Жаңалықтар

«Дубай шоколады» қаржы мен денсаулықтың басты жауы - сарапшылар

«Дубай шоколады» қаржы мен денсаулықтың басты жауы - сарапшылар
Фото: depositphotos.com 31.10.2024 17:02 473

Әлеуметтік желіде күн сайын бір тренд пайда болып жатыр. Оны көрген қазақ қоғамы одан айналып өтіп жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы кезде «дубай шоколады» трендтің басында тұр. Дәрігерлер мен диетологтар оның ағзаға зиянын айтып, дабыл қағып жатқанымен, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Тіпті қаржы сарапшылары бренд қуу қаржылай сауатсыздықтың бір белгісі екенін айтып жатыр. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сарапшылардың пікірін біліп, тәттінің зияны жайлы білді.

Астана медицина университеті академик Е.Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері, нутрициолог, диетолог Жанна Нұрберген барлық тәтті ағзаға зиян екенін айтты.

Жалпы тәттінің адам ағзасына зиян екені дәлелденіп қойған. Қазіргі таңда әсіресе, балалардың ас мәзірінде тәтті тағамдар өте көп кездесіп жатады. Түрлі-түрлі трендтерге еріп, «дубай шоколады» ма, басқасы ма, адамның барлығы тәттіге тәуелді болып бара жатыр. Әсіресе газдалған тәтті сусындар, тәтті шоколадтар, дүкенде тұрған балаларға арналған түрлі тәттілер, түрлі қоспалары бар «табиғи» шырындардың барлығы адам ағзасына зиянын әкелмесе, ешқандай пайдасы жоқ, - дейді сарапшы.

Жанна Нұрбергеннің сөзінше, егер шоколадтар ешқандай қантсыз, қоспасыз таза какаодан жасалатын болса, онда олар ағзаға пайдалы. Әрине, оны өзінің мөлшерімен тұтыну керек. Егер кез келген пайдалы тамақты мөлшерден асырып жейтін болсақ, ол біздің ағзамызға зиянын тигізеді. Сол себепті барлығының тиісті мөлшері болып, одан асып кетпеуі керек. Өкінішке қарай, біз көп нәрсенің мөлшерін біле бермейміз.

Таза шоколад қандай болады?

Ол – таза какаодан жасалады, құрамында ешқандай қоспасы болмайды. Оның құрамында табиғи қант алмастырғыштар болады. Ол шоколадтар 80 пайыздан жоғары болуы керек. Оның сыртында 80 пайыз, 82 пайыз, 97 пайыз деп жазылып тұрады. Егер 80 пайыздан жоғары болса, онда ол таза шоколад деген сөз. Мұндай таза шоколадтарды көбіне экодүкендерден табуға болады. Ал қарапайым дүкендерде сатылатын шоколадтардың 10-15 пайызы ғана шоколад, ал қалғанының барлығы химиялық қоспалар саналады. Олардың ағзаға ешқандай пайдасы жоқ, тек зияны ғана тиеді.

Тәттіні әр жеген сайын баланың иммунитеті 15 минутқа тежеледі екен. Енді баланың иммунитетін қалай жеп тастайтынын ойлап қараңызшы. Қант расымен де біздің ағзамыздағы ең үлкен, ең бірінші жауы. Кез келген аурудан айыққыңыз келсе, емделгіңіз келсе, тіпті артық салмақтан айырылғыңыз келсе, ең бірінші қантты рационнан алып тастау керек. Қант жүрген жерде бактерия, қант жүрген жерде паразиттер толады. Өйткені қант, тәтті тағамдар паразиттерге ыңғайлы орта құрып береді. Біз қазір балалардың ағзасында паразиттер көп, ішек құрылысында түрлі бактериялар бар деп айтып жатамыз ғой. Міне, ол паразиттер неге көбейіп кетті және неден пайда болады? Оған себеп - өзіміздің ыңғайлы жағдай жасап бергеніміз. Тәтті жейміз, қант, түрлі консерванттар, ароматизаторлар қосылған тағамдарды көп жейміз. Соның салдарынан баланың ағзасында паразиттер көбейіп, жайлы өмір сүреді. Оны бала ұзақ уақыт бойы білмей жүре беруі мүмкін, тіпті паразиттің барын да білмейді. Қазір баланың иммунитеті төмендеп, қатты ауырып қалмаса, дәрігер тексеруінен өтпей жүре береді. Ең болмағанда жылына бір рет паразиттерге анализ тапсырып отыру керек. Қанның құрамын анықтап отыру керек. Өкінішке қарай, біз бұған көп назар аудара бермейміз, - деп түсіндірді Жанна Нұрберген.

Адам тәттіге не себепті құмар болады?

Тәттіге деген құмарлықтың бірнеше себебі болуы мүмкін.

Біріншісі, ағзадағы паразиттер. Өйткені паразиттер тәттіні қатты жақсы көреді. Демек, ағзада паразит көп болса, адам тәттіге құмар болады.

Екіншіден, анемия. Яғни миға оттегінің дұрыс бармауының салдарынан біздің ағзамыз өзіне энергия іздейді. Тәтті деген не? Ол – глюкоза. Глюкоза - миға энергия беретін негізгі қуат көзі. Тәттіде глюкоза өте көп және ол біздің ағзамызға тез сіңіп кетеді. Яғни миға бір уақытта тез энергия береді де, жылдам өшіп қалады. Мұндай тәттіден берілетін глюкоза тез сіңіп, тез қорытылып, тез жойылып кетеді. Сол себепті миға оттегі жетіспегендіктен, ми энергия сұрап, тәттіні жей бергісі келеді, жей бергісі келеді. Содан тәуелділік пайда болуы мүмкін, - деп түсіндірді диетолог.

Диетолог 3 жасқа дейінгі балаларға дүкеннің тәттілерін мүлде бермеуге кеңес берді. Өйткені 3 жасқа дейінгі баланың ішек жүйесі, иммунитеті әлі толығымен қалыптаспаған. 3 жасқа дейінгі балалардың иммунитетін түсіруге тіпті 2 грамм тәтті жеткілікті екен. Сондықтан мамандар балаларға тәтті бермеуге кеңес беріп жүр. Ол ересектерге де тәттіні азырақ жеп, оған тәуелді болмауға шақырды.

Аллергияны тудыруы мүмкін

Шетелдік дәрігер сарапшылар дубай шоколадының құрамы қалай жасалатынын айтты.

«Дәрігер Питер» ерекше шоколадтың құрамында не барын және ол денсаулыққа қалай әсер ететінін түсіндірді.

Оның негізгі құрамы — бельгиялық сүт шоколады, пісте немесе күнжіт пастасы және катаифи қамыры. Катаифи бастапқыда шығыста қолданылған, қамыр бір-бірімен шатастырылған ақ жіптерге ұқсайды. Құрамында су, тұз, ұн, тауық жұмыртқасы бар. Ол негізгі тағамдарды да, десерттерді де дайындау үшін қолданылады. Дәрігер мұндай өнім денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін екенін айтады.

Шоколадта пісте пастасы мен катаифи қамырынан басқа, экзотикалық жемістер, жаңғақтар, дәмдеуіштер, сүт өнімдері, сондай-ақ бояғыштар мен консерванттар жиі қолданылады. Мұның бәрі десертті өте жоғары калориялы етеді, ал кейбір ингредиенттер аллергияны тудыруы мүмкін.

Дәрігердің сөзінше, мұндай тәттіден аллергиясы ушығып кеткендер болған.

Дубай шоколадында калория мен май көп, бұл диареяға, күйдіргіге және кебулерге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар егер сіз осындай тәттіге тәуелді болсаңыз, онда артық салмақ проблемаларынан арыла алмайсыз. Семіздіктің даму қаупі артады, ал шоколадтағы қант концентрациясының жоғарылауы қант диабетімен ауыратын адамдардың денсаулығына байланысты проблемаларды күшейтеді, - дейді дәрігер Михаил Кутушов.

Тәттіні жасау үшін қолданылатын катаифи қамыры көп мөлшерде майға қуырылады. Бұл оған тек калория қосады. Сонымен қатар өндірушілер көбінесе қандай ингредиенттерді қолданатынын жасырады. Яғни қамыр да, шоколад та, макарон да сапасыз болуы мүмкін. Сондай-ақ құрамындағы бояғыштар мен консерванттар туралы да ұмытпаған жөн.

Асқазан-ішек жолдарымен және анафилактикалық шокпен байланысты проблемалардан басқа, көмірсулар мен қанттың бұл мөлшері мыналарды да тудыруы мүмкін:

- ұйқы безінің бұзылуы;

- өт қабымен байланысты проблемалардың шиеленісуі және бұл холецистит, әсіресе өт тастар бар адамдар үшін қауіпті.

Егер сіз шоколадтың осы түрін қолданып көргіңіз келсе, мынаған назар аударғаныңыз абзал:

Біріншіден,десерттіоныңқұрамындағыаллергендергетексеруқажет.

Екіншіден, қышу, ентігу немесе басқа да жағымсыз сезімдер сияқты белгілер пайда болса, себебін анықтау және тиісті ем алу үшін дереу дәрігермен кеңесу керек.

Трендтердің соңынан қуу - сауатсыздықтың белгісі

Ал қаржыгер Бауыржан Ысқақов трендтердің соңынан қуу қаржы сауатының төмен екенін білдіретінін айтты.

Бұл - бірінші кезекте халықтың қаржылық, экономикалық, құқықтық сауатсыздығының белгісі. Өйткені қай уақытта болмасын әлемдік брендке айналып жатқан компаниялар өздерінің тұтынушыларын осындай қаржылық немесе қандай да бір сауатының төмендігінің есебінен саудаларын, бизнестерін дөңгелетіп алады. Мысалы, соңғы кезде көбі әуес болып жатқан «дубай шоколадының» өзі де осыған жатады. Оның зияны жайлы қанша айтылса да, ол трендке айналып кеткендіктен, бір жағынан жарнаманың әсерінен халық эмоциялық тұрғыда оған беріліп кетіп жатады. Ал бұл оның сауатсыздығының бір белгісі екенін көрсетеді, - деп санайды сарапшы.

Мысалы, бір қазақстандық отбасыны алып қарайық. Бұл қазақ отбасының жалпы табысының, яғни бюджетінің 10-15 пайызы осындай қаржылық сауатсыздыққа байланысты кететін шығындармен тікелей байланысты. Олар эмоция беріліп, акциялармен тауар алуы мүмкін. Оған қоса базарда жүргенде өзіне қажет болмаса да, керек емес немесе қаржылық жағдайына пайда, табыс әкелмейтін бағыттарға ақшаны көп жұмсап қойып, соның талдауын жасамаса, ол әрі қарай да жалғасын таба беруі әбден мүмкін.

Несие алған кезде де сол. Мысалы, былтыр берілген барлық тұтынушылық несиенің 80 пайызы көбіне той-томалаққа алынған деген ақпарат бар. Яғни қазір тойдың өзі үлкен ысырап, оның шығындарын есептеп жатқан жоқпыз. Тіпті оның қайтарымы жоқ екенін есептеп жатқан жоқпыз. Оған қоса тойға кеткен шығынның 60-70 пайызы екі жастың мерекесіне қатысы жоқ бағыттарға кетіп жатады. Әрине мұның бәрі де эмоциямен болады, яғни «жұрттан қаламыз ба», «ұят болады» деп ойлайды. Міне, осының салдары халыққан үлкен шығын әкеліп жатыр. Сол үшін халықтың табысын арттыру үшін қаржылық сауатын ашу жұмыстары көбірек жүргізілуі қажет. Мемлекет тарапынан бұл жұмыстар жасалынып жатыр. Бірақ оның өзінде толыққанды түсінікті деп айта алмаймын. Меніңше, ол түсініксіз өтіп жатыр. Кітаптарын қарадым. Ол қарапайым адам түсінетін тілмен жазылмаған. Сол үшін қаржылық сауаттылықты арттыру курстары бәріне түсінікті жалпақ тілмен жазылуы керек, - деп түсіндірді қаржыгер Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы қазақтың дәл қазіргі жағдайында ысырапшылдық дүниеден арылудың жолдарын қарастыру қажет екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға