Дубайдағы дүбір: Қазақстан боксшылары әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығады
13 желтоқсан, сенбі күні, Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA ұйымдастырған бокстан әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтеді. Бұл күні Қазақстан құрамасының төрт бірдей боксшысы алтын медаль үшін қолғап түйістірмек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ел намысын шешуші кезеңде Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг) және Сабыржан Аққалықов (75 кг) қорғайды.
Финалдардың басталу уақыты (Қазақстан уақытымен):
18:30 – 54 кг: Сәкен Бибосынов – Вячеслав Рогозин (Ресей)
18:45 – 57 кг: Оразбек Асылқұлов – Хусравхон Рахимов (Тәжікстан)
19:45 – 71 кг: Абылайхан Жүсіпов – Сергей Колденков (Ресей)
20:00 – 75 кг: Сабыржан Аққалықов – Исмаил Муцольгов (Ресей)
Бұл маңызды сәтте қазақстандық боксшыларды қолдау үшін Лондон Олимпиадасының чемпионы, ұлттық бокстың тірі аңызы Серік Сәпиев арнайы Дубайға келді. Ол жігіттердің дайындығына жоғары баға беріп, әрқайсысының алтын алуға толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Жігіттеріміз бабында. Сәкен – әлем чемпионы, тәжірибесі мол. Асылқұлов – өте мықты боксшы. Жүсіпов пен Аққалықовты Қарағандыдан бері жақсы танимын. Барлығы да алтынға лайық. Абылайханның да дайындығы керемет, онымен хабарласып, қолдауымды білдірдім. Барша боксшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Сәпиев.
Тәжірибе мен жас буынның айқасы
Сәкен Бибосынов – Қазақстан боксының беткеұстар тұлғасы. 28 жастағы спортшының еншісінде 2021 жылғы әлем чемпионатының алтыны, 2019 жылғы қоласы және Токио Олимпиадасының қола жүлдесі бар. Бұл жолы ол Ботсвана, Танзания, Замбия және Непал боксшыларын сенімді түрде жеңіп, финалға жетті. Ал қарсыласы, небәрі 19 жастағы Вячеслав Рогозин – Ресей чемпионатының үздігі, турнирдің ең жас әрі қауіпті боксшыларының бірі.
Оразбек Асылқұловты бұл чемпионаттың нағыз сенсациясы деуге болады. Ол – ресейлік боксшыны жарыс жолынан шығарған жалғыз спортшы. Жолай қарсыластарын нокаутқа жіберіп, төрешілердің де, жанкүйерлердің де назарын өзіне аударды. Финалда ол тәжік боксшысы Хусравхон Рахимовпен кездеседі. Айта кетейік, Асылқұлов бұл қарсыласын бұған дейін, 2023 жылы Шымкентте өткен турнирде жеңген.
Абылайхан Жүсіпов үшін бұл – мансабындағы тарихи финал. Бұған дейін үш әлем чемпионатында қатарынан қола медаль алған тәжірибелі боксшы биыл сол межеден асып, алтынға бір табан жақындады. Ол турнир барысында бірнеше мықты қарсыласты, соның ішінде қырғызстандық Ихтияр Нишановты айқын басымдықпен ұтты. Финалда оны ресейлік Сергей Колденков күтіп тұр.
Ал Сабыржан Аққалықов финалға ерекше жолмен шықты. Жартылай финалда қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекке шықпай қалды. Дегенмен Сабыржан бұған дейінгі кезеңдерде екі қарсыласын нокаутпен жеңіп, чемпиондыққа лайық екенін дәлелдеп үлгерді. Финалда ол ресейлік Исмаил Муцольговпен күш сынасады.
Үлкен үміт, үлкен сый
Айта кетейік, IBA әлем чемпионатының чемпиондары – 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 150 мың, қола иегерлері 75 мың доллар сыйақы алады.
Дубайдағы финалдар Қазақстан боксы үшін тағы бір тарихи бетбұрыс болмақ. Төрт финал, төрт мүмкіндік. Енді бар үміт – шаршы алаңдағы жігіттердің жұдырығында.

