коллаж El.kz

Дженнифер Лопесті таңғалдырған қазақ дизайнерлері

04.08.2025 18:28

Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің (Джей Ло) командасы костюм дайындау ісін қазақстандық мамандарға сеніп тапсырды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында отандық дизайнерлер Зияда Бекбасова мен Алтынай Ракишева айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зияда Бекбасованың айтуынша, Джей Лоның концертіне дайындық барысында ұйымдастырушылар қазақстандық шеберлермен жұмыс істеуге ұсыныс жасаған.

Концертті ұйымдастырушылар Джей Ло командасымен жұмыс істеу үшін бізге ұсыныс жасады. Бұл – үлкен мәртебе. Сондықтан бірден келістік, – дейді дизайнер.

Алғашқы жұмыстарынан-ақ кәсібилігін дәлелдеген отандық шеберлерге Джей Лоның жеке костюмдерін де сеніп тапсырыпты. Барлық костюмдерді жаңартып, әшекейлерін қалпына келтірген. Бұл істі Асқар есімді бас шебер өз қолымен орындаған.

Барлық образды толықтай дайындадық. Бишілер, лайв-бэнд, бэк-вокалдағы әртістердің әрқайсысында 5-6 костюмнен болды. Жұлдыздың командасы біздің шеберлігімізге көз жеткізген соң, Джей Лоның өзі киетін костюмдерін де реставрациялауға берді, – дейді студия қонақтары.

Костюмерлердің айтуынша, әлемдік деңгейдегі шоуда жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Әр киімде иесінің аты жазылып, орналасу орны нақты көрсетілген. Барлық костюм арнайы секторларға бөлініп, талапқа сай орналастырылған. Тіпті, отандық мамандардың кәсібилігіне риза болған Джей Лоның командасы оларды сахна артына арнайы шақырып, концертті бірге тамашалауға мүмкіндік берген.

Ағылшын тілінде еркін сөйлегеніміз көп көмектесті. Олар жұмысымызға риза болып, бізге концертті сахна сыртынан тамашалауға мүмкіндік берді. Бұған дейін басқа концерттерде мұндайға жол берілмеген екен. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді стилист-костюмерлер.

Сондай-ақ, дизайнерлерге Джей Лоның концерттік турына арналған мерч өнімдерін тігу ұсынылған. Алайда, уақыттың тапшылығына байланысты бұл ұсыныстан бас тартуға тура келген.

Бізге турға арналған арнайы өнімдер шығаруға ұсыныс жасалды. Бірақ, өкінішке қарай, уақыт тым аз болды. Біз үшін бастысы – сапа. Аз уақыт ішінде мінсіз өнім жасау мүмкін емес еді, – дейді Зияда Бекбасова.

Айта кетейік, бұл – отандық сән индустриясы үшін үлкен жетістік. Қазақстандық мамандардың шеберлігі әлемдік жұлдыздар тарапынан жоғары бағаланып отыр.