Бүгінде «күйеуіңді қайтарамын», «жолыңды ашамын» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Оған сеніп, тағдырын балгерге тапсыратындар да аз емес. Бұл қаншалықты қауіпті? Дін не дейді? Психология қалай түсіндіреді? Осы сұрақтарға El.kz интернет порталы жауап іздеді.
Дуалау дегеніміз не?
Исламда дуалау – жын-шайтан арқылы біреуге зиян келтіру мақсатында жасалатын сиқыр. Бұл әрекет – шариғат бойынша ауыр күнә және харам іс. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қасым Махмұдтың айтуынша, дуалау – ауыр күнә.
Дуалау – бұл адамның, жануардың немесе заттың табиғи жағдайын өзгертуге тырысатын, жын-шайтан арқылы әсер етуге бағытталған харам және ауыр күнә. Бұл – жынмен жұмыс істеу, сиқыр жасау, дінсіздікке ұрындырушы амал, – дейді ол.
Имам сиқырды үйрену немесе үйретудің де күнә екенін ескертеді. Бұл жай ғана халық арасындағы аңыз немесе қорқынышты сенім емес, шариғатта нақты тыйым салынған құбылыс.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жеті үлкен күнәдан сақтаныңдар» – деп, сол күнәлардың бірі ретінде сиқыр жасауды атаған. Яғни дуалау – Исламға мүлде қайшы, ауыр қылмыс, – дейді имам.
Адамды дуалау туралы
Адам шынымен дуалануы мүмкін бе, әлде бұл халық арасындағы қорқынышқа негізделген жай ғана ырым ба? Бұл туралы Қасым Махмұд былай деп түсіндіреді:
Дуалау, яғни сиқырлау – бұл исламда нақты бар дүние. Бұл – жын-шайтан арқылы әсер етудің бір түрі. Бірақ бір нәрсені нақты түсінуіміз керек: оның зияны адамның тағдырына тек Алланың қалауымен ғана әсер етеді. Егер Алла қаламаса, ешбір дуа, ешбір сиқыр адамға зиян келтіре алмайды, – деді ол.
Қасиетті Құранның Бақара сүресінің 102-аятында да бұл туралы анық жазылған: «Олар (сиқыршылар) онымен ешкімге зиян келтіре алмайды, бірақ Алла қаласа ғана (зиян етеді)».
Яғни, дуалаудың шынайы бар екендігіне қарамастан, одан қорғанудың жолы да бар – ол Аллаға шынайы сенім мен жүректен жасалған дұға.
Имамның сөзінше, дуаның өзі бар, бірақ одан шынайы қорған – Аллаға сенім мен дұға. Барлығын Алла басқарады – жын да, сиқыр да оның еркінен тыс әрекет ете алмайды.
Адам әрқашан өзін рухани тұрғыда күшейтіп жүруі керек. Ізгілік жасап, Аллаға жақындау арқылы дуа мен жыннан қорғана алады, – дейді Қасым Махмұд.
Адам өзін дуаланғанын қалай біледі?
Дуаның адамға әсері әртүрлі болуы мүмкін. Наиб имам Қасым Махмұдтың айтуынша, оның нақты белгісі жоқ. Бірақ кейбір күдікті жайттар мен тән мен жан күйіндегі өзгерістер адамға дуа жасалғанын меңзеуі мүмкін.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Имам келесі жағдайларды атап өтті:
- Үнемі мазасыздық, жылау, ашулану;
- Ұйқының бұзылуы, қорқынышты түстердің жиі көруі;
- Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмайтын, емге көнбейтін белгісіз аурулар;
- Намаз оқуға, Құран тыңдауға немесе зікір айтуға ішкі қарсылықтың пайда болуы;
- Отбасында, жұмыста, күнделікті өмірде себепсіз жанжал, түсініспеушілік;
- Оқу, табыс табу немесе жеке даму жолында ерекше бөгеттердің тууы.
Алайда Қасым Махмұд мұндай белгілердің бәрін тек дуаға жору дұрыс еместігін ескертеді.
Бұл өзгерістердің себебі психологиялық, медициналық немесе рухани әлсіздік болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда өз бетіңізбен тұжырым жасамай, білікті діни маманға, шариғатты жетік меңгерген имамға жүгінген дұрыс, – деді имам.
Дуаны анықтап, одан қорғану және арылу жолдары
Имам Қасым Махмұдтың айтуынша, дуаның бар-жоғын анықтау үшін ең алдымен адамның бойындағы кейбір белгілерге назар аудару керек. Бірақ одан бұрын бір нәрсені дұрыс түсініп алу қажет.
Дуа – ойдан шығарылған аңыз емес. Бірақ оны анықтау да оңай шаруа емес. Дуа жасалғанын кесіп айту үшін міндетті түрде шариғатты жақсы меңгерген білікті имам, діни маман қарап, бағамдауы керек, – деді имам.
Дуаның ықпалы бар-жоғын қалай білуге болады? Имамның сөзінше, кей жағдайда мынадай белгілер болуы мүмкін:
- Құран аяттары оқылғанда адам қалтырайды, есінен танып қалады, жылайды немесе құсады;
- Үйде оғаш иіс пайда болады, белгісіз дыбыстар шығады;
- От сөнбей қоюы, жануарлардың мазасыздануы сияқты түсініксіз көріністер байқалады.
Мұндайда руқия шариға қолданылады.
Руқия – бұл Құран аяттарымен, Пайғамбар сүннетімен емдеу. Мұны тек білікті дін өкілі жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар әр мұсылман өзі де қорғануды үйренуі қажет, – деді имам.
Дуадан арылу және қорғану жолдары:
- Құран аяттарын оқу: Фалақ, Нас, Аятул Күрси, Бақара сүресін күнделікті оқу;
- Құранмен оқылған суды ішу, жуыну немесе шашу;
- Үй ішінде Құран жиі оқылып тұруы;
- Таңертең және кешке зікір оқу, кешірім тілеу (истиғфар);
- Намазға бекем болу, күнәдан тыйылу, рухани тазалыққа мән беру.
Шайтаннан және сиқырдың зиянынан қорғану үшін Пайғамбарымыздың өзі күнде Алладан пана сұрап отырған. Біз де соны әдетке айналдыруымыз керек. Құран – қорған. Алла – ең үлкен Қамқоршы, – деді имам.
«Дуа қайтарамын» дейтін балгерлер мен емшілерге сенуге бола ма?
Қоғамда «дуаны дуа қайтарады», «бақсы-балгер ғана шешеді» деген қате түсінік қалыптасқан. Мұндай көзқарастың түбі – адасушылық. Бұл жайында имам Қасым Махмұд былай дейді:
Балгерге барып, «дуамды шеш» деп сенім арту – өте үлкен күнә. Себебі олар жын-шайтанмен байланыс орнатады. Бұл – шариғат бойынша тыйым салынған ауыр амал. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Кім де-кім бақсы-балгерге барып, айтқан хабарына сенетін болса, ол адам Аллаға және Мұхаммедке түскен нәрсеге қарсы келген болады» – деп қатаң ескерткен, – деді имам.
Исламда сиқырды сиқырмен қайтару – харам. Яғни, бір дуа арқылы екіншісін жоюға тырысу – тыйым салынған жол. Мұндай тәсілмен адам Алланың үкімінен гөрі жындардың көмегіне жүгінеді. Бұл – иман әлсіреуінің белгісі, әрі күпірлікке ұрындырады.
Қорытындылай кетсек, шариғат мынадай ұстанымды ұсынады:
- Дуалау – бар, бірақ оның зияны Алла қаласа ғана жүзеге асады;
- Ем – тек құран мен сүннетте;
- Балгер, тәуіп, емші – сенімге қауіп төндіруші;
- Дуа мен сиқырдан сақтану үшін тақуалық, дұға, құран оқу қажет;
- Ем – құранда, молдада емес – Аллада!
Алла Тағала баршамызды жын мен адамның зұлымдығынан, көреалмастың көзінен, сиқыршы мен дұшпанның дуа-зиянынан сақтасын, – деді имам сөз соңында.
Адамдар неге бақсы-балгерге сенеді?
Адамдардың бақсы-балгерге сенуге бейім келуі – бұл кездейсоқ құбылыс емес, оның астарында терең психологиялық себептер жатыр. Энерготерапевт, психолог Айсара Нұржанның айтуынша, мұндай сенім, ең алдымен, жауапкершіліктен қашудан туындайды.
Адам баласына қашанда өзінен ұлы, күштірек, көзге көрінбейтін күшке сену керек. Бұл – табиғи қажеттілік. Шын мәнінде, біз сенімнің арқасында көп жетістікке жеттік. Алайда, өкінішке қарай, кейде бұл сенімді теріс арнаға бұрып, адам өзінің шеше алатын мәселесін де сыртқы бір күшке артып жібереді. Проблемасын шешкісі келмеген немесе қалай шешерін білмеген адам балгерге баруы мүмкін, – дейді маман.
Айсара Нұржан қазіргі қоғамда балгерлікке сенудің бірнеше себебін нақты атап берді:
- Жауапкершіліктен қашу – өміріндегі қиындықты өзі шешуге ерінген адам балгердің дегеніне иек артады;
- Аңғалдық – әсіресе қазақ қоғамында сенгіштік басым;
- Жеңіл ойлау – кей адамдар мақсатқа тез, оңай жеткісі келеді;
- Надандық – білімнің жетіспеушілігі, діни, психологиялық сауатсыздық.
Психолог әсіресе қазіргі таңда балгерлер мен «дуа шешетіндер» әлеуметтік желілерде емін-еркін жарнамаланып жүргеніне алаңдаулы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Instagram-ды ашып қалсаңыз, «күйеуіңді қайтарамын», «жолыңды ашамын», «қарыздан шығарамын» деген жарнамалар қаптап тұр. Бұған сеніп барған адамның ең соңында рухани да, материалдық жағынан да тәуелді болып қалуы мүмкін. Бұл өте қауіпті, – дейді ол.
Айсара Нұржанның айтуынша, көп жағдайда балгерге бару – қажеттіліктен емес, керісінше, шаршағандықтан, шарасыздықтан туындайды. Алайда, бұл тығырықтан шығар жол емес.
Шарасыздықтан адам балгерге емес, өз-өзіне сеніп, ішкі жауапкершілігін арттыруы керек. Қиындықтан шығудың ең дұрыс жолы – жауапкершілікті өз мойнына алу. Бұл – адамды әлсіз емес, керісінше, мықты етеді, – деп түйіндейді психолог.
Бақсы-балгерге жүгінетін адамдардың психологиялық портреті
Айсара Нұржанның айтуынша, бақсы-балгерлерге жүгіну көбіне байқалмай басталады. Бұл адамның саналы түрде шешім қабылдап, балгерге баруымен емес, айналасындағы жақындарының кеңесінен туындайды.
Жақында қазақстандық «Сен боссың» атты фильмді көріп отырып, бақсыларға тәуелді болудың психологиясын тереңірек түсіндім. Сюжет бойынша енесі келінін қатты жек көреді. Ал келіні – енесінің жұмыстағы басшысы. Үйде келініне қоқан-лоқы көрсеткенімен, жұмыста оны жеңе алмайды. Бір күні құрбысымен әңгімелесіп отырып, енесі келініне деген жеккөрушілігін айтады. Сол кезде құрбысы: «Менің таныс балгерім бар, телефонын берейін бе? Келініңді отбасымен дуалап тастасын» – деп жеңіл ғана ұсына салады. Сол сәтте енесі шошып, бұл ойдан бас тартады. Бірақ мен осы көрініс арқылы бақсыларға бару осылайша байқаусызда басталатынын түсіндім, – дейді психолог.
Маманның пікірінше, балгерлерге жүгінетін адамның нақты психологиялық портретін жасау мүмкін емес. Өйткені бұл жағдайға екінің бірі ұшырауы мүмкін.
Әрине, мықты ұстанымы бар, саналы адамдар балгерге жоламайтын шығар. Бірақ оларды да өмірдің қилы кезеңінде, әлсіз сәтінде бақсылар «сауатты» жолдармен өз уысына түсіруі әбден мүмкін, – дейді ол.
Бақсы-балгерге бару қалай басталады?
Энерготерапевт адам бақсы-балгерге бірден бармайтынын атап өтті. Бұл – ішкі күйзелістен, шешілмеген мәселелерден, ұзақ күрестен кейін барып жасалатын қадам.
Ең алдымен, адам өмірдің әрқилы қиындығына тап болады. Содан кейін оны әртүрлі жолмен реттегісі келеді. Бірақ бір күні табандылығы жетпей ме, әлде білімі жетпей ме – әйтеуір, бәрінен күдер үзеді. Сол кезде жоғарыда айтқандай, «жанашыр» құрбысы немесе танысы келіп: «Осындай проблеманы шешетін керемет емші бар. Қымбат емес. Бір рет барып көрші, құмалақ аштырсаң, не болып жатқанын түсінесің» – дейді. Алғашында адам мұндай ұсынысқа көнбейді. Бірақ шарасыздыққа тап болып, психологиялық тұрғыдан әлсірегенде, ол кез келген шешімді іздей бастайды, – дейді маман.
Осылайша, адам өз ішкі сенімін бұзып, бір рет бақсыға барады. Артынша тағы барады. Үшінші рет тағы. Сөйтіп жүріп бақсыға тәуелді болып қалғанын өзі де байқамайды.
Ақырында сол бақсының тұрақты «пациентіне» айналады. Соңында тіпті «дуа», «сиқыр» сияқты қауіпті әрекеттерге барғанын аңғармай қалады. Бұл жерде плацебо басталады – өміріндегі кез келген сәттілікті сол бақсының арқасы деп сеніп, өзін алдай бастайды. Бұл – тәуелділіктің бір түрі, – деп түсіндіреді Айсара Нұржан.
Психологиялық көмекке жүгінгендер
Айсара Нұржанның айтуынша, өзінің тәжірибесінде бақсы-балгерге барғаннан кейін, рухани және психологиялық күйзеліске ұшырап, маман көмегіне жүгінгендер аз болмаған.
Иә, ондай адамдар кездесті. Көбіне олар ішкі күйзеліс, отбасылық келіспеушілік немесе ұзаққа созылған сәтсіздіктен соң бақсы-балгерге барып жатады. Бірақ нәтиже шықпағаннан кейін немесе жағдай одан әрі ушығып кеткен соң психологиялық көмекке жүгінуге мәжбүр болады, – дейді маман.
Айсара Нұржан ондай адамдармен жұмыс істегенде ең алдымен бақсы-балгерге жүгінудің зиянын, оның адамның өзіне де, отбасына да, тіпті ұрпағына да төндіретін қауіпін түсіндіруге тырысады.
Оларға бәрін ашық, нақты жеткіземін. Бірақ соңғы шешімді келушінің өзі қабылдайды. Егер ол өзінің ішкі жауапкершілігін сезініп, шынайы өзгергісі келсе, ол адамды дертінен арылтуға болады. Ал бақсыға деген сенімді үзбеген адаммен жұмыс істеу әлдеқайда күрделі, – дейді психолог.
Адамдардың балгерге сенімі және одан құтылудың жолдары
Психолог адамдар бақсы-балгерге баруды жеңіл шешім ретінде қабылдайтынын айтады. «Бір рет бара салайын», «қалтам көтереді», «көріп келейін» деген оймен барған адамның артында ауыр салдары тұруы мүмкін. Себебі балгерлер тек адамның мәселесін тыңдамайды, олар келген жанның бойындағы таза, оң энергияны өзіне тартып алады. Әр барған сайын адам бойындағы ішкі қуат әлсірей түседі. Осылайша «балгерге тәуелділік» пайда болады.
Кейбір балгерлер өзіне келген адамға «сенің арқаң бар, қасиетті қабылда. Аталар саған айтып жатыр, сен емші болуың керек, әйтпесе өлесің» деп қорқытады. Осыдан кейін адам өзі де балгер болуға ұмтылады.
Айсара Нұржан балгерге жүгінудің басты себебі – адам проблемасын өзі шешудің орнына жауапкершіліктен қашып, өз өмірінің тізгінін бөтен адамға ұстатып қоюында дейді.
Соңында шешілген проблема да, өзгерген сіз де, алынған сабақ та жоқ. Санасын дамытудың, күшейтудің, оятудың орнына тағы бірнеше жылға ұйқыға кетеді, – дейді маман.
Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, бақсысыз-ақ мәселеден шығуға көмектесетін 5 нақты қадам ұсынады:
- Қиындықты мойындап, қабылдау.
Өзіңіздің қандай халде екеніңізді жасырмай, мойындаңыз. Бұл – жеңілу емес, қайта күш жинаудың басы. Әдетте бұл кезең бірнеше апта не айға созылуы мүмкін. - Жауапкершілікті өз мойныңызға алыңыз.
Басқаларды кінәламай, жағдайға өзіңіз себепкер болғаныңызды түсініңіз. Бұл өзіңізді жазғыру емес, тек әрі қарай әрекет ету үшін қажет қадам. - Бар назарды шешімге бағыттау.
Өзгеріске кедергі келтіретін барлық ойлар мен сезімдерден арылып, нақты жоспар құрыңыз. Бұл кезеңде Айсара ханым Брайан Моран мен Майкл Леннингтонның «12 недель в году» атты кітапты оқуға кеңес береді. - Табандылық пен төзімділік.
Мақсатқа жету үшін табанды еңбек қажет. Бұл жерде эмоционалдық емес, саналы әрекет маңызды. - Аллаға сенім артып, сабыр сақтау.
Барлық еңбектің нәтижесін бір Алладан күту, дұға мен сенім – ең соңғы, бірақ ең маңызды қадам.
Бақсы-балгерге бару сізге тиімді, тез көрінуі мүмкін. Бірақ оның салдары өте ауыр. Сиқырға, дуалауға жол берілген жағдайда ол тек сол адамды емес, бүкіл ұрпағын да жояды, – дейді Айсара Нұржан.
Бақсы-балгердің орнына қайда баруға болады?
Айсара Нұржан мынадай кеңес берді:
- Кәсіби психолог, энерготерапевт, чакрологқа;
- Қазақстан емшілер ассоциациясының білікті мамандарына;
- Youtube-тағы пайдалы мотивациялық подкасттарды тыңдауға;
- Ең дұрысы – ата-бабамыздың қалдырған жыр-терме, хикмет, тағылымды сөздеріне жүгінуге болады.
Психологтың айтуынша, шешім – өз қолымызда. Егер адам шын ниетпен әрекет етсе, балгердің көмегінсіз-ақ өміріндегі кез келген тығырықтан шыға алады.

