Дүниежүзілік банк Сирияны қалпына келтіру құнын 216 млрд доллар деп бағалады
Дүниежүзілік банктің (ДБ) есебінше, азаматтық соғыс жылдарынан кейін елді толық қалпына келтіруге шамамен 216 миллиард АҚШ доллары қажет. Бұл туралы abc news хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Құжат 2011 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта жиналған деректер негізінде дайындалған. Онда соғыс салдарынан Сирияның соғысқа дейінгі жалпы капиталының үштен бірі жойылғаны атап өтіледі. Ал инфрақұрылымға, тұрғын және әкімшілік нысандарға келген тікелей материалдық залалдың көлемі – 108 миллиард доллар.
Ең көп зардап шеккен сала – инфрақұрылым, оның үлесіне жалпы шығынның 48 пайызы, яғни шамамен 52 миллиард доллар тиесілі.
Жалпы жоғалған және бүлінген активтердің құны 140 миллиардтан 345 миллиард долларға дейін деп бағаланған, ал 216 миллиард доллар – ең консервативті есеп ретінде көрсетілген.
Ең ауыр залал Алеппо провинциясы мен Дамаск маңындағы ауылдық аймақтарда тіркелген.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, елді қалпына келтіру шығындары 2024 жылғы Сирияның ішкі жалпы өнімінен он есе көп.

