Жаңалықтар

Дзюдодан ӘЧ. Қазақстан құрамасы жекелей сайысты медальсыз аяқтады

Дзюдодан ӘЧ. Қазақстан құрамасы жекелей сайысты медальсыз аяқтады
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 14.05.2023 03:38 889

Қатар астанасы Дохада дзюдодан әлем чемпионатының жекелей сындағы сайыстары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7-ші жарыс күні аса ауыр салмақтағы жүлделер сарапқа салынып, Қазақстанның намысын үш спортшы қорғады, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз-қызметі. 

Ерлер арасында Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) өнер көрсетті. Бірінші айналымда Кипр балуанын ұтқан Ғалымжан, екінші кездесуде эстониялықты жеңді. Ал үшінші айналымда әлемдік рейтінгте екінші орында тұрған өзбекстандық Алишер Юсуповтан жеңіліп қалды.  

Әйелдер арасында +78 келіде екі дзюдошымыз татамиге шықты. Ақерке Рамазанова алдымен Үндістан өкілін таза ұтып, артынша Олимпиада және әлем чемпионы – Жапония өкілі Акира Сонеге есе жіберді.

Камила Берліқаш та екі кездесу өткізді. Анголалық Крислайн Родригесті ұстап тұру әдісімен жеңгеннен кейін, үшінші айналымда Италия өкілі Ася Таванодан жеңілді.

Ерлер құрамасы чемпионатты Нұрқанат Серікбаев пен Нұрлыхан Шархан иеленген екі жетінші орынмен аяқтап отыр. Құрамада Франциядан келген кеңесші-жаттықтырушылар жұмыс істейді. Бірақ, олардың енгізіп жатқан жаттығу процессі нәтиже беру үшін уақыт керек деп ойлаймын. Бізде қазір фармакология ақсап тұр. Екі белдесудің арасында уақыт тығыз болғанда, спортшыларымыз қалпына келіп үлгермейді. Күш жинауға мүмкіндік болмай жатады. Сондықтан, осы мәселелерді қолға алуымыз керек. Маусым айында Астанада Grand Slam жарысы өтеді. Біз бір салмақта төрт адамнан қоса аламыз. Одан кейін, 32 мықты қатысатын Masters турнирі бар. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша біз жазғы Азия ойындарына баратын спортшыларды анықтаймыз, - деді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Қазір құрамада жастар көп. Тәжірибе жинау керек. 2-3 жылдан кейін нәтиже береді деп ойлаймын. Халықаралық дзюдо федерациясы қазір ережелерге де өзгерістер енгізіп жатыр. Жылдам күресу керек. Төрешілер дем алдырмайды. Тұрып қалған спортшыларға бірден ескерту береді. Ал біз ел ішілік жарыстарда асықпай күресеміз. Сондықтан, үйрену керек. Жалпы қыздарымыздың деңгейі жаман емес, өсіп келеді, - деді Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев.    

Әлем чемпионаты 14 мамыр күні аралас командалық сайыспен аяқталады. Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуде Германия командасымен шеберлік байқасады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға