13 Маусым, 14:53

«Дүкенге нан алуға кетіп медальмен оралды»

Бұл – 5 жасар Әбубәкірдің жұлдыз атану тарихы.

Иә, расында да солай. Еркін күрес балуандарына арналған киімсіз белдескен видеосы әлеуметтік желіде желдей есіп, әп-сәтте танымал болған еді. Бейнежазба 2 апта ішінде 1 миллионнан астам қаралым жинаған.

Ал, пікір жазғандардың бәрі дерлік жас өреннің күресу машығына, жеңіске деген ұмтылысына тәнті болып жатыр.

Кішкентай Әбудің арнайы киімсіз белдесуін сынағандар да бар.

Оларға видео авторы «дүкенге нан алуға шыққан бала спортзалға кездейсоқ кірген» деп жауап беріпті.

Ең бастысы – жас балуанға арнайы киімін алып беруге ниет білдіргендер табылғандығы.

Қазақстанды былай қойғанда, өзге елден де демеуші болуға ұмтылғандар бар. Ақыры видео жарияланғаннан 1 күн өтпей бір жомарт жан киімін алып берген.

Әлеуметтік желі арқылы танылған жас балуанға болашағы жарқын болып, қазақ атын танытатын чемпион болуды тілейтіндер де аз емес. Біз де қосыламыз.

 

Бөлісу: