Жаңалықтар

Екі қожайыны бар «Алтын орда» базары төңірегінде не болып жатыр?

Екі қожайыны бар «Алтын орда» базары төңірегінде не болып жатыр?
Фото: Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті 14.07.2023 10:05 12464

Алматыдағы «Алтын орда» базарына деген жұрттың назары «Қаңтар оқиғасынан» кейін тіптен ерекше артты. Қазіргі базардың иесі кім, жағдай қалай өзгерді осы сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Бүгінгі таңда базарда 5 мыңнан астам сауда орны бар, оған келушілер күніне шамамен 50 мың сатып алушыға жетеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%-ын және бөлшек саудасының 70%-ына дейін қамтиды.

Бұл базарды алғаш рет 2000 жылдары қырғыз кәсіпкері Алтынбек Әлпиев достарымен бірігіп ашқан. Жеті жылдай өзі басқарады. Сосын 2007 жылы Алтынбек Әлпиевті қасақана өлтіріп, серіктес достары базарды сатып жіберген.

Екі қожайыны бар «Алтын орда» базары төңірегінде не болып жатыр?
Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті 

Кейіннен бұл базарға Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың иелік еткені туралы айтылады. Ол бұл базарды «Kurylys LTD» ЖШС арқылы басқарып отырған. Болат Назарбаев «Алтын Орданы» қарамағына 2013 жылы алған көрінеді. Сөйтіп, BN ALTYN ORDA LTD кәсіпорнын құрған.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін дәл осы сауда орнына қатысты көп шындық мәлім болды. Президенттің өзі жауаптыларға «Алтын орданың» маңайындағы кейбір былықтарды реттеуге тапсырма берген болатын.

Бұл жер пайдакүнемдерге нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органы өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деген еді Тоқаев.

Былтыр қыста Сауда және ин­теграция министрлігі «Алтын Ор­да» базары Kurylys LTD жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігіне тие­сілі екенін мәлім етті. Аталған се­ріктестік тарапынан 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде заң­бұзушылыққа жол бергенін анық­тады. Айтпақшы сол тексерулерден соң базардың иесі ретінде Данияр Әлпиев деген азаматтың аты атал­ды. Данияр –

қайтыс болған Алтынбек Әлпиевтің ұлы. Ол 2019 жылы  банк ісіндегі қылымысы үшін «алаяқтық» бабы бойынша 3 жыл 9 ай мерізімне шартты түрде бас бостандығынан айырылған.


Кіші Әлпиев былтыр сәуір айында
отбасына қауіп төніп тұрғанын, қылмыстық топтар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып, президентке үндеу жасағаны бар.

Президентке үндеуінде ол «Алтын Орда» базарын рей­дерлердің басып алу фактілерін және Алтынбек Әлпиевті өлтірудің астары туралы егжей-тегжейлі баяндаған. 

Бірақ сосын «Алтын орданың» тағы бір қожайыны бар» деген ақпарат тарады. Астананың Эконо­ми­калық тергеу департаменті бас­тығының бұрынғы орынбасары болған Еркебұлан Хамзин базардың 95 пайызына иелік ететіндігі де айтыла бастады.  Құқық қорғау­шы Дәурен Ғабдул  «Алтын Орда» ба­зары оның бұрынғы қожайын­дарынан заңсыз тартып алынған деп отыр. Оның дерегінше, «Алтын Орда» базарының 95 пайызы Ер­кебұлан Хамзиннің Компания Number One жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне былтырғы жылдың ақпан айының соңында сатылған.

Қазір Алтын Орда базарында екі құрылтайшы бар. Компания Number One 95 емес, 80 пайызға ие көрінеді. Қалған 20 пайызы  Данияр Әлпиев тиесілі.

«Екі қошқардың басы қазанға сыймайды» дегендей, екі қожайын болуы да жағдайды ушықтырып тұр. Өйткені дау-дамай басылар емес. Қазір ауқымды сауда кешені үшін талас жүріп жатыр. Саудагерлерден де маза кеткен. Ал құзырлы органдар әзірге тиісті шара қолданбай отырған көрінеді.

Жақында  «Алтын орда» базарына бір топ адам келіп, күзетшілерге күш көрсеткені туралы да ақпарат тарады.

Бұрынғы шарттың бұзылуына қарамастан жаңа қызметкерлердің жұмысына алдыңғы қызметкерлер кедергі жасаған. Осы дерек негізінде ҚК 389 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған оқиғаны шешу үшін деректі толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге арналған барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - дейді Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Мейрам Әбікеев

Өткен айда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралған.

Екі қожайыны бар базардың өткенде орынбасары ұсталды. Осы жылдың 3 маусымында Ішкі істер министрлігі Алматы-Бішкек тас жолында «Алтын орда» базары директорының орынбасары Ермек Марқабаевты қолға түсірген болатын.

Екі қожайыны бар «Алтын орда» базары төңірегінде не болып жатыр?
Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті 

Атап айтқанда, Алматы облысы Қарасай ауданының полиция қызметкерлері Алматы-Бішкек автожолында BMМ автокөлігін тоқтатқан. Тінту барысында автомобиль жолаушысынан ерекше иісі бар ақ ұнтақ зат, сондай-ақ басқа жолаушыдан МК-471С травматикалық тапаншасы тәркіленген еді. Сол тұста ведомство Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі және 296-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелгені жөнінде ақпарат берген.

Өткен айда премьер-министр Әлихан Смайылов «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелерін қарады.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру қажет, деді. Сондай-ақ оның аумағында барлық заңбұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру тапсырылды.

Сонымен қатар «Алтын Орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға