ҰОК

Дубайдағы әлем чемпионаты: рекордтық сыйақы, Қазақстан мен Өзбекстан дербиі

Боксшылар жылдың соңын әлем чемпионатымен аяқтайды. Бүгін Дубайда IBA әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтеді. Бұл жарыс рекордтық көлемдегі жүлде қорымен ғана емес, соңғы жылдары ушығып тұрған әлемдік әуесқой бокс құрылымындағы дағдарыспен де маңызды болып отыр.

Соңғы жылдары әуесқой бокс екіге бөлінді. Умар Кремлев IBA тізгінін ұстағалы бері ұйым Халықаралық Олимпиада комитетімен ортақ тіл таба алмай қойды. Кремлев Ресей және Беларусь боксшыларының халықаралық жарыстарға өз туымен, өз гимнімен қатысуын талап етті. Осы шешімдерден кейін ХОК IBA-ны Олимпиада бағдарламасынан шеттетіп, боксшылар үшін World Boxing ұйымы құрылды.

Жуырда аталған ұйымның президенті болып Геннадий Головкин сайланды. Ол «боксты бір отбасы ретінде дамыту» міндетін алға тартып отыр.

Нәтижесінде қазір әлемдік бокста екі ұйым бар: IBA және ХОК мойындаған World Boxing. Әрқайсысы өз әлем чемпионатын өткізіп жүр. Мәселен, қыркүйекте Ливерпульде World Boxing алғашқы әлем чемпионатын ұйымдастырды (68 ел қатысқан). Ал IBA чемпионатына 120-дан аса елдің өкілдері келеді деп айтылды. 

Басты айырмашылық - IBA турнирінде Ресей боксшылары толық құраммен өнер көрсетсе, АҚШ құрамасы тек World Boxing-ке басымдық береді. Сондықтан Дубайға АҚШ өкілдері келген жоқ.

Қайрат Сәтжанов жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы Ташкенттегі бірлескен оқу-жаттығу жиындарынан кейін Дубайға жол тартты. Бұл әлем чемпионатына елдің бірінші нөмірлі боксшылары қатыспайды. Соған қарамастан, құрамда тәжірибелі жігіттер жеткілікті:

Қазақстан құрамасының толық тізімі:

•    48 кг: Теміртас Жүсіпов
•    51 кг: Даниял Сәбит
•    54 кг: Сәкен Бибосынов
•    57 кг: Оразбек Асылқұлов
•    60 кг: Серік Теміржанов
•    63.5 кг: Ертуған Зейнулинов
•    67 кг: Санатәлі Төлтаев
•    71 кг: Абылайхан Жүсіпов
•    75 кг: Сабыржан Аққалықов
•    81 кг: Ерасыл Жақпеков
•    86 кг: Дәулет Төлемісов
•    92 кг: Нурмагамед Юсупов
•    +92 кг: Нұрлан Сапарбай

Командада темірқазық тәжірибе де бар, жалындаған жастар да бар. Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосыновтар екі дүркін әлем чемпионы атануға талпынып көрсе, Абылайхан Жүсіпов қола жүлделерін алтынға айырбастайды деп үміттенеміз.

Ал жастар осы ағаларының ізін жалғауы тиіс. 

Өзбекстан: жұлдызды құрам

2025 жылғы IBA әлем чемпионатына Өзбекстан ең мықты құрамын әкелбі. Олардың сапында бірнеше Олимпиада чемпионы бар:
Өзбекстан құрамасы:

48 кг: Шодиёржон Меликузиев
51 кг: Хасанбой Дусматов

54 кг: Асилбек Жалилов
57 кг: Худжаназар Нортожиев
60 кг: Абдумалик Халоков
63.5 кг: Саят Ілиясов
67 кг: Асадхуджа Муйдинхуджаев
71 кг: Шавкатжон Болтаев
 75 кг: Фазлиддин Эркинбоев
80 кг: Жавохир Умматалиев
 86 кг: Акмалжон Исроилов
 92 кг: Турабек Хабибуллаев
 +92 кг: Арман Маханов

Ұжымда екі дүркін Олимпиада чемпионы Дусматов, Олимпиада жеңімпаздары Халоков пен Муйдинходжаев, сондай-ақ World Boxing чемпиондары Умматалиев пен Хабибуллаев бар.

Рекордтық көлемдегі жүлде қоры

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры - 8,32 млн доллар:
 

Алтын: 300 000 доллар
 Күміс: 150 000 доллар
 Қола: 75 000 доллар
 5-орын: 10 000 доллар

Сыйақы үлесі өзгеріссіз:
 

50% - спортшыға
25% - жеке бапкерге
25% - ұлттық федерацияға

Умар Кремлев бұл боксшыларға көрсетілетін құрмет деп отыр.

Бұл чемпионат тек медаль тарату үшін ұйымдастырылып жатқан жоқ. Әр боксшы мен әр федерация лайықты сый-құрмет алуы керек. Дубай әлемдік бокс астанасына айналады, - деді ол.

Бүгін, 2 желтоқсан күні, әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтеді. Ал жарыстың өзі 3-11 желтоқсан аралығында болады.