-бабына сәйкес, үстеме жұмысқа қызметкерді тартуға тек ерекше жағдайларда және оның келісімімен ғана жол беріледі. Үстеме жұмыс уақыты күніне 2 сағаттан, ал ауыр және зиянды еңбек жағдайларында 1 сағаттан аспауы тиіс, – дейді маман.
Осы нормалар кешенді түрде талдағанда, заңда жиі айтылатын «тәулігіне 12 сағат» деген шек туындайды.
Тыйыммен емес, ережемен нақтылау
Дегенмен Нұрсұлтан Орынбек уақыт жағына қатысты шектеуге бүгінгідей онлайн жұмыс істеуге болатын заманда басқаша қарау керектігін алға тартады. Сондықтан оны тыйыммен емес, ережемен нақтылау керек деп санайды.
Қазіргі таңда өмір сүру сапасын арттыру үшін көптеген азамат бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Өзіміз де осы жағдайды бастан өткеріп жүрген жандардың қатарындамыз. Бүгінде уақытты тиімді басқару, яғни тайм-менеджмент ұғымы мүлде жаңа деңгейге шықты. Онлайн форматтағы жұмыс процестері көптеген істі жеңілдетіп, бір мезетте бірнеше табыс көзін қатар алып жүруге мүмкіндік беріп отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, еңбекке қатысты қатаң шектеулер енгізу еңбек еркіндігі мен азаматтың табыс табу құқығына қайшы келуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тыйым салу немесе шектеу арқылы емес, керісінше, нақты әрі әділ ережелер енгізу арқылы реттеу қажет деп санаймыз. Заңнамада бұл бағытта қайта қарауды талап ететін тұстар бар, – деді ол.
2025 жылдың қыркүйегінен бері мемлекеттік бақылау күшейіп, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай тіркеу жүйесі арқылы екі жұмыс орнындағы толық жүктемелер анықталуда. Вице-министр Олжас Анафин бұл азаматтардың формалды түрде ғана жұмысқа орналасу жағдайлары болмас үшін жасалып жатқанын түсіндірді.
Яғни құжат жүзінде жұмыс істейді деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ешқандай қызмет атқармау жағдайлары анықталмақ, – деп нақтылады ведомство өкілі.
Естеріңізде болса, мұндай дау білім ордаларына қатысты да туындаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысында жекеменшік мектептерде бірқатар «сұр схема» анықталғанын алға тартқан болатын.
Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде, – деді министр.
Жалпы, еңбек қатынастарын цифрландыру аясында жұмыс берушілер барлық еңбек келісімшарттарын арнайы электрондық жүйеге енгізуге міндеттелді. Алайда жүйеде әзірге 7 миллионнан астам жұмыскердің тек 4 миллионы тіркеліп үлгерген; қалғандары қызмет көрсету келісімшарты немесе басқа форматтағы құжаттармен жұмыс істеуде.
Заң бұзылса, жауапкершілік кімге жүктеледі?
Кейбір қызметкерлер іс жүзінде 12 сағаттан артық жұмыс істегенімен, құжат жүзінде бұл көрсетілмей қалады. Мұндай жағдайда жауапкершілік кімге жүктеледі? Заңгер Бауыржан Айымбетов бұл сұраққа қатысты былай дейді:
Егер іс жүзінде қызметкер тәулігіне 12 сағаттан артық жұмыс істесе, бірақ бұл факт еңбек шартында немесе жұмыс уақытының есебінде көрсетілмесе, мұндай жағдайда құқықтық жауапкершілік қызметкерге емес, жұмыс берушіге жүктеледі.
Себебі жұмыс уақытын есепке алу – жұмыс берушінің тікелей міндеті.
ҚР Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес, жұмыс уақытының нақты есебін жүргізу, қызметкердің жұмысқа келуі мен кетуін, негізгі және үстеме сағаттарын дұрыс тіркеу – тікелей жұмыс берушінің міндеті. Қосымша жұмыс тәулігіне 4 сағаттан асып кетсе немесе заңда белгіленген айлық және жылдық шектерден артық орындалса, бұл Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының тікелей бұзылуы болып табылады. Мұндай жағдайда қызметкердің өзі жауапкершілікке тартылмайды, өйткені ол еңбек қатынастарында әлсіз тарап ретінде қаралады. Қызметкердің нақты жұмыс істеген уақытын заңға қайшы түрде жасыру немесе құжатта азайтып көрсету жұмыс берушінің құқыққа қарсы әрекеті болып есептеледі, – деді заңгер Бауыржан Әбдімұратұлы.
Оның сөзінше, мұндай заңбұзушылықтар үшін жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады: айыппұл салынып, еңбек инспекциясының нұсқамалары берілуі мүмкін, сондай-ақ қызметкердің бұзылған құқықтары қалпына келтіріледі.
Педагогтер мен мемлекеттік қызметшілерге қатысты шектеулер
Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев мұғалім бірнеше жерде жұмыс істеуге құқылы екенін, тек сағат саны реттелген болуы керектігін алға тартты.
Жұмыс істеуге шектеу жоқ, бірақ сағат мәселесі бар. Әрбір мұғалімнің қанша сағат алатыны алдын ала нақтыланған. Егер ол үш мектептен де бірдей мөлшерде табыс тауып жатса және толық жұмыс күні көрсетілген болса, онда жемқорлық әрекеттері бар екені байқалады. Ал егер сағат мәселесі заңмен шешілген болса, оған тыйым жоқ, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Еңбек кодексі мен басқа да заңнамада бірнеше жұмысқа қатысты арнайы шектеулер қарастырылған.
Өзекті шектеулер:
- 18 жастан кіші және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер: қосымша жұмыс істеуіне заң жол бермейді.
- Мемлекеттік қызметшілер: заң мемлекеттік қызметшілерге жеке қосымша жұмысты шектейді; олар тек педагогикалық, ғылыми және шығармашылық бағыттағы қызметпен айналыса алады.
- Жалпы еңбек уақыты: күнделікті жалпы жұмыс уақыты (негізгі + қосымша) 12 сағаттан аспауы тиіс. Егер негізгі жұмыс орны толық жүктемемен болса, екінші жұмыс міндетті түрде қосалқы негізде ғана болуы қажет.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те азаматтың бірнеше жерде жұмыс істеуге құқығы бар екенін, тек оның бәрі заң шеңберінде болуы керектігін еске салды.
Екі жерде жұмыс істеу қылмыс емес. Қажет болса, тіпті үш жерде жұмыс істесін. Бастысы, мұның бәрі заң аясында болуы қажет, – дейді депутат Аймағамбетов.
Мұғалімдердің бірнеше жерде жұмыс істеп, табыс табуына қатысты тыйымның жоқтығын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев та растаған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жоғары табысты және бірнеше жұмыс істейтін қызметкерлерге енгізілген осындай шектеулер, ең алдымен, еңбек уақытының асып кетпеуін қамтамасыз етіп, жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған. Мұғалімдер қауымына келер болсақ, заң бойынша оқытушылық қызметіне байланысты сабақ жүргізу рұқсат етілгендіктен, олар жеке сабақтар немесе курстар өткізе алады, алайда бұл қызметтің жалпы жұмыс уақыты заң шеңберінде қалыптаса, салықтық және еңбек саласындағы жаңа нормалар оларға да қатысты болады.
Табысы көптердің салығы да артады
Келесі жылдан бастап елімізде жоғары табыс алатын және бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтар үшін салық көлемі артады. Жаңа жылдан бастап айлық табысы 3 миллион теңгеден асатын қызметкерлер 10 емес, 15% мөлшерлемемен салық төлейтін болады.
Қаржы министрлігі мен Кірістер комитеті мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдан бастап жеке табыс салығы (ЖТС) үшін прогрессивті шкала енгізілмек: жылдық кірісі 36 миллион теңгеге (айына шамамен 3 миллион) дейінгі азаматтар бұрынғыдай 10% мөлшерлемемен салық төлейді, ал осы шекті асыратын табыстың үстінен 15% ставка қолданылады. Яғни, мысалы, жылдық табысы 40 млн теңге болған адам алғашқы 36 млн теңге бойынша – 10%, қалған 4 млн теңгеге 15% салық төлейді.
Егер азамат бір жерден ғана емес, бірнеше көзден табыс тауып, жалпы жылдық кірісі 36 млн-нан асса, 10% ұсталым жасалғаннан кейін жетіспей қалған 5%-ды қосымша декларация арқылы өзі төлеуі керек болады. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың сөзінше, бұл өзгеріс барлық жұмысшыларға емес, тек еңбекақысы жоғары және қосымша табысы бар азаматтарға әсер етеді, қалғандардың салықтық жүктемесі бұрынғы күйінде қалады.
Қазір бізде жеке табыс салығының бірыңғай 10 пайыздық мөлшерлемесі қолданылады. Ал келесі жылдан бастап табысы 36 млн теңгеге жеткен азаматтар үшін 15 пайыздық ставка енгізіледі. Егер адам бірнеше жерде жұмыс істеп, жылдық табысы осы шектен асып кетсе, ол салық декларациясын тапсыруға міндетті, – деді ол журналистерге.
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі бойынша жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
10% – табыс 8 500 АЕК-ке дейінгі сомаға (2026 жылға 1 АЕК – 4 325 теңге, 8 500 АЕК – 36 762 500 теңге);
15% – 8 500 АЕК-тен асатын табысқа.
Ал ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің сөзіне қарағанда, елімізде айына 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатын адамдар көп емес.
Салық декларациясы деректеріне сәйкес, Қазақстанда айына 3 млн теңгеден асатын жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар, – деді Әмрин.
Бірақ заңгер Нұрсұлтан Орынбек бұл әрекеттер табысын жасыратындар санының артуына себеп болуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.
Мысалы, 36 миллион теңгеден асатын табысқа қатысты салықтың өсуі белгілі бір деңгейде табысты жасыруға итермелеуі мүмкін. Иә, бұл шара табыс теңсіздігін азайту үшін енгізіліп отыр. Алайда оның кері әсері де бар. Президент көлеңкелі экономиканы азайту, ашықтықты арттыру қажеттігін айтып келеді. Ал мұндай өзгерістер, әсіресе жеке кәсіпкерлер, фрилансерлер мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін тәуекел тудырады, – дейді ол.
Заңгер мұндайда тұрғындар салықтың қайда, қалай жұмсалып жатқанын білуі керек деп санайды.
Мәселенің түп-төркіні – халықтың салық жүйесіне деген сенімінде. Әрине, табысты жасыруды ақтауға болмайды. Бірақ адамдар салықтың қалай және қайда жұмсалып жатқанын көрмесе, жемқорлық фактілері азаймаса, салық төлеуге деген ниет те әлсірейді. Егер мемлекет жиналған салықты халықтың әл-ауқатын арттыруға, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттай алса, үш миллион теңге табатын адам оның 15 пайызын салыққа төлеуден қашпас еді.
Ал, керісінше, жемқорлық фактілері тоқтамай, мемлекет пен бизнес арасындағы кері байланыс әлсіз болса, азаматтардың адал табысынан бөліп беруге деген сенімі азаяды. Сондықтан бұл жерде басты мәселе – салық мөлшерінде емес, сенімде және ашықтықта, – деп нақтылады Нұрсұлтан Орынбек.
Айта кетерлігі, елде орташа жалақы өсіп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің 2026-2028 жылдарға арналған болжамына сәйкес, 2025 жылы орташа айлық жалақы шамамен 423 133 теңгені құраса, 2028 жылы бұл көрсеткіш 604 963 теңгеге жетеді. Табыс өскен сайын «жоғары табыс – жоғары салық» деген принцип енгізілуде, яғни кірісі жоғары азаматтардан қосымша салық жинау әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған. Бұл реформаның мақсаты – барлығына бірдей 10% мөлшерлеме сақталып, тек 3 млн теңгеден асатын табысты адамдар ғана қосымша салық төлесін деген саяси келісімге негізделген.

