eGov порталы 19 шілдеде уақытша жұмыс істемейді
Мөлдір Қайнар тілші
2025 жылдың 19 шілдесінде Қазақстандағы мемлекеттік электрондық қызметтердің бірқатарында уақытша кідіріс болады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) ресми түрде хабарлады. Жоспарлы техникалық жұмыстар eGov.kz порталын, eGov mobile қосымшасын, сондай-ақ оған қатысты бірқатар басқа да жүйелерді қамтиды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Техникалық жұмыстар түнгі сағат 02:00-ден таңғы 08:00-ге дейін жүргізіледі. Бұл уақыт аралығы пайдаланушылар белсенділігі ең төмен кезең ретінде таңдалып, қолайсыздықты азайтуға бағытталған. Жөндеу кезінде келесі электрондық қызметтер уақытша қолжетімсіз болады:
- eGov.kz порталы мен eGov mobile қосымшасы (оның ішінде «Цифрлық құжаттар» сервисі);
- e-Otinish, E-license порталдары және Ашық үкімет жүйелері;
- Ұлттық куәландырушы орталықтың (НУЦ РК) қызметтері;
- ҰАТ сүйемелдейтін өзге де мемлекеттік IT жобалар;
- Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ электрондық үкімет шлюзімен интеграцияланған басқа да жүйелер.
«ҰАТ» АҚ азаматтарға ыңғайсыздықты болдырмау үшін қажетті барлық операцияларды алдын ала орындауға және қажет болған жағдайда құжаттардың қағаз нұсқасын дайындап қоюға кеңес береді.
Бұл жоспарлы техникалық жұмыстар электрондық үкімет инфрақұрылымының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. eGov.kz және басқа да мемлекеттік платформалардың жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз ету — цифрлық қызмет сапасының маңызды бөлігі болып қала бермек.
Бұған дейін eGov.kz енді өмірлік жағдайлар бойынша да қызмет көрсететіні туралы жазған едік.

