Екі құрлықтың ортасында орналасқан Ақтөбе қаласына - 150 жыл
Қазақтың дархан даласы ежелден-ақ тарихтың теперішін көрген әртүрлі халықтар өкілдерін бауырына басып келеді. Ұлы даланың халқы діні мен түрі бөлек әртүрлі ұлттардың бір жер, бір өлкеде өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтап, оны дамыту жолында және жанындағы ұлыстардың рухани жетістіктерін кемсітпей, өзара келісіммен бейбіт өмір сүре алатындығын дәлелдеп шықты.
Бүгінде әлем жұртшылығы Тәуелсіз елімізді 130-дан астам ұлттар өзара келісім мен бейбіт ғұмыр кешіп жатқан ел ретінде танып, біледі. Солардың бір бөлшегі қазіргі таңда киелі Ақтөбе өңірінде бақытты өмір кешуде.
Ақтөбе аймағы – тоқсандай ұлттың қарашаңырағы. Мұнда жүз жылға жуық уақыт бұрын басына күн туып, кеңпейілді қазақтың жерін паналап, тың игеру жылдары түкпір-түкпірден жер аударған көптеген ұлт өкілдері тұрады.
Бертін келе жүгін тиеп, тарихи жерлеріне қайта оралған ұлттар аз уақыттан соң-ақ ол жерді жатсынып, туған жері - Қазақстанға, Ақтөбеге қайтып келіп жатқандары туралы мысалдар қаншама. Бүгінгі таңда Ақтөбеде 90-дай ұлт өкілдерінің 18-інің этномәдени бірлестіктері бар. Олар Ақтөбе облысы ҚХА құрамына еніп отыр. Бастапқыда чех, кәріс, неміс және орыс қоғамдары болса, бертін келе олардың саны артып, бүгінде ұзын саны он сегізге келіп жығылады.
Бүгінде шаһардағы «Қоғамдық келісім» мекемесі олардың ортақ баспанасына айналып отыр. Татулық пен тұрақтылықты басты қағидат еткен «Қоғамдық келісімнің» Жалпы аумағы 4369,3 шаршы метр. Ғимарат қазіргі таңдағы жұмыс жасауға қажетті заманауи техникалармен толыққанды қамтамасыз етілген.
Атап айтар болсақ, мәдени-қоғамдық шаралар өткізілетін орын болып саналатын бұл ғимаратта ауқымды іс шараларды өткізуге арналған көрермендер залы мен салтанат залы бар. Сонымен қатар, көрермендерге ыңғайлы болуы үшін сахнада LED экран орналастырылып, күшейткіш дыбыстық техника мен арнайы жарықтар қондырылған.
Сондай-ақ, аталмыш мекеме ғимаратының ішінде этномәдени бірлестіктердің мұражайы, хореография залы мен медиация кабинеті, жексенбілік мектептер мен Аналар және «Бірлік» ақсақалдар Кеңесі, ғылыми сараптама тобы мен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы жұмыс жасайды.
Бүгінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің мәжіліс залдары күрмеуі қиын мәселелерді шешуге арналған алаңға айналып отыр. Аптасына бірнеше мәрте бұл жерде әртүрлі тақырыпта жиындар өткізіліп, кез келген сұраққа жауап алынады.
Бұған қоса бейбітшілік салтанат құрған елімізде өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттап жүрген татулық ордасында көненің көзіндей болған әр этномәдени бірлестіктердің ұлттық киімдері мен аспаптары, тарихи жәдігерлері сақталған. Көп ұлтты мекен еткен Қазақстанда тойланатын әр этномәдени бірлестіктердің дәстүрлі мерекелері де жыл сайын Қоғамдық келісімде аталып өтеді.
Атап айтар болсақ, күллі түркі халқының ұлттық мерекесі Наурыз, мұсылман қауымының Құрбан айт мейрамы мен христиандардың Рождество, Пасха және корей халқының Сольналь және тағы басқалары атап өтіледі. Өңірде тойланатын атаулы мерекелердің барлығы дерлігі этнос өкілдерінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымен өзара ауызбіршілікте өтіп, достық қарым-қатынастарының нығая түсуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қоғамдық келісім мекемесінде 18 этномәдени бірлестіктің әрқайсысының жеке кабинеттері бар. Мұнда олар өздерінің татулықтарын сақтау мақсатында, сондай-ақ, мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізіп тұрады.
Қазіргі күні тәуелсіз елімізде тұрақтылық пен ұлттар арасындағы татулық таптырмас қоғам құндылығы болып саналады. Себебі, тұрақтылық пен татулық тәуелсіздігіміздің басты тұғыры, биік шыңы,болашақтың алтын кілті іспетті. Ал, Ақтөбедегі «Қоғамдық келісім» мекемесі этносаралық, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты іске асыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Осы орайда біз өңірдегі этномәдени бірлестіктердің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ұлттар арасындағы татулықты нығайтуда атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытгүл Амангелдіқызы Снабаевамен сұхбаттасып, сұрап көрген едік.
- Бақытгүл Амангелдіқызы, ұлттар арасындағы татулықтың айнасы болған аймақтық «Қоғамдық келісім» мекемесінің негізгі міндеті мен мақсаты қандай?
- Ақтөбедегі «Қоғамдық келісім» мекемесі жұмысының басты міндеті - ұлттар арасындағы татулық пен келісімді нығайту, өңірімізде тұрып жатқан әр ұлттың тарихи дамуына мүмкіндік беріп, этномәдени бірлестіктердің ынтымағын арттыру жолында қызмет ету. Береке, бірлік, татулықты басты қағидат еткен дәл біздің мекеме саналады.
Ақтөбе облысының этномәдени бірлестіктерінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын насихаттау мақсатында жұмыс жасап келеді.
- «Қоғамдық келісім» КММ-нің құрылымына қысқаша тоқталып өтсеңіз...
- 2015 жылы Ақтөбе облысы ҚХА жанынан Қоғамдық келісім Кеңесі, Аналар Кеңесі мен Ақсақалдар Кеңесі құрылды. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы өз алдарына қойған мақсаттары жолында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Бүгінгі күні облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім Кеңесінің құрамында 18 адам, Аналар Кеңесінде 15, «Бірлік» Ақсақалдар Кеңесінің құрамында 26 адам бар.
Осы құрылған Кеңестердің әрқайсысы да өңірде белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Олардың ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер, кездесулер мен маңызы зор іс-шаралар өткізіледі. Ал, 2015 жылы ашылған «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кабинеті азаматтарға тегін қабылдаулар жүргізеді.
Медиация орталығы дауларды сотқа дейін жеткізбей реттеуге және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетуге жұмыс жасайды. Қазіргі таңда облыс бойынша аудандар мен округтерде 46 медиация кабинеттері ашылып, 11 кәсіби медиатор мен 188 кәсіпқой емес медиаторлар халыққа қызмет етуде.
Сонымен қатар, 2018 жылдың наурыз айында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы құрылды. Бұл біздің өңірдегі этномәдени бірлестіктер жастарының дініне, тіліне, ұлтына қарамастан, еліміздің кешенді жаңғыруына атсалысулары үшін белсенді жұмыс жасауларына мүмкіндік береді. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабының құрамындағы ақтөбелік білімді әрі өнерлі жастар қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысады.
- Облыс аумағында тұрып жатқан этномәдени бірлестіктердің бүгінгі жай-күйі қалай? Олардың жеткен жетістіктерін атап өтсеңіз...
- Бүгінгі таңда құрылғанына жиырма төрт жыл толған ҚХА ел тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында сан түрлі ұлт өкілдерінің арасын жалғаушы дәнекершіге айналып отырғаны жасырын емес. Ассамблеяның міндеттерін іске асыру мақсатында этномәдени бірлестіктер ерекше рөл атқаруда. Жергілікті этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқының бірлігі мен тілдері күндерін, жалпыға бірдей діни және күнтізбелік, ұлттық мерекелерді де жұмыла бірге атап өтеді.
Этномәдени бірлестіктердің толыққанды қызмет етуіне барлық жағдай жасалған. Әр жылы этномәдени бірлестіктердің төрағалары аймақ басшысының гранттарына ие болып жатады. Көп жағдайда аталмыш қомақты қаражат бірлестіктердің жұмысы мен кабинеттерді заманауи техникамен жабдықтау мақсатында жұмсалады.
Этномәдени бірлестіктердің басым көпшілігінің құрамында вокалдық-хор, би топтары мен халық аспаптары ансамбльдері ашылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Олар түрлі аймақтық, ел төңірегіндегі сайыстардың жүлделі иегерлері атанып жүр. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері жыл бойы өңірде ұйымдастырылып өткізілетін тіл фестивальдары мен әртүрлі форматтағы байқауларға қатысуды жақсы дәстүрге айналдырған.
Мемлекеттік тілге байланысты облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жүлдегерлері атанып жатады. Олардың жеткен барлық жетістіктері мен бағындырған биіктері біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың мәнді де сәнді нәтижесі деп айтуға тұрарлық. Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Біз де өзімізше бұл үлкен шараға сүбелі үлесімізді қостық.
- Осы орайда сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар өткізілді?
- Қазақстанның батыс қақпасы атанған Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесі бар сән-салтанатымен аталып өтті. Бұл – бәріміз үшін ерекше тарихи кезең. Елбасының өзі «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деп жақсы лебізін білдірген арайлы Ақтөбенің туған күніне біздің де дайындаған, ауыз толтырып айтуға тұрарлық мерекелік шараларымыз біраз болды. Этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Әнім сенсің Ақтөбе!», «Арайлы Ақтөбеге 150 жыл» атты мерекелік концерттер өткізілді.
Сонымен қатар, мерейтойға арналған дөңгелек үстелдер мен этномәдени бірлестік жастары арасында «Туған өлкем тұғырым, тарихын білу міндетім» атты интеллектуалды сайыстар мен флешмоб өткізілді.
- Сіздің ойыңызша еліміздің қоғамдық-саяси дамуында Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы қандай
- 24 жылдық тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналды. Елімізді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың мүдделерін, құқықтарын бір арнаға түйістірді. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының қанатының астына топтасқан өзге ұлт өкілдері, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытып келеді.
Бүгінде Ассамблея барша қазақстандықтардың достық шаңырағына айналып отыр. Еліміздің қоғамдық – саяси дамуында да Ассамблеяның алар орны ерекше. Тәуелсіздік алып, егемен ел атанғалы елімізде ұлтаралық қарым-қатынасқа байланысты түсініспеушіліктер мен саяси қақтығыстар болған емес. Мұның барлығы да Елбасымыздың сындарлы саясаты мен ұлтаралық келісімнің дұрыс жолға қойылып, еліміздегі ұлт өкілдерінің тең құқылы болуында деп білемін.
Әлемдік аренада Қазақстан - бейбітшілікті насихаттаушы ел ретінде танымал. Бұған дәлел дүниежүзінде болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты келіссөздер мен бейбіт келісімдердің біздің елімізде жүргізілуі. Қазақ халқы қашанда дау-дамайды ақылмен, асқан парасаттылықпен шешкен. Міне, осындай бейбітшілік пен татулықтың жолын ұстанып, ұлттар арасындағы ынтымақтың ұясы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің қоғамдық-саяси дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатыр деуге болады.
Бірліктің бастауы болған, облыстағы ұлт өкілдерінің қара шаңырағына айналған «Қоғамдық келісім» мекемесінің алда атқарар жұмыстары туралы айтып, жоспарларыңызбен бөліссеңіз?..
- Этномәдени бірлестіктермен бірігіп атқарар жұмыстарымыз әлі алда. Қаншама ұлт пен ұлыстардың басын біріктіріп отырған облыстық ҚХА этномәдени орталықтардың, шығармашылық ұжымдардың жеке шығармашылық кештерін беруді жоспарлап қойдық.
Оған қоса облыс орталығының түгелдей жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында Жастар жылына қатысты он сегіз этномәдени бірлестіктердің жастарының ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар өткізу де жоспарда бар.
Жалпы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Ақтөбе қаласындағы Қоғамдық келісім мекемесінде көптеген шаралар ұйымдастырылылды. Өзіндік маңызға ие бұл шараларға облыс тұрғындарының басым көпшілігі қатыстырылатын болады.
Әрине, кезінде тағдырдың айдауымен Қазақ жерін паналап келген ұлттар мен ұлыстарды бөтенсінбеген қазақ халқы бүгінгі таңда киелі шаңырақ астында түрлі этностардың басын қосып, әлем елдеріне жарасымды тату-тәтті өмірдің келісті үлгісі болып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт пен ұлыстардың алтын көпіріне айналды.
Ақтөбе облысының ҚХА, «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлік пен татулықтың, келісімнің киелі бесігі, аймақтағы ұлтаралық сыйластық пен ынтымақтастықты дамыту жолында бейбіт тірлігіміздің белгісі болды. Қорыта айтқанда, ел арасындағы татулықты, бірлік пен берекені ту еткен «Қоғамдық келісім» КММ облыс халқы мен әр этнос өкілдерінің өзара достық ниеттерін берік нығайту үшін белсенді жұмыс жасап келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Әсем Жұмабекова
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.