Екі адам қайтыс болған: Шавкат Рахмоновтың әйеліне үкім шықты
Таразда адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс қаралып, айыпталушы Гүлайым Рахмоноваға үкім шықты.
Жамбыл облысы соттарының ресми мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс облыстың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралған. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі адамның өліміне әкелу) бойынша айып тағылған.
Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 27 шілде күні шамамен таңғы 08:30-да әйел адам Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында Toyota Land Cruiser көлігін басқарған.
Шаршаңқы күйде болған ол көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан автокөлік аударылған. Оқиға нәтижесінде екі жолаушы (айыпталушының құрбысы мен әпкесі) алған жарақаттарынан көз жұмды, ал өзі ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады сот.
Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденген.
Мемлекеттік айыптаушы соттан 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыруды және жазаны 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған.
Жәбірленуші тараптар айыпталушыны кешірген. Олар азаматтық талап қоймаған. Қайтыс болған құрбысының әкесі бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраса, айыпталушының әпкесінің күйеуі оны мүлде жазаламауды өтінген.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған.
Аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот үкім шығару кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының кәмелетке толмаған төрт баласының бар екенін ескерген. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Нәтижесінде сот Гүлайым Рахмонованы кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, бұл жол апаты туралы ақпарат 2025 жылдың жазында тараған еді. Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, жол апаты кезінде көлікті аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы басқарған.
Оқиға кезінде Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бағыт алған. Алматы – Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында жол талғамайтын көлік аударылып, 39 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмса, 35 жастағы тағы бір әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Жүргізуші мен оның ұлы ауруханаға жеткізілген.
Тергеу барысында әйел адамның түні бойы көлік жүргізіп, қатты шаршағанына қарамастан рөлді басқа адамға бермегені анықталған. Соның салдарынан көлікті басқара алмай, жол апатына ұшыраған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, жақындарын жоғалтқанын айтып, жағдайға түсіністікпен қарауды сұраған. Сондай-ақ оның бір жыл ішінде жол қозғалысы ережесін 19 рет бұзғаны белгілі болды.

