Екі миллион теңгенің кілемі: этностильді трендке айналдырған шебер
Қазақ халқының жаны – киіз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл материал тұрмыстық бұйым ғана емес, шежіре мен сезімнің тасымалдаушысы. Киіз текеметке түр түсіріп, ою салу – бабадан қалған өнер, халықтың тұрмыс-салты мен дүниетанымының айнасы. Бүгінгі таңда осы құндылықты өзгеше ұсынып жүрген жанның бірі – суретші, текстиль шебері Ләйлә Жарқын. Ол киізді тек утилитарлық мақсатта емес, өнер туындысы ретінде ұсынуды мақсат еткен. El.kz интернет порталының тілшісі қазақ киіз өнерінің шебері Ләйлә Жарқынмен сұхбат құрды.
Ләйлә Ташкент қаласында дүниеге келген. 2003 жылы отбасы Қазақстанға көшіп келеді. Сол кезден бастап Қапшағайда - қазіргі Қонаев қаласында жаңа өмір басталады. Шығармашылыққа құштар бойжеткен өнерге ерте жастан бет бұрып, киізбен кәсіби түрде айналысатын санаулы суретшілердің біріне айналды. Оның өнерге жолы бала күнгі естеліктерден басталады. Ол өзі өскен ортада киіз бен текемет күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі болғанын жасырмайды. Әжесінің үйінде өскендіктен, киіздің жылылығы мен табиғилығы оның санасында терең із қалдырған.
– Киіз өнеріне қызығушылық қайдан пайда болды?
– Киіз өнерімен бала кезден таныспын, бірақ бұл салаға келемін деп ойламағанмын. Күндердің бір күні Алматыдағы Таңсықбаев атындағы Сәндік-қолданбалы өнер колледжінде тоқыма мамандығын оқып жүргенімде дәстүрлі өнердің көптеген түрлерімен таныстым. Сол кезде менің назарым симметриядан гөрі абстрактілі өнерге ауды. Үшінші курста америкалық суретшінің киізден жасалған ерекше жұмыстарын көріп, бұл материалдың шексіз мүмкіндіктеріне тәнті болдым. Ұстазым Гүлшәрім Мұсақызының кеңесімен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, киіз өнерінің білгірі Сәуле Сыздыққызының шеберханасында білімімді жетілдіруге мүмкіндік алдым.
– Киіз өнеріне тереңірек үңілу үшін қандай білім мен тәжірибе жинадыңыз?
– Сәуле апай — киіз өнерінің білгірі, танымал суретші. Колледжді бітірген соң мен академияға түсу үшін бір жыл дайындалдым. Бірінші жыл оқуға түсе алмадым, екінші жылы тапсырғанымда бұйырып, өзім қалаған Сәуле апайдың тобына түстім. Бұл менің шығармашылық жолымдағы үлкен сәттілік болды деп есептеймін.
— Академиядан кейінгі кәсіби дамуыңыз қалай жалғасты?
– Жүргенов академиясында білім алып жүріп-ақ түрлі көрмелер мен байқауларға қатыса бастадым. 2015 жылы Абу-Дабиде өткен халықаралық симпозиумға қатыстым. Бұл менің шетелдегі алғашқы тәжірибем болатын. Сол сапардан кейін кәсіби жұмысқа бет бұрдым. Соңғы курста жүргенімде отандық бір бренд жұмысқа шақырды. Ол жерде бастапқыда тек тәжірибе ретінде бардым. Бірақ жеті жыл бойы сол жерде жұмыс істеппін. Сол уақыт аралығында мен тек шығармашылық емес, сонымен қатар бизнес, менеджмент, маркетинг сияқты маңызды дағдыларды үйрендім. Өйткені суретші ретінде тек өнермен айналысу аздық етеді. Өзіңді, еңбегіңді дұрыс ұсына білу де қажет.
— Шығармашылықпен толықтай қашан айналыса бастадыңыз?
– Жеті жылдық жұмыстан кейін мен өзімді өнерде көбірек көргім келетінін түсіндім. Бір жыл бойы зерттедім: әлем суретшілері қалай жұмыс істейді, қалай табыс табады, қалай дамиды? Өйткені тек сурет салып, өнер туындысын жасау жеткіліксіз. Соған өміріңді арнау үшін тұрақты табыс көзі де қажет. 2020 жылы пандемия кезінде алғаш рет жеке көрмем ұйымдастырылды. Бұл көрме менің шығармашылығымды жаңа деңгейге көтерді. Көп ұзамай Қазақстан Суретшілер одағының, кейінірек Дизайнерлер одағының мүшесі атандым. Ал 2021 жылы жеке шығармашылық шеберханамды аштым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
— Киіз өнеріне деген қызығушылық қалай қалыптасты? Қазіргі сұраныс қандай?
– Киіз өнері — менің балалық шағымның бір бөлігі. Ауылда әжемнің үйінде киіздің үстінде ойнап өстім. Киіздің иісі, түрі, жылулығы жадымда мәңгі қалып қойған. Сол себепті бұл материал мен үшін өте жақын. Бастапқыда киізбен жұмыс істеп жүргенде бұл өнерге деген сұраныс аса көп болмады. Көбінесе шетелде тұратын қазақтар тапсырыс беретін. Бірақ соңғы жылдары Қазақстанда да этно-дизайн трендке айналып, қызығушылық артып келеді. Қазір тіпті 25-30 жас аралығындағы жастар да интерьерге арналған киіз бұйымдарына тапсырыс беріп жатады. Бұл — үлкен мәдени өзгерістің көрінісі.
— Киізбен жұмыс істеу процесі қандай? Уақыты мен бағасы қандай?
– Киізбен жұмыс — көп уақыт пен шыдам талап ететін процесс. Егер жүнді өзім бояйтын болсам, бір түсті бояуға бір күн кетеді. Ал бір жұмысқа үш түрлі түс қажет болса, үш күн тек бояуға жұмсалады. Одан кейінгі дайындық, формалау, кептіру тағы бар. Мысалы, үлкен өлшемдегі бір текеметті жасауға шамамен бір жарым ай уақыт кетеді. Ал бағасы шамамен екі миллион теңгеден басталады. Баға эскиздің күрделілігіне, жұмыс көлеміне және қолданылатын материалдарға байланысты өзгереді.
— Қазір командаңыз бар ма? Студия жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Иә, қазіргі таңда тұрақты екі қызметкерім бар. Олар — менің бұрынғы шәкірттерім, өнер академиясын тәмамдағандар. Бұдан бөлек, жобалық жұмыстар кезінде қосымша көмектесетін 2-3 қыз бар. Команданың болуы маған шығармашылыққа толықтай көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
— Соңғы сұрақ: алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алда бірқатар халықаралық көрмеге қатысу жоспарым бар. Сонымен қатар жаңа коллекция жасап жатырмын. Киіз өнерін тек тұрмыстық элемент ретінде емес, нағыз өнер туындысы ретінде кеңінен насихаттағым келеді. Қазақтың киізін әлемдік деңгейге шығару — менің үлкен арманым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

