Жаңалықтар

E.Quality: “Гендерлік теңсіздік тек әйелдердің мәселесі емес”

  Қазақстандық жастар гендерлік теңсіздік жайлы не ойлайды?
E.Quality: “Гендерлік теңсіздік тек әйелдердің мәселесі емес”
07.03.2019 14:53 13203

Бүгінгі күні Қазақстанда гендерлік теңсіздік мәселесі қаншалықты ашық талқыланады? Ғасырлар бойы қалыптасқан гендерлік стереотиптер көпшілікке ұсынылатын медиаконтенттен қалай көрініс табуда? Неліктен гендерлік теңсіздік тек әйелдердің проблемасы емес? Осы сұрақтарға Назарбаев университеті жанындағы E.quality клубының президенті Гүлназ Табынбаева мен вице-президенті Бибарыс Сейтақ жауап береді.

- Гүлназ, Бибарыс, клубтарыңыздың тарихын баяндап берсеңіздер...

Гүлназ: Студенттермен гендерлік мәселелер жайлы әңгімелесіп отырып, біздің университетте бұл тақырыпты талқылайтын орта жоғын түсіндік. Содан 8 наурыз қарсаңында осы мәселені жан-жақты талқылауға мүмкіндік беретін шара ұйымдастыру жайлы ой туды. Өйткені көп адам 8 наурызды әйелдерді тек нәзік жағынан көрсететін мейрам ретінде қабылдайды. Ал біз осы мереке қарсаңында әйелдердің құқығы жайлы айтып, олар жиі ұшырасатын гендерлік проблемаларды көтерсек деген ойға келдік. Осылайша біздің алғашқы шарамыз E.quality talks атауымен өтті. Осы мәселеге жастардың қызығушылығын ояту үшін танымал адамдарды шақырып, олардың әңгімелерін тыңдадық. Бірінші жиын сәтті өтіп, көпке ұнаған соң, осындай шараларды дәстүрге айналдыру мақсатында клуб құрдық. Қазір клубта 25 мүше бар, олардың бірі мақала жазса, енді бірі түрлі іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алған. Әр клуб мүшесі өзінің қолынан келетін істі жасайды, біз ешкімге міндет қоймаймыз, шектемейміз. Әрқайсы бұл клубқа өз қалауымен кірген соң, олардың өз ойларын білдіріп, қалаған бағытта жұмыс жасауына мүмкіндік береміз. Қазір клуб мүшелерімен бірге жылына екі рет өтетін E.quality talks-тан бөлек, түрлі форумдар мен тренингтер өткізіп тұрамыз.

Статистика сөйлейді:

Қазақстанда әйелдердің орташа жалақысы ер адамдардың жалақысынан 33 %-ға төмен;

Жыл сайын үйдегі зорлық-зомбылықтан 400-ден аса әйел мерт болады;

ТМД елдері ішінде Қазақстан барлық жастағы әйелдер суициді бойынша бірінші орында тұр;

Қазақстандағы 15-18 жастағы 1000 қыздың 5-уі жасанды түсік жасатады;

2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында 15-17 жастағы 374 қыз жасанды түсік жасатқан.

- Шараларға қатысатын спикерлермен тыңғылықты жұмыс жасайтындарыңыз байқалады. Олармен жұмыс барысында қиындықтар бола ма?

Бибарыс: Гендерлік теңсіздік мәселесі біздің қоғамда шиеленіс туғызатын тақырыптардың бірі. Оның үстіне этика тұрғысынан да қиындық тудырады. Мысалы, біз таңдаған спикерлер қатысушыларға дұрыс ақпарат бере ала ма? Олар өздері жайлы тым интим ақпарат беріп қоймай ма? Немесе қатысушылардың көңіліне тиіп кететін нәрсені айтпай ма? Алдымен осы мәселелерді ескеруге тырысамыз. Себебі шараға қатысушылар арасында зорлық-зомбылық құрбандары болуы мүмкін, олардың жанды жеріне тиіп кетпеу үшін спикерлердің сөзін қадағалауға тырысамыз. Бізге тақырыптардың барынша объективті, бейтарап тұрғыда талқылануы маңызды.

Сондай-ақ клуб ретінде қалыптасқан сәттен бастап ұстанатын негізгі қағидамыз - біздің инклюзивтілігіміз. Біз осы салада жұмыс жасап жүрген адамдармен шектелмейміз. Яғни әйелдер мәселесін әйелдер ғана айтсын деуден аулақпыз. Бір шарамызға не төрт, не алты спикер қатысатын болса, олардың барлығы әр түрлі сала өкілдері, біреуі ер адам болса, екіншісі әйел. Сонымен қатар шараларымыз үш тілде жүреді. Ал спикерлер бірден келісім береді. Біздің замандастарымыз бұл қиын деп ойлауы мүмкін, бірақ біз үшін ең қиыны бұл емес. Көбіне біз ол адамдардың email-іне жазып, өзіміздің шарамыз жайлы ақпарат береміз. Біздің тәжірибемізде 15 шақты спикер болса, соның барлығы оперативті түрде жауап берді.

Гүлназ: Сонымен қатар спикерлер гендерлік теңсіздік бәріне ортақ мәселе екенін түсінеді. Сондықтан өз ойларын баяндау арқылы осы тақырыптың ашық талқылануына өз үлестерін қосуға тырысатыны байқалады.

Статистика сөйлейді:

Соңғы 3 жылда Қазақстанда 8129 әйел зорланған;

Саяси қызметтегі әйелдер саны тек 10 %-ды құрайды, ал облыс және қала әкімдері арасында бірде-бір әйел жоқ;

Қазақстандағы әрбір үшінші отбасы ажырасады.

- Ал мұндай шаралар студенттердің азаматтық позициясын танытуға қалай әсер етеді? 

Гүлназ: Бүгінгі студент - ертеңгі маман. Олар елдің болашағы. Сондықтан олардың арасында осындай ойды тарату өте маңызды деп ойлаймын. Уақыт өте келе көптеген көзқарастар өзгеретінін байқап жүрміз. Бүгінгі жастардың көбі прогрессивті ойлайды, ойын ашық айта алады, басқа адамдардың таңдауына түсіністікпен қарайды. Қандай да бір мәселелер туындап жатса, олар ашық талқылауға тырысады. Сондықтан студенттер арасында, жастар арасында инклюзивті болудың, осындай ойларды ашық талқылау керектігін айтып, оның маңыздылығын түсіндірсек, бұл біздің қоғамның дамуына үлкен әсерін тигізеді деп санаймын. Осындай оймен өскен жастар - болашақта осы идеяны ары қарай жүзеге асыратындар.

- Жақында Yuframe-нің цирк жайлы жариялаған бейнеролигінен әйелдерге қатысты сексистік сарын байқалды. Осыған орай, сіздер де өз ойларыңызды білдірген едіңіздер...

Гүлназ: Гендерлік мәселені жиі көтеру - ол барлық адамға оң әсер етеді деген сөз емес. Қоғамда, мысалы мәдениет пен салт-дәстүрге сүйеніп, әйелді алып қашу, оны тек келін образында қабылдау дұрыс деген түсінік қалыптасқан. Оның үстіне адамдарға ұсынылатын контент те олардың көзқарасына әсер етпей қоймайды. Әлеуметтік желі арқылы көп адамға ықпал ете алатын адамдар өз контентінде әйелді әлсіз, еркекті күшті немесе керісінше етіп көрсететін болса, көрермен (оқырман, тыңдарман) оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі жастардың, оның ішінде көпшіліктің ойлауына, көзқарасына ықпал ете алатын жастардың гендерлік мәселеде білімді болуы маңызды. Біздің Yuframe-нің бейнеролигі жайлы жазған мақаламызда айтқымыз келген ой осы болатын. Қазір қоғамда қызметін де істеп, отбасының жағдайын жасап, өздерін жан-жақты дамытуға уақыт табатын әйелдер көп. Неге сондай “сәтті кейстер” жайлы айтпасқа? Біздің вайнерлерге айтқымыз келгені осы болатын. Сонымен қатар осы “инциденттен” кейін жастардың көбі бізге осы мәселені ашық айтудың маңызды екенін айтып, қолдауларын білдіріп жатты. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.

Бибарыс: Оларды кіналау әуелден біздің ойымызда болмады. Біз тек олар ұсынған өнімді сынаған едік.

Гүлназ: Иә, контентті. Себебі олар өздерінің өнімдері басқаларға қалай әсер ететінін білмеуі мүмкін, мұны норма деп санауы мүмкін. Сондықтан біз олардың жеке бастарына тиіспей, тек мұндай ой тарату арқылы өздерінің өнімін тұтынатын адамдарға кері әсер етуі мүмкін екенін айтқымыз келді. Әрине, бәрі гендерлік теңдікті қолдауы тиіс демейміз. Бірақ мұндай тақырыпты көтерер алдында, оның басқа адамдардың ар-намысына тиіп кетпеуін ескеру керек деп ойлаймыз.

- Олармен ортақ диалогқа келе алдыңыздар ма?

Бибарыс: Біз олармен диалог құрғымыз келді. Алайда, өкінішке қарай, ондай нәтижеге жетпедік. Біздің мақалада көтерген “Біз осындай контентке лайықпыз ба?” деген сұрағымызға вайнерлердің бірі “Біз осындай өтірік мақалаға лайықпыз ба?” деп келекелеген коммент қалдырған еді. Біз олардан кәсібилікті күттік, алайда ондай жауап ала алмадық.

Ал екінші жағынан осы мақаладан кейін, біздің жұмысымыз жайлы білмейтін адамдар қызығушылық танытып, біздің парақшаға жазылып, комментарий қалдырып, өз ойларымен бөлісе бастады. Біз осылайша бұл проблема жайлы ойлана бермейтін жастардың ортасына дискурс енгіздік деп ойлаймыз.

- Ал бүгінгі күні гендерлік тақырыпты көтеріп жүрген жастарды көп деп айта аламыз ба?

Бибарыс: Бұл жайлы нақты айту қиын. Егер біздің орта жайлы айтатын болсақ, әрине, әлдеқайда көп (күлді). Десе де жылдан-жылға гендерлік теңдікті қолдайтын жастардың көбейіп келе жатқанын айту керек. Бұрын бізде осындай тақырыпты көтеретін 400-500 адамға арналған іс-шаралар өткізілмеген болса, бір жылдың ішінде бірнеше үлкен шара өтті. Сондай-ақ қазір өткізіп жатқан семинарлар мен тренингтерді де атап өтуге болады. Одан бөлек жаңа жобалар басталып жатыр. Олардың қатарына қазір Алматыда өтіп жатқан FemAgora-ны қосуға болады. Бұл шараларға қатысатын адамдардың басым көпшілігі жастар.

- Гендерлік теңдік орнаған Қазақстанды қалай елестетесіздер?

Гүлназ: Оған жету үшін, әрине, ұзақ уақыт керек. Өйткені біздің елде бұл мәселелер енді ғана ашық талқылануда. Гендерлік теңдік деген не? Ол тек әйелдердің мәселесі емес, ер адамдардың да мәселесі. Біздің қоғамда “қазақтың жігіті мықты боуы керек”, “ер жігіт жыламайды” деген стереотиптер қалыптасып қалған. Оның бәрі ер адамдардың психологиясына ауыртпалық түсіреді. Ақыры еркектер өздерінің эмоцияларын ашық көрсете алмайды. Ашық көрсетсе, әлсіздік танытқаны. Ал гендерлік теңдік орнаған елде ер мен әйелге тұлға ретінде қарап, олардың таңдауларына түсіністікпен қарайды, сыйлайды. Десе де біз бұл ойды ешкімге таңбаймыз. Егер әйел адам үйде отыруды дұрыс көретін болса, ол өз таңдауы.

Статистика сөйлейді:

Ер адамдардың 70 %-ы өздерінің психологиялық жағдайын "жақсы" деп бағалай алмайды;

Еркектердің 56 %-ы кемінде 1 рет өзіне өзі қол жұмсау жайлы ойланған;

Психологиялық көмек беретін телефон нөмірлеріне хабарласқан ер адамдардың 27,5 %-ы әйелінің  психологиялық қысым көрсететіні жайлы айтқан.

- Алда қандай жоспарлар бар?

Гүлназ: Жоғарыда айтып өткендей, біздің негізгі шарамыз - E.quality talks. Оған 600-700 адамдай қатысады. Сәуір айында кезекті E.quality talks-ті ұйымдастырмақпыз. Сондай-ақ алдағы уақытта интерактивті шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Екі апта бұрын арнайы тренингтер сериясын бастадық. Үш ай бойы апта сайын әр түрлі тақырыптарды қамтитын тренингтерді өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шараларға тек университет студенттері ғана емес, ниет білдірген кез келген адам қатыса алады, ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ осы шаралар барысында гендерлік теңдік тақырыбындағы түрі ашық хаттар, стикерлер сатылады. Одан түскен қаражатты біз қайырымдылыққа жұмсамақпыз.

Фотолар E.quality клубының әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға