ҚР ҰОК

Екі дүркін чемпион атанған Сәкен Бибосынов жеңісін кімге арнайтынын айтты

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Дубайда өткен әлем чемпионатында тағы бір тарихи жетістікке жетіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Тәжірибелі былғары қолғап шебері финалда Ресейдің жас та қарымды өкілі Вячеслав Рогозинді тізе бүктіріп, алтын медальді қоржынына салды.

28 жастағы Сәкен Бибосынов бұған дейін 2021 жылы әлем чемпионы атанса, 2019 жылғы біріншілікте қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Сонымен қатар оның еншісінде Токио Олимпиадасының қола медалі бар. Дубайдағы дүбірлі додада ол Ботсвана, Танзания, Замбия және Непал боксшыларын сенімді түрде жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті.

Ал небәрі 19 жастағы Вячеслав Рогозин Ресей чемпионатының үздігі, турнирдегі ең жас әрі қауіпті қарсыластардың бірі саналды. Соған қарамастан, шешуші жекпе-жекте тәжірибе мен тактикалық шеберлік өз сөзін айтты.

Финалдан кейін Сәкен Бибосынов айқас жайлы пікір білдірді:

Екі дүркін әлем чемпионы атану - үлкен мәртебе. Финал оңай болған жоқ. Қарсыласым жас, шыдамды, мінезді боксшы екен. Бірінші және үшінші раундта тартыс қатты болды, ал екінші раундта басымдық таныта алдым. Қазақта «Біреудің тағымен талассаң да, бағымен таласа алмайсың» деген сөз бар. Осы жолы бағым жанып, чемпион атанудың сәті түсті. Бұл жарысқа дейін талай сынақтан, жарақаттан өттік. Кейде жеңісті қолдан жұлып алған кездер де болды. Бүгін мінсіз өнер көрсете алмауым мүмкін, бірақ бақ мен жақта болды. Аллаға шүкір, - деді ол.

Сондай-ақ, чемпион бұл жеңісін анасына арнады:

Екі ай бұрын анам жол апатына түсіп, жарақат алған еді. Қазір жағдайы жақсы, шүкір. Осы жеңісті анама арнаймын. Анашым, сізді өте жақсы көремін. Бұл алтын - сіз үшін, - деп тебіренді боксшы.

Сәкен Бибосыновтың бұл жетістігі қазақстандық бокстың әлемдік аренадағы биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеп, ел жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады.