Жаңалықтар

Дүниежүзілік банк Аралды қалпына келтіру жобасына қатысуға дайын

Дүниежүзілік банк Аралды қалпына келтіру жобасына қатысуға дайын
Фото: gov.kz 14.09.2024 11:33 336

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Еуропа мен Орталық Азиядағы су ресурстарын басқарудың жаһандық практикасы жетекшісі Уинстон Ю бастаған Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы елімізге инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Дүниежүзілік банк өкілдері Арал теңізін қалпына келтірудің Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де маңызы жоғары екенін және жобаның бірінші кезеңі сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Айтуынша, әлемдік қауымдастық теңіздің тағдырына алаңдаушылық танытуда.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстанға өңірлік бағдарламаны әзірлеуге қатысуды ұсынды, оның шеңберінде Орталық Азияның барлық мемлекеттерінде ұқсас жобалар іске асырылатын болады. Мұндай жоба аясында ирригация және дренаж жүйелерін жаңғырту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға болатынын атап өтті.

Нұржан Нұржігітов өз кезегінде Дүниежүзілік банк өкілдеріне трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жұмысын автоматтандыру бойынша жұмысқа қосылуды ұсынды.

«Біз Дүниежүзілік банкпен және басқа да халықаралық қаржы институттарымен ұзақ және табысты жұмыс істеп келеміз. Арал теңізін сақтау секілді шын мәнінде ауқымды жобаларды іске асыруға шетелдік әріптестерімізді белсенді тартамыз, сондай-ақ көрші елдермен де өзара іс-қимыл жасаймыз. Дүниежүзілік банкпен жобаның екінші кезеңіндегі бірлескен жұмысымыз алғашқы кезең нәтижесіне сай табысты болады деп сенемін», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға