eGov.kz енді өмірлік жағдайлар бойынша да көмек көрсетеді
Қазақстанда мемлекеттік басқару саласын цифрлық жаңғырту аясында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – eGov.kz бірыңғай платформасы. Бұл – елдегі барлық мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын біріктіретін кешенді жүйе, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, бұл платформа барлық орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың веб-сайттарын бір жүйеге тоғыстырған.
Бұл – барлық мемлекеттік интернет-ресурстарды бір арнаға тоғыстырған бірыңғай жүйе. Біз оны «сайттардың бірыңғай платформасы» деп атаймыз. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам сайт осы платформада жұмыс істейді, ал жаңа ресурсты бір тәулік ішінде іске қосу мүмкіндігі бар, – деді Ростислав Коняшкин.
Мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға жол ашты
Бұрын әрбір мемлекеттік орган жеке сайт әзірлеу үшін мердігер тартатын немесе штаттық IT-мамандар ұстауға мәжбүр болатын. Ал eGov.kz платформасының арқасында бұл қажеттілік жойылып, жылына кемінде 3 миллион АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік туған.
Бірыңғай шешім – қайталанатын шығындардың алдын алуға, IT-инфрақұрылымды оңтайландыруға және сервистерді стандарттауға жол ашты, – деп атап өтті вице-министр.
Пайдаланушылар белсенділігі жоғары
2024 жылдың басынан бері платформаға 66 миллионнан астам кірген, олардың 86%-ын қазақстандықтар құрайды. Мобильді құрылғылардан жасалатын кірулердің үлесі 60%-дан жоғары, бұл жүйенің бейімділігі мен қолайлылығын айқын көрсетеді.

«Өмірлік жағдайлар» – нақты көмек құралы
eGov.kz-тің ең маңызды жаңалықтарының бірі – «Өмірлік жағдайлар» бөлімі. Бұл жерде азаматтар күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайлар бойынша қадамдық нұсқаулықтар таба алады: мысалы, құжат жоғалту, әлеуметтік көмекке өтініш беру, баланың туылуын тіркеу сынды мәселелер қамтылған. Қазірдің өзінде 169 тақырып бойынша ақпарат қолжетімді.
Отандық технология және инклюзивтілік
Платформа толықтай QazTech отандық технологиялық шешімдері негізінде жасалған және WCAG 2.2 халықаралық стандарттарына сай оңтайландырылған. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпаратқа еркін қол жеткізуге жол ашты.
Жаңа сервистер мен болашақ жоспарлар
eGov.kz арқылы бірқатар жаңа онлайн-сервис іске қосылды:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы портал
- ЖСН бойынша әлеуметтік көмек алуға құқығын тексеру
- «Е-қызмет» кадрлық жүйесімен интеграция
- Qoldau.gov.kz платформасымен байланыс
2025 жылдың соңына дейін мына бағыттарда жаңартулар жоспарланып отыр:
Контентті автоматты бақылау жүйесін енгізу
«Өмірлік жағдайлар» бөлімін барлық мемлекеттік сайттарға біріктіру
Министрліктер мен әкімдіктерге арналған қосымша модульдер әзірлеу

