Жаңалықтар

Дұрыс тамақтану арқылы жасыңды ұзартуға болады – Төрегелді Шарманов

Адам миы белсенді жұмыс істеген сайын оның қартаюы бәсеңдей түседі
Дұрыс тамақтану арқылы жасыңды ұзартуға болады – Төрегелді Шарманов
Фото: жеке мұрағат 16.11.2022 16:44 3670

Америкалықтарда «Жүз жасап, жас күйімде көз жұмғым келеді» деген ұғым бар. Бұл ұзақ ғұмыр кешудің теңдесіз құнды ресурс екенін саралауға және түсінуге мүмкіндік береді. Ұзақ жасау мен дұрыс тамақтанудың сырын, салуатты өмір салтын ұстанудың құпиясын Ұлттық ғылым академиясының академигі,  Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтан сұрадық.

– Жеке тұлға үшін ұзақ өмір сүру дегеніміз не?

 – Ежелгі заманнан қалыптасқан ұғым бойынша кәрілік кейіп келеңсіз көрініс, жүзін әжім басқан, тісі жоқ, кимеңдеген иекті, шашсыз немесе ақ басқан, бүкшең тартып, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, аурудан шықпайтын адамның бейнесі. Бұл қазіргі кезеңде де жиі кездесетін жайт. Ғылыми көзқарастың тұрғысынан алғанда қазіргі заманда ұзақ жасау және кәрілік ұғымдары тек адамның жасымен өлшенбейді, бұл ұғымдардың арасы өте алшақ. Ұзақ жасауды жеке адам және қоғам көлемінде өзге, жаңа мәнде ұғынуға ұмтылу қажет.

Ұзақ жасау дегеніміз тек көп жыл бойы өмір сүру ғана емес, ол ауруға берілмеген, ақыл-ой дүниесі кең, түсінігі терең қалыпта өтетін, толыққанды өмір жылдары. Кәрілікке байланысты қабілетті жоғалту адамның нақты жасына тәуелсіз және егде адамның қалыптасқан нақты бейнесі жоқ. Көптеген адамның қабілетінің төмендеуі анағұрлым жас шағында орын алуы ықтимал. Мысалы, кейбір адам 60 жасында негізгі әрекетті орындауда бөгде жәрдемге мұқтаж болуы мүмкін. Еңкейіп, жүрісі кірбің шалған немесе таяққа сүйенген, оның үстіне нашар еститін адамды жиі кездестіруге болады. Олар алдынан бойын тік ұстап, аяғын нық басып, құшағын айқара ашқан жанды байқамауы да мүмкін. Алдыңғы адамның жуырда 60 жылдығын атап өткенін, ал екіншісінің 80 сеңгіріне шыққандығын білгенде, сенгің келмей, қайран қаласың.

Жеке тұлға үшін ұзақ ғұмыр кешу дегеніміз созылмалы ауруларға, есті жоғалтуға, басқа да дімкәстануға ұшырамастан, толыққанды еңбекке қабілеттілік сақталған өмір жылын білдіреді. Өмір сапасымен қамтамасыз етілген ұзақ жасау – стратегиялық инвестиция, оны көрегенді болашақтық саясат ретінде қарастыруға болады. Инновациялық және бәсекеге қабілетті саясаттың алғы шарты.

– Қай саланың маманы тез қартаяды?

 – Адам миы белсенді жұмыс істеген сайын оның қартаюы бәсеңдей түседі. Француз геронтологтың мәліметі бойынша 45 жастан асқан адамдар жаңа шет тілін, жаңа мамандықты үйрене бастаса немесе зерделік хоббимен шұғылданса, олардың қартаюы едәуір бәсеңдейтін болған. Ешнәрсемен шұғылданбайтын құрдасына қарағанда олардың организмінде қартаю жасушаларының түзілуі едәуір азайған. Жалпы алғанда, зерттеулер өмір бойғы кәсібі абстрактілі ойлаумен, математикамен, физикамен, химиямен, лингвистикамен және филологиямен байланысты адамдар дене еңбегімен айналысатын адамдарға, сондай-ақ мұғалім мен спортшыға қарағанда кешірек қартаятындығын көрсетеді.

Үй шаруашылығындағы адамдарда қартаю үрдістері ерте белең алады, ал актерлік мамандықтың өкілі, жазушы, ғалым мен саясаткер қартаюға кешірек ұшырайды. Мұндай жандардың жұмыстағы мансабының шыңы 40-тан 80 жас аралығында. Тіпті 90 жасқа дейін болады, олардың біліктілігі жасымен қоса өсе түседі. Әдетте ғалым, заңгер, саясаткердің ақыл-ой, шығармашылық әлеуетінің дәрежесі жоғары болады. Бұл еңбек-қызметінің тиімділігіне ықпал етеді және олар еңбегінің барысында табиғи дарынын ашып, жетекшілік дарынын шыңдап, өз саласын немесе елді табысты басқарады.

Салауатты ұзақ ғұмыр бірегей ақыл-ой иесінің, шығармашылық дарынды тұлғаның, үнемі миы қарқынды жұмыс істейтін адамның үлесіне тиесілі екендігін байқаймыз. Сондай-ақ жалқау, енжар, өмірге түңіле қарайтын адамның үлесіне тимейтіндігі де айқын көрінеді.

Жылқының киесі, сан түрлі дертке шипа қымыз, шұбат туралы жиі айтасыз. Ұлттық сусынның құрамында қандай дәрумен бар?

Жылқыны қазақ жануар деп атамай, қасиет тұтқан. Келісті сұлу сымбаты, жалын желбіретіп, даламыздың төсінде көсіле шапқан бейнесі халқымыздың байырғы көшпенді заманнан қалыптасқан символы іспетті. Ауыз әдебиетінде Ақан серінің өзінің сенімді серігі Құлагерге деген көңілін қайғы-мұң сарынды жыр-жоқтаумен жеткізуі бекер емес. Ерттеп мінсең, мүлтіксіз көлік, сіңімді еті тіл үйірер тағам, балдай қымызы шипалы сусын, жылқыны қай тарапынан алсаң да мінсіз деуге тұрарлық.

Қазақ халқының шыққан тегі ежелгі сақ, ғұн тайпасының кең далада тіршілік етіп, жан сауғалауына жылқының себепші болғандығы туралы тарихтан белгілі. Байырғы батырлардың астында желдей есіп, жаумен бірге шайқасқан, еркіндіктің жеңіс туын желбіретуде үлесі зор болды. Содан бері қазақпен бірге қилы заманды бастан өткізген жылқының киесіне күмән бар ма? Қымыз десе, елең етпейтін қазақ баласы болмас. Бұл әбден қанымызға сіңіп, генофондымызға арқау болған, байырғы заманда түрлі аурудың бірден-бір шипасы болған. Осылайша, біртұтас халықтың басына түскен түрлі зауалдан құтқарған қасиетті сусын.

Қазақтың «құрт» ауруы атайтын туберкулезге қарсы саумал мен қымыздан басқа жасайтын ем-шарасы болмады. Тарих қойнауынан жеткен әдебиетімізден осыған қатысты жайтты жиі кездестіреміз. Осындай қатерлі аурудың бетін қайтаруына сай қымызды қазақтың халық медицинасының «көсемі» деп атауға болады.

Бие сүті саумалдың ақуыз, май, көмірсу секілді негізгі үш қоректік заттегінен тұратын ана сүтіне жақын дара қасиетін басып айту қажет. Тек майлылығы төмендеу – 1,7 пайыз, ана сүтінде 3,5 пайыз. Оны емшек жасындағы сәбиге ана сүтінің алмастырғышы немесе бала тағамының негізгі құрамбөлігі ретінде қолдануға болады. Саумалдың құрамындағы ақуыздың жалпы мөлшері – 1,85-2,20 пайыз. Сапалық құрамы жағынан саумал ана сүті секілді «альбуминдік» сүтке жатады. Бұл оның жақсы сіңімділігін анықтайды. Сондай-ақ, саумалдың құрамындағы лактоферрин мен иммуноглобулин елімізде ушығу үстіндегі түрлі қатерлі ісік ауруына қарсы. Бактерия мен вирусқа қарсы, уытсыздандыратын қасиеті бар. Жұқпалы аурудан қорғауға ықпал етеді.

Саумалдағы сүт майының құрамы ерекше. Май түйіршігінің сиыр сүтіне қарағанда кішірек болуына сай ішекте жеңіл сіңеді. Оның құрамында көп қанықпаған май қышқылының мөлшері үлкен. Осыған байланысты қан қысымын реттеуде, иммунитетті, антиоксиданттық қорғанысты арттыруда қатысатын түрлі гормонның, простагландиннің түзілуі мен реттелуіне ықпалы бар. Саумалдың құрамындағы лактоза сиыр сүтіндегі қантқа қарағанда жеңіл ыдырайтындығы белгілі. Бұл оның сіңімділігін арттырып, ұйқы безіне жүктеме түсірмейді. Яғни, қант диабеті ауруы кезінде қолданысқа жарамдылығын айқындайды. Саумалдың құрамындағы галактоза, галактозамин секілді көмір сумен сиал қышқылы және басқа амин қанты мидың дамуына оңтайлы әсер етеді.  Осыған сай, әсіресе, баланың дамуында қажеттілігі айқындалады. Ал С дәруменінің мөлшері бойынша оны рекордсмен атауға болады. Аскорбин қышқылы саумалдың 1 литріндегі мөлшері маусымға байланысты 90-135 мг, кейде 250-330 мг-ға жетеді. Саумалдың немесе қымыздың 500 мл адам организмінің С дәруменіне тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бір ерекшелігі, осы мөлшерден асыра тұтынғанның өзінде гипердәрумендік немесе басқа жанама әсерлер туындамайды. Осы орайда қымыздың әдеттегі дәрі-дәрмек құралынан айырмашылығы зор.

– Қазір жастар пепси, кола, гамбургер сынды «фастуд» тағамды жиі қолданады. Олардың денсаулыққа зияны қандай?

– Рас, студенттер пепси, кола, чипсы, гамбургер сияқты өнімін тұтынуға әуес. Осы тез пісетін өнімде көмірсутегі, трансмайлық қышқыл, газ өте көп. Бұл адам ағзасындағы пайдалы затты шығарып тастайды. Зияны шаш-етектен. Қарынның бос кеңістігін толтырғаннан өзге пайдасы бар деп айта алмаймын. Құрамы толып тұрған көмірсу ғой, қайдан пайдасы болсын? Олар семіздікке әкеледі және өзге де түрлі сырқатқа душар етеді. Ал жастар болса, тәттілігіне қызығып, дәміне сүйсініп ішіп, денсаулығын құрту үстінде. Бұл сусын тік ішектегі, жатырдағы қатерлі ісікті тудырады. Ми жүйесінің қабылдағыштық қасиетін төмендетеді. Кальцийдің ағзаға сіңуіне кедергі келтіріп, сүйектің бітуіне және жетілуіне кері ықпалы бар. Кальций жетіспегендіктен, остеопотроз сырқаты бел алып, сүйек сынғыш келеді. Балалар көп нәрсеге байыптап қарамайтыны белгілі. Сол себепті, үлкендер оларға зардабын түсіндіргені абзал.

– Сонда қымыз, шұбат – сусын, пепси, кола құрсын дейсіз ғой..  

Нарықты жайлаған сан мың түрлі газдалған тәтті сусынға қарсы тұратын қазақтың ежелгі сусыны – қымыз бен шұбат. Қазақ баласын денсаулыққа ауыр зиян келтіретін пепси, коладан алшақтатып, ұлттық сусынға бет бұрғызуымыз керек. Біздің қазіргі ең үлкен міндетіміз – елімізді ұлттық тағамға бағыттау. Әйтпесе, баламыз газдалған бояуы бар сусынды ішуге әдеттеніп барады. Денсаулыққа өте зиянды. Бір ғана коланың өзі семіздікке, диабетке, жүрек қантамырына тағы басқа көптеген ауру тудырады. Ешқандай сусын қымызға жетпейді. Ол – табиғи құдіретті сусын. Оның құдіреттілігі құрамындағы витамині, майы, белогы. Сондай-ақ, түрлі ауруды емдеп қана қоймай алдын алады. Ас қорытуды жақсартып, қауіпті ісік ауруын туғызбайды. Кезінде тубуркулез ауруына қарсы тұра алатын бірден бір табиғи көз қымыз болды. Сол қымызбен қазір қазақтың өзін жарыта алмай отырмыз. Одан қашықтап кеттік. Бұл қауіпті індет.

– Дұрыс тамақтанудың сырын айтып берсеңіз. Кешкі алтыдан соң тамақтанбау керек дегенді жиі естиміз.

Кешкі алтыдан соң тамақтанбау керек дегенді тек артық салмағы бар кісілер үшін ғана қолдануға болады. Ал басқа қызметтегі әсіресе, ауысыммен кешкі 6-да жұмыста болатын кейбір мамандық иелеріне тыйым сала алмаймыз. Сондай-ақ, көптеген кеңсе қызметкерінің жұмыс кестесі кешкі алтыда бітетіндіктен, кешкі асты дайындап тамақтанамын дегенше, кешкі сағат сегіз болуы мүмкін. Күні бойына жұмсаған энергия шығынының орнын кешкі аспен тиімді толтыру қажет. Кешкі астың жеңіл сіңімді, сүт, жарма мен көкөністен асылған, бұқтырылған түрін тұтынған дұрыс. Ауыр қорытылатын майлы, қуырылған тағам болған жағдайда, сіңімділігін жылдамдататын көкөніс салатымен бірге, ет тағамын ашыған сүт өніммен үйлестіріп, зат алмасуды жақсартатын көкөніс шырыны мен көк шәй қолданса астың қорытылуы жылдамдайды.

Қозғалысы аз, дұрыс тамақтанбайтын жастар, сондай-ақ, жасы ұлғайған адамдар арасында көбіне іштің қатуы көп кездеседі. Іштің қатуы ішектегі ашу, божу үрдісін бұзып, үлкен дәреттің іркілуіне, ішектегі іркілген қалдық заттар уытты қасиетке ие болып, ағзаның уыттануына әкелуі мүмкін. Ол өт жолы қабыну ауруынан басқа, бірден-бір тамақтағы тағамдық талшығы мол көкөніс тағамы, салат пен кейбір жемістің, ашытылған сүт өнімінің аз түсуінен, құрғақ фастфуд тағамын жиі қолданудан, тәулік бойына ішілетін сұйықтық және су мөлшерінің 1,5-2 литрден кем түсуінен болады.

Үй жағдайында күніне 2-3 рет 50 грамм шикі қызылша, сәбіз, алманы үккіштен өткізіп, өсімдік майымен салат түрінде не шырынын сығып ішуге болады. Ертеңгілік асқа сұйық сұлыдан жасалған сүт көжесін, түске көкөніс сорпасы не көжесін қара нанмен, бесіндік асқа йогурт, кешке өсімдік майы қатылған шикі көкөністер салатымен буға пісірілген тағам, жатарда бір кесе айран ішіп отырса, ішектің жиырылғыштық қызметі жақсарады.

 – Ұзақ өмір сүру үшін жүйке-жүйенің тыныштығы да әсер ететін болар?

– Адам болғасын айналаңа жылу, мейірім шашып жүру сенің табиғи міндетің. Төңірегіңе күлімсіреп қарасаң, әлем саған мейірімін төгеді. Жүрегіңмен күлімсіреп жүру өзіңнің денсаулығың үшін ерекше маңызды. Жасаған еңбегің халыққа әсерін тигізіп, ортақ қолжетімді пайдасын көріп жатса, нағыз бақытты сенсің. Тек өзі үшін ғана емес, елі үшін еңбек еткен адам ұзақ жасауға толық мүмкіндік алады. Халқыңа, еліңе жасаған жақсылығың өзіңе емес, елің үшін. Елің үшін жасағаның сенің өзің үшін жасағаның, осылай ұғыну керек. Сен бұл дүниеге барлық адами мүмкіндікпен келдің. Сол себепті, дүниеге не алам деп емес, не берем деп келдің.

Дене қимылымен қатар, дұрыс тамақтануға тырыссаң, жасыңа лайықты тағамдарды пайдалансаң жасыңды ұзартуға болады. Жасартып жіберетін, жасты ұзартатын эликсир шығару деген болмайтын нәрсе. Өмір сүру ұзақтығы адамның күтіміне байланысты. Ең бастысы, адамның жүйке-жүйесі қалыпты болуы тиіс. Мысалы, қызғаныш, көреалмаушылық адамды аздырып жібереді және тез қартаюға алып келеді. Адамға жамандық ойлама, төңірегіңе жақсылық қана жаса, оны дарыта жүр. Ортаға пайдаң тиетін болса, ұйқың да тыныш, жүйкең де тозбайды. Жақсылық ойлаған адамды жақсылық күтіп тұрады.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Cалауатты тамақтанудың маңызы зор. Оның ішінде, қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамын жиі пайдалансақ, түрлі аурудың алдын аламыз.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға