Жаңалықтар

Дулати университетінде Нобель сыйлығының лауреатымен кездесу өтті

Дулати университетінде Нобель сыйлығының лауреатымен кездесу өтті
Фото: gov.kz 23.11.2023 08:22 627

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Рае Квон Чунг - Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі. «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы.

Жиында профессор климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөнінде сөз қозғады. Ғалымның айтуы бойынша климаттық өзгеріс адамзат үшін үлкен қауіп төндіреді. Соңғы 5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жылға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін. Яғни, климаттық өзгерістің зардабын болашақ ұрпақ тартады деген сөз. Профессор Рае Квон Чунг бұл проблемамен күресу үшін оның шығу себебін, түп тамырының қайда жатқанын білу керек деді.

Профессор 1991 жылдан бері климат өзгерісін зерттеп келеді. Осы уақытқа дейінгі зерттеу анализдеріне сүйене отырып, проблеманың көзі – еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келген. Яғни, өнеркәсіптерден бөлінетін парниктік газдар климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы газдың мөлшерін азайту керек деп айтылғанымен еш шара қолданылмай келгенін айтқан ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолында дейді.

Профессор жасыл экномиканы қолдау жаңа өсу жолына бастайтынын айтты. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, экономикаға жаңаша серпін беретінін жеткізді.

Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов профессор Рае Квон Чунгпен Кореяның технологиялық университетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға