Дженнифер Лопестің жанкүйерлері концертке билет ала алмай отыр

Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билеттер сатылымға шыққан бойда Ticketon.kz сайтына кірушілер саны күрт артып, уақытша істен шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін билеттер 11 сәуірде сағат 11:00-ден бастап сатылымға шығатыны хабарланған болатын. Оның бағасы 40 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленген.
Желі қолданушылары сайттың уақытша істен шыққанына шағымдануда. Оған кірушілердің санының көптігі себеп болып отыр.
Қазіргі таңда сайтқа кірген кезде келесідей хабарлама шығады:
Сіз кезекте тұрсыз. Күткеніңізге рахмет. Шамамен 2 сағат 45 минуттан аса уақыт күтуіңіз керек. Сайтқа кірушілер саны көп болғандықтан, виртуалды кезек қолданылады, бұл бір уақытта сайтты пайдаланушылар санын шектейді. Ол сайттың оңтайлы жұмысын қамтамасыз етеді, - делінген хабарламада.
Бұл жағдайға байланысты виртуалды кезек енгізілгені мәлім болды.
Freedom Ticketon желі қолданушыларынан осы жағдайды түсіністікпен қабылдауды сұрады.
Құрметті көрермендер! Назар аударуларыңызды сұраймыз: Дженнифер Лопестің концертіне билеттер тек ресми Ticketon.kz сайтында сатылады. Сайтқа кірген қолданушылар саны өте көп болғандықтан, виртуалды кезек енгізілді - бұл жүйе сайтқа бір мезгілде кіретін адамдар санын шектеп, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі. Қазіргі күтудің орташа уақыты сайтта көрсетілген. Билеттерге сұраныс ұсыныстан екі есе артып кеткенін ескере отырып, осындай шара қабылданды. Бұл барынша көп көрерменнің қысқа мерзім ішінде билет алуына мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар компания билеттердің жойылуы туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Барлық ақпарат тек ресми сайтта https://ticketon.kz/ жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Дженнифер Лопестің Астанада концерт беретіні жайлы жазған болатынбыз.
