Жаңалықтар

Дүниежүзілік балалар күні: мәні мен маңызы қандай?

Дүниежүзілік балалар күні: мәні мен маңызы қандай?
Фото: коллаж El.kz 20.11.2024 12:00 933

Қазақта «Бала бауыр етің» деген қасиетті сөз бар. Бала – адамның бауыр еті, әкенің білек еті, ананың жүрек еті. Бала – адамзат ұрпағының жалғасы, болашағынан күтер үміті мен көрер қызығы.

Балалар прогрестің - басты қозғаушы күші. Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады. Сол себепті балаларды қорғау мәселесі қашанда маңызға ие.  Бала құқықтарын қорғау – жаңа ұғым емес. Әлемде балалардың мүддесін қорғауға арналған алғашқы бастамалар ХХ ғасырдың басынан-ақ көтерілген еді.

Дүниежүзілік балалар күні жыл сайын 20 қарашада тойланады. Бала құқығын қорғауда бұл мерекенің өзіндік орны бар. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) 1954 жылы бекіткен арнайы бастамасы ретінде қабылданды. Мақсаты – балалардың құқықтарын қорғай отырып, оларға бақытты, әрі қауіпсіз балалық шақ сыйлау. Сондай-ақ, төрткүл әлемдегі балалардың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Осыған орай, El.kz ақпараттық агенттігі мерекенің маңызы, тарихына көз жүгіртіп, еліміздегі балаларды қорғау шараларына толығырақ тоқталып өтті.

Мерекенің бұл датамен тұспа-тұс келуі сәйкестік емес. 20 қараша екі маңызды оқиғамен ерекшеленеді. Мәселен, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Бала құқықтарының декларациясын» қабылдаса, 1989 жылы дәл осы күні «Бала құқықтары туралы конвенция» бекітілді.

1989 жылы қабылданған «Бала құқықтары туралы конвенция» балалардың құқықтарын заңды тұрғыда бекітті. Конвенция балаларды қорғау ғана емес, білім алу, медициналық қызметке қол жеткізу, пікір айту сияқты барлық негізгі құқықтарын қамтыды.

Бүгінде конвенция әлемдегі балаларды қорғаудың негізгі құқықтық құралы ретінде қолданылады. Бұл – 196 ел қол қойған тарихтағы кең тараған халықаралық келісімдердің бірі.

Бұл күннің маңызды қандай?

Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Балалық шақта қалыптасқан құндылықтар, қауіпсіздік пен махаббат сезімі адамның болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Десе де, әлемдегі миллиондаған бала әлі күнге дейін зорлық-зомбылыққа, кедейлікке, білімге қолжетімсіздікке және денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарға тап болуда. Осы мәселе қынжылтады.

ЮНИСЕФ деректеріне сенсек, әлемде 1,1 миллиардтан астам бала кедейшілікте өмір сүреді. 160 миллионға жуық бала еңбекке жегілген. Сондай-ақ,  әрбір бесінші бала білім алу мүмкіндігінен айырылған көрінеді.

Дүниежүзілік балалар күнінде осы тектес мәселелерге назар аударылып, қоғам мен билік өкілдерін нақты шешімдер қабылдауға үндейді.

Дүнижүзілік балалар күні қалай атап өтіледі?

Дүниежүзілік балалар күнінде көптеген елде түрлі шаралар ұйымдастырылады.  Кейбір елдер арнайы балалар үшін мерекелік іс-шаралар, ойындар мен концерттер өткізсе, енді бірінде балалардың құқықтарын қорғауға арналған форумдар мен конференциялар жоспарланады.

Қазақстанда да бұл күні мектептер мен балалар ұйымдары арнайы сынып сағаттары мен қайырымдылық акцияларын өткізеді. Балалар үйі мен интернаттарда көңіл көтеру шаралары жасақталып, қоғам қайраткерлері мен еріктілер мұқтаж балаларға көмек көрсетеді.

Кез келген адам балалық шақтың қауіпсіз әрі қуанышты болуына өз үлесін қоса алатыны сөзсіз. Мәселен, кедейлік пен білімге қолжетімсіздікке тап болған балаларға көмек көрсету арқылы олардың болашағын өзгертуге болады. Балалар құқықтарының бұзуылуына бей-жай қарамай, тиісті органдарға хабарлау қажет. Сондай-ақ, балалар үйіне, ауруханалар мен қайырымдылық жобаларына қатысу арқылы көмек қолын созуға болады.

Балалардың қазіргі жағдайы қандай?

Бүгінгі таңда миллиондаған бала қолдау мен қорғауға мұқтаж. Себебі қазіргі жаһандық мәселелердің өзі олардың дамуына кедергі келтіруде. Мәселен:

  • Қарулы қақтығыстар: Сирия, Йемен және басқа да елдердегі соғыстар миллиондаған баланы босқынға айналдырды. Олар тамақ, білім және медициналық көмекке зәру.
  • Кедейшілік: Әлемдегі балалардың 1/3 бөлігі негізгі қажеттіліктерге қол жеткізе алмай отыр.
  • Білім тапшылығы: Әсіресе, қыз балалар білімге қол жеткізуде үлкен қиындықтарға тап болады.
  • Климаттық дағдарыс: Табиғи апаттар мен климаттың өзгеруі балалардың өмір сүруіне кері әсерін тигізеді.

Дүниежүзілік балалар күні – мереке ғана емес, әр баланың құқықтарын қорғауға бағытталған үлкен қадам. Балаларды қорғау болашақ қоғамды қорғаумен пара-пар. Өйткені әр бала – ертеңгі күннің иесі. Болашақ көшбасшы. Осы күні балаларға мейірімділік көрсетіп қана қоймай, олардың жарқын болашағы үшін күресуіміз керек.

Айта кету керек, бұл - балаларды қорғауға бағытталған жалғыз мереке емес.

Қазақстанда әр жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күні тойланады. Бұл мереке халықаралық деңгейде танылып, балалардың құқықтары мен әл-ауқатына назар аударуды мақсат етеді. Бүгінде Қазақстанда бұл күн қоғам мен мемлекеттің балаларға деген қамқорлығының көрінісі ретінде атап өтіледі.

Балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы БҰҰ-ның бастамасымен аталып өтті. КСРО кезінен бастап 1 маусым Балаларды қорғау күні ретінде кеңінен тойлана бастады. Қазақстан бұл дәстүрді тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғастырды. Халықаралық балаларды қорғау күні бүгінде мереке ғана емес, қоғамдағы ең маңызды санат балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне назар аударуға шақырады.

Елімізде мереке аясында балалардың дамуы мен құқықтарын қорғауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекеге байланысты өткізілетін іс-шаралар легі төмендегідей:

1.Мәдени және ойын-сауық бағдарламалары.

Театр қойылымдары, концерттер, спорттық жарыстар, шеберлік сабақтары сияқты балаларға арналған іс-шаралар.

2.Әлеуметтік қолдау және қайырымдылық акциялары.

Әлеуметтік осал топтағы балаларға қолдау көрсету үшін қайырымдылық жәрмеңкелері, сыйлық тарату және арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады. Жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері барларға лайықты көңіл бөлінеді.

3.Құқықтық ағарту жұмыстары.

Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында құқықтық сабақтар, тренингтер және ата-аналарға арналған семинарлар өткізіледі. Бұл шаралар балаларға өз құқықтарын түсінуге көмектеседі.

4.Қоғамдық бастамалар.

Бұл күні ұйымдастырылған шараларға еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысып, балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Мысалы, балаларға арналған спорт алаңдарын құру, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, экологиялық акциялар ұйымдастыру және тағысын тағы.

Қазақстандағы балалар құқықтарын қорғау

Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі - мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Балалар құқықтары туралы конвенциясын» ратификациялады. Бұл өз кезегінде балалардың өмір сүру, білім алу және қауіпсіздікке деген құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың негізін қалады.

Білім беру саласында мемлекеттің басты мақсаты – барлық балалардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдайлар жасалуда.

Денсаулық сақтау саласында балаларға тегін медициналық қызмет көрсету кеңінен қолжетімді болып отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламалары арқылы балаларды вакцинациялау және тамақтану сапасын жақсарту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік қорғау саласында балалар үйінің орнына отбасылық тәрбие мен қамқоршылық жүйесін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жетім балалардың қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен, балаларды қорғау саласында әлі де күрмеуі көп мәселелер бар. Ауыл-аймақтарда білім беру және медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі, кибербуллинг сияқты жаңа қауіптер, ата-аналардың экономикалық қиындықтарға байланысты балаларға жеткілікті көңіл бөлмеуі – шешуді талап ететін өзекті мәселелер.

Осы бағытта мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды күшейтуі қажет. Мәселен:

  • Цифрлық қауіпсіздік пен медиасауаттылықты арттыру;
  • Ата-аналар мен педагогтарды балалардың психологиялық саулығын қорғау тәсілдеріне оқыту;
  • Балалар үшін қолайлы инфрақұрылым мен орта қалыптастыру.

Айта кету керек, Қазақстанда дарынды оқушыларды ынталандыру үшін республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар және өнер фестивальдері өткізіледі.

Арнайы мектептер ашылып, бағдарламалар да жасақталды. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектептері сияқты оқу орталықтары дарынды балаларға тереңдетілген білім беру үшін арнайы құрылып отыр. Бұл білім ордаларында оқушылар халықаралық деңгейдегі стандарттар бойынша білім алады. Сондай-ақ, математика және физика пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан оқушылар үшін жоғары деңгейдегі дайындықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар дарынды балалар үшін өнер мен музыка бағытындағы арнайы мектептер жұмыс істейді.

Бір мақтанарлығы, қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда (IMO, IPhO, IChO) және шығармашылық байқауларда жиі жеңімпаз атанып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Жыл сайын математика, физика, химия және биология пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда алтын, күміс және қола медальдарға ие болады. Музыка мен өнер саласында Қазақстандық балалар халықаралық сахналарда жоғары орындардан көрінеді.

«Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу!» демекші, елімізде талантты да талапты балаларды дамыту мүмкіндіктері көп. Солардың бір мысалы ретінде робототехника, IT және бағдарламалау бойынша үйірмелер мен лагерьлердің көптеп ашылуын айтуға болады. IB, STEM, SAT сияқты халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары мен өнер, музыка, спорт саласындағы арнайы секциялар мен шеберлік сабақтарының ұйымдастырылуы – айқын дәлел.

Қазақстанда дарынды балалар саны жетіп артылады. Әрқайсысы бір-бір төбе. Бірі өнер сайыстарынан қарсыластарын басып озса, енді бірі спорт түрінен алтыннан медаль тағып, ел мақтанышына айналуда. Басқалары ғылым саласынан үздіктердің қатарынан көрінсе, төртіншілері шахматтан шеберлік танытады. Мәселен, 7 жасар Амир әлем чемпионатында жекпе-жектен 26 келі салмақта өнер көрсетіп, алтын медаль иеленген еді. Әбу-Дабиде өткен халықаралық турнирде екібастұздық алты жасар спортшы джиу-джитсудан Хадия Құнаева мен Египетте өткен кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған 10 жастағы Данис Қуандықұлы бар.

Балаларды қорғау – бір күндік іс-шаралармен шектелетін жұмыс емес. Ол күн сайынғы мемлекеттік саясаттың, қоғамның және әр отбасының басты міндеті болуы тиіс. Балаларды қорғау күні – бұл мерекелік шаралар ғана емес, балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жақсартуға арналған нақты қадамдар жасаудың символы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға