Жаңалықтар

Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды
Фото: olympic.kz 18.04.2023 10:42 1588

Дзюдодан Қазақстан ерлер және әйелдер құрама командалары Қатар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатына қатысады. Әлем біріншілігі 7-14 мамыр күндері өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама спортшылары әлем чемпионаты алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов спортшылардың әлем чемпионатына қалай іріктелгені туралы айтты.

Әлем чемпионаты – маусымның ең маңызды жарыстарының бірі. Біздің міндетіміз осы жарысқа барынша дайындалып, спортшыларды жақсы формаға келтіру болды. Әлем біріншілігіне спортшылар әр салмақ бойынша осы маусымдағы көрсеткіштеріне қарай іріктелді. Құрама спортшылары жыл басталғаннан бері бірнеше Гран При, Grand Slam жарысына қатысты және құрама спортшылары жыл басынан барлық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осындай нәтижеге қарай бапкерлер құрамы әлем чемпионатына қатысатын құраманы жасақтады. Нәтижесінде Доха татамиінде ел намысын аға буын өкілдері де, жас дзюдошылар да қорғайтын болады, - деді бас бапкер.

Сүлейменов қазір дзюдошылар Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында жаттығуын пысықтап жатқанын, себебі әлем бірінішілігінен бөлек елордада Grand Slam жарысы өтетінін алға тартты. Сондықтан спортшылардың жарақатсыз болуы өте маңызды.

Біз күш көрсеткіштері бойынша, техника мен тактика бойынша көп жұмысты жетілдіреміз. Әлем чемпионаты жылдың ең маңызды додасы болғанымен, одан кейін бізді Астанада өтетін Grand Slam жарысы күтіп тұр. Өз жерімізде өтетін әлемдік бәсекеде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бізге әлем чемпионатынан жарақатсыз, абыроймен оралу аса маңызды, - дейді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Дохада өтетін дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі:

Ерлер:

60 келі: Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев

66 келі: Ғұсман Қырғызбаев 

73 келі: Жансай Смағұлов, Данияр Шамшаев

81 келі: Абылайхан Жұбаназар

90 келі: Дидар Хамза, Айдар Арапов (mix team)

100 келі: Нұрлыхан Шархан

100 келіден жоғары салмақ дәрежесі: Ғалымжан Қырықбай

Әйелдер:

48 келі: Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева

52 келі: Толғанай Әбеуова

57 келі: Бақыт Құсақбаева

63 келі: Эсмигуль Куюлова 

70 келі: Анастасия Маякова

78 келі: Аруна Жангельдина

78 келіден жоғары салмақ дәрежесі: Камила Берліқаш, Ақерке Рамазанова

Айта кетерлігі, Дохада өтетін әлем чемпионаты Париж олимпиадасы алдындағы соңғы әлем біріншілігі болып саналады. Жарыс нәтижесі бойынша спортшылардың әлем және Олимпиада рейтингтеріне тиісті ұпайлар үлестіріледі. Атап айтқанда, әлем чемпионы – 2000, күміс жүлдегер – 1400, ал қола жүлдегер 1000 ұпайдан еншілейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға