Жаңалықтар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: толағай алыптар сайысының іріктеу турнирі өтеді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: толағай алыптар сайысының іріктеу турнирі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі 04.07.2024 07:11 523

Елорда әкімдігі жанындағы орталық алаңда 6 шілде күні Толағай алыптар сайысының V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Республикалық іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Ұлы даланың батырларын, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирде еліміздің әр өңірінен іріктелген алып денелі спортшылар бақ сынайды.

Білекті спортшылар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын білекті батырларды анықтау болып саналады. Яғни бес сайыстың қорытындысы бойынша анықталған үздіктер алдағы көшпенділер ойындарында бақ сынайды.

Жарыстың ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 16.00-де басталады.

Айта кетсек, жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құрайтын республикалық турнир Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға