Жаңалықтар

Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы қашан аяқталады

Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы қашан аяқталады
Фото: Көлік министрлігі 23.10.2024 12:44 371

Достықтан Мойынтаға дейінгі 836 шақырымдық учаскеде екінші жолдың құрылысын толығымен аяқтау үшін 200 шақырым рельстер мен шпалдар төсеу қалды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екінші жолға арналған рельстік тордың алғашқы тізбектерін төсеген сәттен бастап бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде 635 шақырым жол салынды, 62 көпір мен 242 құбыр орнатылды. Биылғы жылдың соңына дейін жекелеген учаскелерде пойыздардың жұмыс қозғалысын ашу көзделіп отыр.

Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысымен бір мезгілде Алматыны айналып өтетін темір жолдың құрылысы белсенді қарқынмен жүргізілуде. Нысанда жер жұмыстарының жалпы көлемінің 75% орындалды. Жетіген станциясынан рельсті-шпал торын төсеу басталды. Су өткізгіш құбырлар орнатылып, көпірлер салынуда. Қонаев-Алматы республикалық тас жолында көпірдің аралық құрылыстары салынды. Қазақстан-Қытай газ құбырының учаскелерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, - делінген мәліметте.

Түркістан облысындағы Дарбаза-Мақтааралдың жаңа желісін төсеу үшін жер төсемі дайындалуда. Барлығы 152 шақырым жол салу үшін құрылысшылар шамамен 10 мың текше метр топырақты қайта өңдеуі керек. Жоба EPC-келісімшарт аясында жүзеге асырылуда, жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға және ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) құрылымына қосымша кірісті қамтамасыз ете отырып, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс кезеңінде жобалар аумақтары бойынша жаңа теміржол магистральдары өтетін облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын отандық мердігерлік ұйымдар орындауда. 1300 астам техника мен 5000 жуық адам жұмылдырылды. Жалпы ұзындығы 1000 км-ден асатын жаңа темір жол желілерінің құрылысында қазақстандық кәсіпорындардан 150 мың тонна рельс және бекітпелері бар 2 млн.астам темірбетон шпалдары сатып алынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға