Жаңалықтар

ЕАЭО шекарасында орналасқан барлық 10 өткізу пунктін жаңғырту басталды

ЕАЭО шекарасында орналасқан барлық 10 өткізу пунктін жаңғырту басталды
Фото: © ОКҚ 26.07.2023 23:00 830

Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев кедендік әкімшілендіру және өткізу пункттерін жаңғырту саласындағы басым міндеттер туралы айтып берді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Спикер атап өткендей, Қытаймен тасымалдауға қатысты осы жылы «КаргоАлем» электрондық кезек жүйесінің модулі негізінде электрондық рұқсат бланкілерін берудің автоматтандырылған жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. Бұрын мұндай бланк үшін уәкілетті органға жүгіну қажет болатын. Мұндай рұқсат бланкілерін сату фактілері болды, құны кейде 2 мың АҚШ долларына дейін жеткен.

«Бүгінде адами фактор, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды. Шетелдік рұқсат бланкісін алу үшін тікелей өткізу пункттерінде 1 АЕК төлеу керек. Пилоттық жоба сәуір айының ортасында іске қосылған сәттен бастап 21 мыңнан астам шетелдік рұқсат бланкісі берілген», – деп атап өтті МКК департамент басшысы.

Бұдан басқа, цифрландыру шеңберінде МКК қолданыстағы ақпараттық жүйелерді модификациялау бойынша белсенді жұмыс жүргізеді. Осылайша, бірыңғай терезеде бар кеден қызметтеріне қосымша бағалы металдарға мемлекеттік бақылау актілерін және кедендік тазалау кезінде пайдаланылатын көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті электрондық түрде беру автоматтандырылды. 

Бұл өтініш берушіге көлік құралын алғаннан кейін бірден кедендік рәсімдеуге мүмкіндік берді. Осылайша, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың көлік құралдарын уақытша сақтау орындарына орналастыру шығындары қысқартылды, деп атап өтті Е. Саудабаев.

Спикердің айтуынша, басым міндеттердің бірі – ҚХР-мен айна статистикасының алшақтығын азайту. 2017 жылдан бастап ҚХР экспорты мен ҚР импорты арасындағы статистика алшақтығы екі есеге жуық қысқарды. Бүгінгі күні ол 32,7% құрайды.

Сондай-ақ МКК департаментінің директоры «Қорғас» ХШЫО 3 жылдық үзілістен кейін жұмысын қайта бастағанын айтты. Қазір жеке тұлғаларды өткізу рәсімі айтарлықтай реттеліп, бизнес-процестер оңтайландырылды. Жолаушылар кедендік декларациясын үйден шықпай-ақ «Е-салық Азамат» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұған дейін олар жеке тұлға мемлекеттік кіріс органдарына жүгінетін.

Былтыр ЕАЭО шекарасында орналасқан барлық 10 өткізу пунктін жаңғырту басталды. Бұл олардың өткізу қабілетін тәулігіне 10 мың көлік құралы өтетіндей 8 еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тіркеу уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарады.

«Өткізу пункттерін жаңғыртқаннан кейін барлық инфрақұрылымдық проблемалар шешіледі, көліктің ыңғайлы өтуі үшін тиісті жағдайлар жасалады, бақылауды жедел жүргізу қамтамасыз етіледі», – деп сендірді МКК департамент басшысы.

Қорытындылай келе, департамент директоры бірнеше көрсеткішке тоқталды. Мысалы, 2023 жылдың І жартыжылдығында ЕАЭО елдері арасында бөлінгеннен кейін ҚР мемлекеттік бюджетіне түскен кедендік төлемдердің көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық. 

Импортқа ҚҚС бойынша 2022 жылдың тиісті кезеңіне 71% өсіммен 890 млрд теңге түсті. Кедендік әкімшілендіру нәтижелері бойынша 2023 жылдың І жартыжылдығында өткен жылмен салыстырғанда кеден заңнамасын бұзу жағдайлары 38%-ға артқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға