© Getty Images

Джей Ло және қазақ әйелі: Қырықтан асқанда да «құлын мүсін» болу мүмкін бе?

Америкалық әнші, актриса Дженнифер Лопестің Қазақстанға келіп, концерт қоюы қазақ қоғамында әртүрлі пікір туғызғаны рас. Біреулер оның тым ашық киіміне сын айтса, енді бірі келбет-сымбатына сүйсініп, алпыс жасқа таяса да әлі де жас, сергек көрінетініне таң қалысты. Қалай десе де, бұл жағдай әйел денсаулығына, күтіміне қатысты қоғамда қордаланған көп түйінге назар аудартқанын байқаймыз.

Әсіресе 40 жастан асқан әйелдер үшін бұл концерт денсаулығына көңіл бөлуге, мінсіз мүсін мен сергек өмірге ұмтылуға түрткі болғандай. Алайда бұл уақытша әсер ме, әлде нақты бетбұрыс па? Қазақ әйелдері орта жастан асқанда қандай қиындықтарға тап болады және Голливуд жұлдызындай сергек қалпы мен сұлу сымбатын сақтап қалу қаншалықты мүмкін?

Орта жастан асқан қазақ әйелінің бейнесі

Елімізде 40-45 жастан асқан әйелдердің көпшілігі тұрмыстық, отбасылық және қызметтік жүктемемен қатар, өз денсаулығын екінші орынға ысырып қоятыны жасырын емес. Мамандардың айтуынша, жасы ұлғайған сайын әйел организмі үлкен өзгерістерге ұшырайды, соның ішінде көп кездесетін мәселелер: гормондық теңгерімнің бұзылуы (менопауза, қалқанша безінің бұзылыстары), артық салмақ пен зат алмасу проблемалары, қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабетіне бейімділік, сүйек массасының азаюы (остеопороз), психоэмоционалды күйзеліс, ұйқысыздық, әлсіздік т.б.

Превентивті дәрігер, терапевт-нутрицолог Айгерім Биболатқызының айтуынша, әйелдердің көбі денсаулығын күтпей, ауруын әбден асқындырып алған соң ғана дәрігерге қаралып жатады. Қоршаған ортасы, отбасының көңілін табамын деп бар күш-қуатын сарқып, шаршап, қажып, депрессияға ұшырап жататын әйелдер көп.

Джей Ло және қазақ әйелі: Қырықтан асқанда да «құлын мүсін» болу мүмкін бе?

Әйел адамның ішкі ресурсы азайғандығының бастапқы белгісі – қатты тола бастауы. Бұл бүйрек үсті безі жұмысының нашарлағанын білдіреді. Бетін пигментация басады. Есте сақтау қабілеті күрт төмендейді. Буындары сырқырай бастайды. Қан қысымы жоғарылайды немесе төмендеп кетеді, - дейді Айгерім Биболатқызы.  

Әйел денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек

Мұндай жағдайда не істеу керек? Дәрігердің айтуынша, әйел саналы түрде өз денсаулығы үшін жауапкершілікті сезініп, нақты шешім қабылдаған кезде ғана ағза қалыпқа келеді.

Өзіңді күту деген қарапайым қадамдардан басталады. Мәселен ауызды тыю, жаттығу жасау, су балансын сақтау, уақтылы анализдер тапсырып тұру, өзіне уақыт бөлу, шаршап, шалдығып әлі құрығанша тірлік істеп, өзін қажытпау, ауырса, жақындарынан көмек сұрап, шыдап жүре бермеу керек, - дейді дәрігер.

Көптеген дамыған елдерде әйелдер орта жасқа келгенде денсаулығын басты орынға қояды. Таңғы жүгіру, дұрыс тамақтану, йога, профилактикалық тексерістер – бұл олардың күнделікті өмір салтына айналған. Олар үшін денсаулық – инвестиция, ал өзін-өзі күту – жауапкершілік. Медициналық сақтандыру жүйесі мен саламатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық қолдау – басты себептердің бірі.

Ал біздің елде әйелдің күтім жасауы көбіне сән немесе «еркеліктің белгісі» ретінде қабылданатыны жасырын емес. Денсаулықты тек ауырғанда ғана еске түсіру – кең таралған әдет. Дәрігерге дер кезінде қаралу, спортпен тұрақты айналысу, дұрыс тамақтану әлі күнге дейін біркелкі мәдениетке айналмаған. Ендеше дәрігерге ауру асқынғанда бармай, ауырмайтын жол іздеу мәдениетін әйелдерге қалай қалыптастыруға болады?

«Ыңғайлы әйел» ролінен шыға алмай жүрсіз бе?

Қазақ әйелдері денсаулығын ойламауды, күтінбеуді әдейі жасап жүрген жоқ. Көпшілігінде «Мен қазір өз денсаулығымды ойлап, оған ақша жұмсай бастасам, күйеуім ұрсады, балаларымның аузынан жырып алып қоямын» деген өздерінің бір қорқынышы бар. Сондай түсініктің артында қаншама әйелдің ауруы асқынып, тіпті өліп те кетіп жатыр. «Ыңғайлы әйел» ролінен шыға алмай, соңына дейін шыдап, күйеуіне, ата-енесіне, балаларына жағамын деп жүріп қаншасы депрессияда жүр. Ондай әйелдер 40-тан асқан соң аутоимунды ауруға шалдығады, тіпті кейбірі онкологияға душар болады, - дейді Айгерім Биболатқызы.

Дәрігердің айтуынша, біз ұрпағымыздың саулығын, болашағымыздың кемел болуын ойлайтын ұлт болуды қаласақ, әйел денсаулығына немкетті қарамауымыз керек. Жалпы қоғамда әйелдің денсаулығын күтуге деген көзқарас түбегейлі өзгеруге тиіс.

Қарапайым ғана мысал, босанып келген әйелді күту мәдениеті бізде әлі де дұрыс қалыптаспаған. «Біз өлген жоқпыз, бала туған сен ғана емессің...» деген сөздің кесірінен қаншама әйел жатырдың түсуі, іріңдеуі, жатырдың күрделі ауруларына тап болып жүр. Сол үшін әйел қажет кезде өзіне басымдық беруге қорықпауы керек. Және бұл қажеттілікті ешқандай өзімшілдік немесе эгоистік көзқараспен шатастырмау керек. Әйел – дүниеге ұрпақ әкелуші, үйдің, отбасының ұйытқысы, әйелдің көңілі, саулығы, сезімі орнында болғанда ғана айналасы да бақытты, - дейді Айгерім Биболатқызы.

Тегін скрининг пен мамографияның өзін өтпейтіндер көп

Гинеколог Мөлдір Баратбаева әйелдер жыл сайын міндетті түрде скринингтік тексерістен өтіп тұруы тиіс дейді. Дәрігердің айтуынша, бұл тексеріс тегін болса да, денсаулығына алаңдап, алдын ала тексерістен өтпейтін қыз-келіншектер жетерлік екен.

Джей Ло және қазақ әйелі: Қырықтан асқанда да «құлын мүсін» болу мүмкін бе?

Әйелдер қауымы жыл сайын емханада жасалынатын скринингтен қалмауы керек. Ол тегін. Қазір жатыр мойны обыры өте көп. Себебі әйелдер осы міндетті скринингтен уақытында өтпейді, сөйтіп ауруын асқындырады. Жатыр  мойны обырының алғашқы стадиясы – эрозия. Ол асқынған соң жаман ауруға ұласады. Көп жағдайда бұл ауру білінбей өтеді. Мысалы бүйрек ауырса, сыздайды, жүрек ауырса, қан қысымы бұзылады. Яғни белгілері болады, байқалады. Адам ауыра бастағанын сезеді. Ал жатыр мойны эрозиясында да, обырында ешқандай белгі, симптом болмайды. Сол үшін міндетті түрде әрбір әйел скринингтен өтуі керек. Келесі міндетті тексеріс ол – мамография. Себебі сүт безі онкологиясы бойынша да біздің еліміз жоғары орында тұр, - дейді гинеколог.

Дәрігердің айтуынша, денсаулыққа немкетті қараудың, уақытылы дәрігерге бармаудың салдары ауыр болуы мүмкін. Қазірде әйелдерде кездесетін гинекологиялық аурулардың көбейгені алаңдатпай тұрмайды.

40 жастан кейін ең жиі кездесетін гинекологиялық проблемалар – жатыр миомасы, эндометриоз, эндометрит, жатырдың түсуі және жатыр обыры. Неге бұл аурулар жиілеп кетті дегенге тоқталсақ, бала босанатын жастағы әйелдің бүкіл зейін-назары балада болады. «Баланы өмірге аман-есен әкелейін, өмірге әкелген соң емізейін, сосын омыраудан шығарайын» дейді, сол аралықта екіншісін, артынша үшіншісін көтеріп қойып жатады. Одан бөлек тұрмыстық күйбең тіршілік, үйдің шаруасы бар. Осылай жүріп, әйелдер өздерін ұмытып кетеді. Содан кейін орта жастан асқан соң бірден түрлі аурулар шыға бастайды, - дейді дәрігер.

Джей Ло және қазақ әйелі

Әлемдік әнші, актриса Дженнифер Лопестің Қазақстандағы концерті ел тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қазақ әйелдеріне мотивация беріп, ой салғандай. Алпысқа таяса да, әрін бермеген, келісті сымбат, мінсіз мүсініне тәнті болған қыз-келіншектер жағы әлеуметтік желіде спортпен айналысып, өзіне күтім жасау керек екені туралы жиі жаза бастады.

Жалпы Джей Ло – ерекше күтімдегі өнерпаз. Ел алдында жүрген соң ол өзінің түр-тұлғасына айрықша көңіл бөлетіні түсінікті. Әрі оның айналасында жеке жаттықтырушы, диетолог, косметолог, массажист, стилист, медқызметкерлерден құралған тұтас команда бар. Десе де нәтиженің кілті – жүйелі әрекетте, табандылықта болатыны да белгілі. «Егер қазақ әйелдері де өз денсаулығы мен мүсініне солай мән берсе – мүмкін емес ештеңе жоқ» дейді мамандар.