Жаңалықтар

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

«Мен қазақтың баласы» деп әндететін Ұшқын Жамалбекпен әңгімелескен едік
«Ең бастысы шыншыл болу керек»
Фото: © El.kz 13.05.2021 16:10 7538

Қазақ эстрадасындағы шоу-бизнес өкілдерінің арасында елден жырақта туып-өскен қандастарымыз жетерлік. Олардың арасында біреулері шетелде жүріп танымал болса, ендібірі тарихи отанында дарынымен көпшіліктің жылы ықыласына бөленді. Қазақ эстрадасында шоу-бизнес саласында өз ортасын қалыптастырған әрі рухты әндерімен миллиондаған тыңдарманның жүрегіне жол тапқан талантты әншілердің бірі – Ұшқын Жамалбек. «El.kz» интернет-жобасының тілшісі әнші, композитор, продюссер қандасымыз Ұшқын Жамалбекпен әңгімелескен болатын.

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

Қандасымыз Ұшқын Жамалбек Қытай Халық Республикасының Іле ауданындағы Күнес аймағында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге, шығармашылыққа жақын болып ер жетеді. Сондай-ақ ол спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып жүруді жастайынан әдетке айналдырған.

– Үйде – үш баламыз. Артымнан ерген екі қарындасым бар. Бізді қатарымыздан қалдырмай бағып-қағып өсірген ата-анамыз еш нәрседен кенде қылмады. Барлық еркелігімізді көтеріп, бар қалағанымызды жасады. Жалпы балалық шағымыз өте бір бақытты өтті деп есептеймін. Мектепті үздік тәмамдап, өнер саласына оқуға түсуге бекіндім, - дейді Ұшқын Жамалбек.

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

Оның отбасындағы адамдардың көбісі өнер-білімнен алшақ емес. Әкесі мәдениет саласында қызмет етсе, анасы педагогика саласында жұмыс істеген. Ал атасы домбырада тамылжыта күй шертіп, кез келген отырыстын сәнін келтірген.

– Шамамен алты-жеті жасымда маған үйдегілер домбырада ойнауды үйрете бастады. Мектеп қабырғасында домбыра курстарына қатысып, сабақтар алдым. Осылайша біртіндеп қазақтың ұлттық аспабына қызығушылығым арта бастады. Әлі есімде, бала күнімде ұлттық мерекелер қарсаңында үйімізде бір топ өнер адамдары жиналатын. Сол кісілердің алдында өнерімді көрсетіп, баталарын алатынмын, - деп еске түсірді қандас.

Ұшқын Жамалбек 2007 жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға оралады. Ол – Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі.

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

– Қытайда жүрген кезде Қазақстанға баруға ниет еттік. Тарихи отанымызда ұлттық өнерімізді жалпақ жұртқа танытып әрі дамытқымыз келді. Сондай-ақ көпшілік арасында кеңінен дәріптеуге өз үлесімізді қосқымыз келді. Мен алғаш елге келгенде он сегіз жаста болдым. Әлі есімде, теледидардан қазақша бағдарламалар кезек-кезек көрсетіліп, еліміздің әнұраны қазақ тілінде шырқалғанда бойыңды ерекше сезім билейді екен. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - деп еске түсірді Ұшқын Жамалбек.

Өнердің қара шаңырағында білім алып жүргенде қандасымыз «Алашұлы» атты топты құрады. Бұл – Байлин Әзімбек, Мақсат Рахмет және Ұшқын Жамалбек есімді үш жігіттен тұратын әрі ұлттық дәстүрді ұлықтаған музыкалық топ.

– Алғаш еңбек жолымыз осы «Алашұлы» этно-тобы болып құрылып, түрлі шағын тойлар мен концерттерге шығып, өнер көрсетуден басталды. Мұнда мен продюссер, музыкант әрі солист болып жұмыс істедім. Патриоттық бағыттағы топтың репертуарында «Қара жорға», «Жарапазан», «Махамбеттің жыры», «Ақтанның термесі», «Отан», «Елім менің» секілді біраз әндерімізді орындап, өнерсүйер тыңдарманның жылы ықыласына бөлендік. Ал 2017 жылы жеке шығармашылықпен айналысу үшін топтан кеттім, - дейді әнші.

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

Осылайша қазақ эстрадасында топтан кетіп, өзінің дара жолын тапқан әнші композиторлықты да қатар алып жүр. Өмірін өнерге арнаған қандасымыз репертуарындағы әндердің көбісін өзі жазады. Ол әсіресе патриоттық әрі лирикалық бағыттағы түрлі әндерді орындайды.

Өнерсүйер қауым арасында «Мен қазақтың баласы» деп әндететін Ұшқын Жамалбектің үні мен әуенінде ерекше бояу мен өзгеге ұқсамайтын әуез бар. Миллиондаған тыңдарманның жүрегіне жол тапқан эстрада әншісі Қытай, Үндістан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды көптеген елдерде гастрольдік сапарларда болған.

– Халықтың алдына шығып, өнеріңді көрсету кез келген шығармашылық адамы үшін одан асқан бақыт жоқ.Сахнадағы өнеріңді миллиондаған көрермен тамашалап, риза болып, қол шапалақтаған уақытта бойыңды ерекше сезім билейді. Тіпті одан да жақсы көрсетуге тырысасың. Оған қоса, келесі қадамды шабытпен, ерекше көңіл-күймен бастайсың. Биік-биік мақсаттар қойып, соған жетуге талпынасың. Сондықтан жұртшылық алдында өнер көрсетуден алатын ерекше сезімді, көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бастысы бұл өнер адамы үшін үлкен бақыт дегім келеді, - дейді эстрада әншісі.

Қандасымыз өнер-білімге жетілдіретін «Ugai» атты өнер орталығын ашқан. Мұнда баланың бойындағы талантын одан ары дамыту үшін вокалдан, актерлік шеберліктен, би өнерінен, домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптардан сабақтар жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, қандасымыз Ұшқын Жамалбек осы мектептің ішінен жеке студия ашқан. Мұнда отандық түрлі фильмдерге саундтректер жазумен шұғылданады.

– Жолдасым Жайна «Балаларға арналған өнер орталығын неше ашпасқа?» деп ұсыныс айтты. Ойлана келе әрі бір-бірімізбен ақылдаса отырып, нәтижесінде осындай өнер орталығын аштық. Бұл орталықтың өзгелерден ерекшелігі – тек қана өнер емес, білім де бар. Яғни мұнда түрлі тіл курстары да бар. Орталыққа келуші балаларды өнерге де, білімге де баулимыз. Сондай-ақ оларды елімізде өткізілетін түрлі кастингтерге қатыстырамыз, - дейді ол.

Әнші әрі композитор Ұшқын Жамалбек алдағы уақытта осы салада қызмет етуді жоспарлап жүргендерге өзінің пайдалы кеңестерімен бөлісті.

– Ең бастысы шыншыл болу керек. Кез-келген адам әрдайым өзіңе-өзі анализ жасап отырғаны дұрыс деп есептеймін. Ол «Мен қандай мамандықты таңдауым қажет?», «Өнердің қай саласына баруым керек?» сынды өзгеде сауалдарға жауаптар іздегені жөн. Жалпы өнердің қай саласын таңдаса да, соны шынайы сүю керек. Адам өзінің ұнатқан ісімен айналысса, нәтижесінде көптеген жетістіктерге жетеді, - дейді ол.

Сондай-ақ қандасымыз кез келген адам өмір жолында әрі қызметінде өз-өзіңе әрдайым айқын мақсаттар қоюды да еш ұмытпаған жөн дейді.

– Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, міндетті түрде өз-өзіңе нақты мақсаттар қоя білуі керек. Мақсаты айқын болса, оған жетуде іс-әрекет те айқын әрі рет-ретімен болады. Сол жолда кездескен түрлі қиындықтардан мойымай, төтеп бере алады. Және кәсіби тұрғыда білікті де білімді маман екенін дәлелдейді әрі өнердің үлкен белесіне көтеріледі. Осылайша һәм тарихта да қалуы әбден мүмкін. Ал мақсаты жоқ адамның өмірде өз-өзің табуы өте қиын екені рас, - дейді қандас.

«Ең бастысы шыншыл болу керек»

Былтыр наурыз айында күллі әлемге таралған жұқпалы індетке байланысты көптеген сала мамандарының жұмыстарына өзгерістер енгізілген еді. Ұшқын Жамалбек карантин уақытында жаңа әндеріне аранжировка жазумен шұғылданған. Сондай-ақ ол әлемдік деңгейдегі концерттерді онлайн тамашалағанын айтады.

Оған қоса, кейіпкеріміз карантин кезінде жұмыс бабымен жүріп көруге уақыт таппаған фильмдерін көріп, оқуға жұмыстан қолы тимеген кітаптарын оқығанын айтады.

– Бастысы үй-ішімізбен карантиндік талаптарға сай сақтық шараларын ұстандық. Өздеріңіз білесіздер, мен көпшілік ортада жұмыс жасамаймын. Музыкалық аспаптарымды үйге апарып, сол жақта жұмыс істедім, - дейді әнші.

Бүгінгі таңда композитордың әндерін эстрада әншілерінен Әсет Есжан, Мөлдір Әуелбекова, Төреғали Төреәлі, Гүлнұр Оразымбетова, Ochooou және «Алашұлы» тобы үлкен сахналарда орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сондай-ақ Ұшқын Жамалбек «Тасөткел», «Тар заман», «Кейкі мерген», «Бір сен үшін» фильмдеріне саундтректердің авторы әрі орындаушысы. Оған қоса, балаларға арналған «Мұзбалақ» сынды мультфильмдерге де саундтректер жазған.

Қандасымыз елге келгеннен кейін арада төрт-бес жыл өткен соң Қазақстанның азаматтығын алады. Ал ата-анасы мен туыстарын көру үшін жылына бірнеше рет Қытайға қатынағанын айтады. Әке-шешесі мен бауырлары мекендеген Күнес аймағында шамамен 160 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Ал араға он жыл салып, қандасымыздың көптен күткен арманы орындалды. Ол былтыр сол жақтағы әке-шешесін тарихи отаны Қазақстанға көшіріп әкелген екен.

– Мен Қазақстан туралы шамамен бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенде еститінмін. Сол уақытта үлкендер «Қазақстан атты өзіміздің тарихи отанымыз бар. Еліміздің басшысы қазақ азаматы» дегенді естігенде іштей қуаныш әрі мақтаныш сезімі болатын. Кейін есейе келе өнерге кәсіби тұрғыда қызығушылық таныта бастаған уақытта қазақстандық мәдениет саласының адамдарының өнерлеріне тәнті бола бастадым. Тіпті сол кісілермен бір сахнада өнер көрсеткім келетін. Содан осы мақсатымды жүзеге асыру үшін әрі кәсіби тұрғыда білімімді жетілдіру үшін де әрі тарихи отанымыз болған Қазақстанға келуге асық болдым, - деп еске түсірді кейіпкеріміз.

Домбырасын жанына серік етіп, Атажұртты аңсап келген қандасымыз елге келген кезде бірде-бір туысы болмағанын айтады.

– Әлбетте, бір мемлекеттен бір мемлекетке көшу оңай емес. Өмірде барлығы да адамның ойлағанындай да бола бермейді ғой. Алғаш келген уақытта айналамдағы адамдардың көбісі орыс тілінде сөйлейтіндер болды. Еліміздің бас қаласы – енді бой көтере бастаған кезі. Қала ішінде түрлі-түрлі биік-биік ғимараттардың жаңадан салынып жатқан тұсы болатын. Ең бастысы өз еліміз, өз жеріміз, өз тіліміз, өз заңымыз болғаны қуантты, - дейді ол.

Бүгінде Ұшқын Жамалбек Жайна есімді сүйген жарымен 3 перзентті тәрбиелеп отыр. Жолдасы да Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Қазіргі таңда өздерінің жеке өнер орталығында күйеуімен бірге қызмет етеді.

Қандасымыз әрі эстрада әншісі отбасымен және әке-шешесімен бірге тату-тәтті өмір сүріп келеді. Оның ендігі жоспары – шекараның ар жағында тұратын атасы мен әжесін де елге біржола көшіріп алу.

– Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, кез келген адамның арманы болады емес пе? Менің арманым – осы ұлттық әуенімізді күллі әлемге кеңінен насихаттау. Қазақтың ұлттық өнерлерін төрткүл дүниенің кіл мықты өнер жұлдыздарының өнерімен бәсекелестіру. Осылайша барша әлем халықтарына паш ету, - деп сөзін түйіндеді Ұшқын Жамалбек.

(Суреттер Ұшқын Жамалбектің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға