Жаңалықтар

ДЖАВАХАРЛАЛ НЕРУ. ЖӘНЕ АЗДАП – ҮНДІСТАН

Үндістанның алғашқы премьер-министі мен алаш қайраткерлерін не біріктіреді?
ДЖАВАХАРЛАЛ НЕРУ. ЖӘНЕ АЗДАП – ҮНДІСТАН
08.09.2017 08:40 12025

Көптеген әдебиеттен байқар едіңіз. Әсіресе, қазақ-совет әдебиетінен. Құлаққа түрпідей тигені өз алдына, былайынша - есте нобайы қалғанымен, дәл атауы қалуы қиын "Джавахарлал" деген есімді пайдаланбауға тырысатынын. Көбіне, "Неру" деген ныспысын қолдануға үйір екендігін аңдайсыз. Ал енді, бұл жанның өміріне әрі қарай тереңдеген адамға, неге екені белгісіз - тәуелсіздіктің туы болған Алаштықтармен параллельдер келе береді. El.kz бұл ғұламаның тар жол - тайғақ кешуінен бастап, өз күресінің шыңына жеткенге дейінгі өмір жолын баяндауды жөн көріп отыр.

 

Ол кім?

Джавахарлал Неру - Үндістанның тәуелсіздігі жолында күрескен әрі алғашқы премьер-министрі болған тұлға. Отаршылдықпен күресті жалпыұлттық қозғалысқа айналдыра білгенімен қоймай, оның саяси нәтижелерін туған ұлтының пайдасына шеше білгені - әлі де зерттеулердің нысаны болмақ. Ал қазақтың Алаш қайраткерлеріне ұқсатқан жеріміз - оның әлеуметтік табынан бастап, кейінгі істеріне дейін.

Бұл мақаладағы барлық мәліметтер академиялық дереккөздерден алынған.

 

***

Джавахарлал - "қызыл түсті асыл тас" дегенді білдіретін есім.

 

***

Джавахарлалды туған күні сайын (1889 жылдың 14 қарашасында туған) әкесі таразыға өлшейді екен. Кірдің тасы ретінде күріш, бидайды қоятын болған. Баланы өлшеп болғаннан кейін, ол күріш, бидайды кедей-кепшіктерге таратып беруді әдетке айналдырған. Сондықтан, әр жылдың 14 қарашасы күні Джавахарлалдың үйіне жоқ-жітіктер жиналады екен. Мұндайды көріп өскен Джавахарлал бір күні әкесінен туған күнін жиірек тойлауға болмай ма деп сұрапты.

Джавахарлал ата-анасымен бірге ©pakistansource.com

***

Джавахарлалдың әкесі - Мотилал Неру 1899 жылы жылдар бойы қалыптасқан үнді дәстүрін бұзған. Ол Еуропадан келген соң "тазару рәсімінен" өтуден бас тартқан. Бұған дейін шетелге шығып келген адам міндетті түрде Ганг өзеніне шомылып, тазару рәсімінен өтіп келген екен. Оның бұл қылығы достарынан бастап, ірі брахман одақтастарына ұнамай, көбісі одан бас тартқан. Есесіне оның жақтастары да пайда болды. Шетелге шыққысы келетін, бірақ индуизмнің кейбір шарттарын бұзып, ағайындарымен, дос-жарандарымен кикілжіңге кеп қаламын деген жаңа толқын өкілдері Мотилалды қолдады.

Мотилал Неру - Аллахабад аймағында танымал адвокат болған, бірнеше тілдерді білген; Джавахарлалдың отбасының ауқатты болуы да содан.

 

***

Джавахарлалдың балалық шағында Үндістан әлі Ұлыбританияның отары болатын. Үнділердің құқықтары әбден тапталған шақ еді. Мысалы, үнділерге пойызда ағылшындармен бірге бір купеде отыруға тиым салынды. Сонымен бірге, үнділерге - ағылшындар жүрген парктер мен қоғамдық орындарда жүруге болмайтын. Бұған қоса, ағылшын мен үнді әйелінің некесінен туған "еуразиялықтар" деп аталатын метистер де - қарапайым үнділерге биіктен қарайтын. Джавахарлалдың балалық шағы осындай ұлт араздығы және әлеуметтік теңсіздіктен туындаған толқулар мен қақтығыстар кезеңіне тұспа-тұс келді.

 

***

Джавахарлалдың шешесі Суарупани - кашмирлік. Кашмирліктер қатардағы үнділерден құқықтары әлдеқайда жоғары болды, мысалы, кашмирлік әйелдерге ерлердің арасында отыруға рұқсат еді. Ал атасы Радж Кауль парсы және санскрит тілдерін жетік білгендіктен императорға жақын болған. Император Радж Каульді патша сарайына жақын жерге - Делиге көшіріп, оған каналдың жағалауынан жер берген. Неру деген ат та сол кезде жабысыпты, ол санскритше "канал" дегенді білдіреді екен.

 

***

1857-1859 жылдардағы сипайлар көтерілісі кезінде ағылшын жазалаушы жасақтары Нерулердің бүкіл әулетін дарға тарта жаздаған. Сүйтсе, әлі дүниеге келмеген Мотилалдың апасының шашы жирен екен. Жазалаушылар оны ағылшындардан ұрланған бала деп, Нерулердің әулетін  тұтқындап, өлім жазасына тартпақшы болған. Тек ағылшын тілін білгендері және кездейсоқ адамдардың куәлік етуі ғана бұл отбасыны өлімнен құтқарған.

 

***

Джавахарлал Неруді әкесі мен шешесі 1905 жылдың 31 мамырында Англияға оқуға әкелді. Ол Лондонның Харроу мектеп-пансионатына берілді.

 

***

Джавахарлалдың оқудағы үлгерімі жақсы болды. Тек латын тілі пәнінен қатарластарына қарағанда нашарлау болды. Оны белсенді оқшы болды деуге әбден болады. Оқу жылдарында ол шахмат клубына жазылып, футболмен, крокетпен, гимнастикамен, ат спортымен айналысты. Айта кету керек, Джавахарлал бұл кезеңде Англиядағы үнді патриоттарымен еш байланысқан жоқ.

 

***

Байырғы Үндістанды бөлу саясаты Джавахарлалдың оқу жылдары жүзеге асырылды. Үндістанның  губернаторы Керзонның Бенгалияны мұсылмандар мен индустарға бөлуі - әрі қарайғы қанды оқиғалардың басы болатын.

 

***

1907 жылы Джавахарлал - Кембридждің әулие Троица колледжіне түсті. Ол мұнда да белсенді болды, көптеген клубтар мен қауымдастықтарға мүше болды. Солардың бірі - "Мылжыңдар" қоғамы". Мұндағы тәртіп бойынша, семестр бойы баяндама жасамаған қоғам мүшесі айыппұл төлейді екен.

 

***

Джавахарлал Кембридж университетін 1909 жылы аяқтады. Ал 1912 жылы - жеке адвокаттық практика құқын алды. Осылайша оның Англиядағы жеті жылдық оқу хикаясы аяқталды. Сол жылдың күзінде ол елге оралып, әкесінің адвокаттық кеңсесінде еңбек жолын бастады. Және өзінің өмірінде басты рөл ойнайтын Үнді Ұлттық Конгрессіне де сол жылы мүше болды, алайда, бұл кезеңде белсенділік танытпады.

 

***

1916 жылы Делидегі кашмир шонжарларына (брахман) жататын Джавахармул Каульдің қызы - Камалаға үйленді. Үлкен тойдың кейбір жәйттерін айтсақ: Неру әулеті Делиге 300 қонақ ерте барып, олар құдалардың, тіпті олардың көршілерінің үйіне де сыймай, далаға шатырлар тігуге мәжбүр болған. Той - қыздың үйінде тоғыз күн болып, кейін жігіт жағында бірнеше аптаға созылған.

 

***

1916 жылдың 20 маусымында Аллахабад қаласында Джавахарлал алғашқы рет халық алдында сөйледі. Өзінің естелігіне сүйенсек, "мен қысқа ғана және ағылшынша сөйледім".

 

***

1916 жылдың желтоқсанын Джавахарлал өміріндегі елеулі кезең деуге болады. Ол сол кезде Лакхнау қаласында үнділердің тағы бір ұлы тұлғасы - Мохандас Гандимен танысты. Бұл кісі біздерге көбіне "Махатма" деген атпен белгілі. Ендеше бұл - халық берген лақап ат, мағынасы - "кеңпейіл" дегенді білдіреді. Ал Джавахарлалды халық "Бхарат Бхушан" - "Үндістанның меруерті" деп атады.

Джавахарлал Неру мен Мохандас Ганди ©tqn.com

***

Мохандас Ганди - қантөгіссіз қарсылық көрсету("сатьяграха") теориясының атасы. Кейінгі тарихтан көретініміздей, саяси күрестің бұл әдісі Үндістанға ақыры тәуелсіздік әкелді. Бұл әдіс бойынша үнділер бас көтеру кезінде қолына еш қару алмаған және жаппай "хартал" ұйымдастырған. "Хартал" деген - тура мағынасында "дүңгіршектерді жабу" дегенді білдіреді. Яғни наразылық ретінде дүкендер, мекемелер мен базарларды жауып тастайды.

 

***

1917 жылдың 19 қарашасында Джавахарлал отбасында қыз дүниеге келді.

 

***

Біздің Жетісу сияқты, Үндістанның Панжаб аймағында - Бессу деп аталатын аймақ бар, онда Инд өзеніне құятын бес су - Джелам, Чанаб, Рави, Беас және Сатледж тоғысады.

©pakistansource.com

***

Джавахарлал, 1919 жылы Панжабтағы ағылшын әскерлерінің үнділердің бейбіт шеруіне қарсы оқ ату (жалпы саны 1 650 патрон атылған) оқиғасын тергеп, нәтиежелерін 1920 жылы басып шығарды. Ол бірнеше томнан құралды және алты жүз куәгердің куәлік етуін қамтыды. Бұл еңбек үнді халқына кеңінен тарап, ағылшын үстемдігін әшкерелейтін ірі еңбек болды.

 

***

Махатма Гандидің сатьяграха саясаты, яғни - бебіт қарсылық көрсету ұстанымы бұл кездерде жемісін бере бастады. Мыңдаған үнділер полицияға келіп, өздерін тұтқындауды сұрады;  тіпті талап етіп, абақтыларға күшпен кірді. Мұндай тактикаға қарсы ештеңе таппаған билік әбден абдырады: түрмелер лықа толды, ал оған ... өз еркімен қамалғысы келетіндер тіпті толастамады.

 

***

Осы кезеңнен 1947 жылға дейін Джавахарлал Үнді Ұлттық Конгрессінде түрлі қызметте болды, оның арасында - қала әкімшілігінде де бірқатар қызмет атқарды. Джавахарлал-Ганди тандемі жүргізген тоқтаусыз күрес ақыры ағылшын билігін Үндістанның тәуелсіздік мәселесін қарауға мәжбүр қылды.

 

***

1947 жылдың 15 тамызы күні күндізгі сағат 16:00-де Үндістан тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды. Джавахарлал Неру осы жылдан бастап 15 жыл бойы Үндістанның премьер-министрі болды. Айта кету керек, Британ Индиясына қарайтын Пәкістан бір күн бұрын - 14 тамыз күні тәуелсіз мемлекет атанды.

 

***

Тәуелсіздігін мойындағанымен, ағылшын билігі Үндістанмен ұзаққа дейін саудаласты. 1948 жылы Үндістаннан Цейлон аралы мен Бирма (қазір Мьянма) бөлініп кетті. Жалпы, Британ Индиясының ыдырауы - оның ішіндегі ең ірі аймақ болған Үндістан үшін ауыр тиді. Әсіресе, конфессияаралық қақтығыстардың ең озбыр түрлері осы кезеңдерде орын алды. Бұларға қоса, Джавахарлал Неруге қытай-үнді қақтығысымен де айналысуға тура келді.

 

***

Ақыры осы қытай-үнді қатынастарының мәселесі Джавахарлал Нерудің саяси беделін сарқып кетті десе болады. Себебі, шекара жөніндегі дауда үнділер қытайларға үнемі есе жіберіп отырды. Ал 1962 жылдың 20 қарашасында Қытай Үндістанды кезекті рет шабуылдап, кей тұстарда елге 80-100 шақырымдай бойлап кіріп кетті. Үндістан парламентінде алғаш рет Джавахарлал Неруге сенімсіздік вотумын жариялау туралы сөз болды.

 

***

Джавахарлал Неру 1964 жылдың 27 мамырында көз жұмды. Оның күлі өсиетіне сәйкес,  Үндістанның түрлі мекендеріне ұшақтармен шашылды.

 

***

Үндістан қазір – 1 млрд 200 млн-нан астам халық тұратын алып мемлекет, әлемдік аренада ірі геосаяси ойыншы. Бұл - кезінде Джавахарлал сияқты қайраткерлердің азаттық жолында аянбай күресуінің жемісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға