eGov Business өзгереді: кәсіпкерлерге енді анықтама жинаудың қажеті жоқ па?
eGov Business платформасының жаңартылуы Қазақстанда бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін. Алайда оның нақты тиімділігі жүйенің қалай жұмыс істейтініне байланысты болмақ.
Қазақстанда eGov Business платформасын түбегейлі жаңарту жоспарланып отыр. Басты мақсат – кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы өзара байланысты барынша жеңіл, жылдам әрі түсінікті ету. Билік цифрлық трансформация арқылы бюрократияны азайтып, бизнестің тиімділігін арттыруды көздейді.
Жаңғырту бағыттары премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен талқыланды. Кездесуде тек қолданыстағы қызметтер емес, сонымен қатар бизнестің мемлекетпен жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгертуі мүмкін жаңа тәсілдер қарастырылды.
Оқи отырыңыз:
- Елімізде жасанды интеллектіні мемлектетік қызметкерлер қалай меңгереді
- Жасанды интеллект: оқушы ізденісіне кедергі ме, көмек пе
Не өзгереді?
1. Толық цифрландыру және жасанды интеллект
Жаңа жүйеде көптеген процес толық автоматтандырылады. Әсіресе форс-мажор жағдайларына қатысты құжаттарды қарау енді жасанды интеллект арқылы жүргізілуі мүмкін. Яғни шешім қабылдау кезінде адам факторы азайып, жүйе Big Data негізінде деректерді талдап, тез әрі объективті нәтиже береді.
2. Анықтама жинау қажеттілігі жойылуы мүмкін
Кәсіпкерлер үшін ең маңызды өзгерістердің бірі – түрлі анықтамаларды жинау қажеттілігінің қысқаруы.
Жүйе бизнес мәртебесін, тіркеу деректерін және басқа да мәліметтерді мемлекеттік цифрлық базалар арқылы автоматты түрде тексереді. Бұл процесс нақты уақыт режимінде жүреді.
3. Бюрократия азаяды
зақ тексерулер мен құжат растау кезеңдері қысқарып, қызметтерді алу уақыты едәуір жеделдейді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің уақыт пен ресурсы үнемделеді.
4. Ашықтық артады: интерактивті карталар енгізіледі
Жаңартудың тағы бір маңызды бөлігі – инфрақұрылым туралы деректердің ашықтығы.
Кәсіпкерлер арнайы интерактивті карталар арқылы қолжетімді жер телімдері, өндірістік қуаттар мен басқа да маңызды ақпаратты көре алады. Бұл инвестициялық шешім қабылдауды жеңілдетеді.
5. Кәсіпкерлерге арналған жаңа білім беру мүмкіндіктері
Жаңа цифрлық құралдарды тиімді пайдалану үшін бизнес өкілдеріне AI Corporate бағдарламасы ұсынылады. Бұл жоба жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған және алдағы уақытта өңірлерге кеңінен енгізіледі.
Нәтиже қандай болмақ?
Жоспар бойынша, барлық жаңарту іске қосылғаннан кейін бизнеске қатысты операциялық процестер төрт есеге дейін жылдамдауы мүмкін.
Жалпы, мемлекет классикалық реттеуші рөлінен біртіндеп цифрлық ассистентке айналуды көздеп отыр. Бұл – әлемдік трендтерге сай қадам. Себебі мемлекеттік қызметтер неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы болған сайын, елдегі іскерлік белсенділік пен инвестициялық тартымдылық та арта түседі.
Осылайша, eGov Business платформасының жаңаруы Қазақстанда заманауи әрі икемді бизнес-ортаны қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
Бұған дейін Цифрландыру және жасанды интеллект жылында қандай жобалар іске асатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар жасанды интеллект білім жүйесін қалай өзгерткені туралы мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

