«Хабар» телеарнасы

«Достық 13»: «Хабар» телеарнасында жаңа жастар сериалы көрерменге жол тартады

22.02.2026 15:22

Отандық эфирге жастарға арналған жарқын, динамикалы әрі өміршең жоба – «Достық 13» сериалы жол тартады. Премьерасы 23 ақпан күні сағат 22:00-де «Хабар» телеарнасында өтеді.

«Достық 13» – студенттік жатақханаларда басталатын ересек өмір туралы шынайы, әсерлі және жүрек қозғайтын қызықты роман. Түнгі шай үстіндегі әңгімелер, алғашқы сәтсіздіктер мен күтпеген жеңістер арасында мінез қалыптасып, арман-мақсаттар айқындалып, болашақты айқындайтын маңызды таңдаулар жасалады.

Оқиғаның өзегінде – бір-біріне мүлде ұқсамайтын сегіз жас: арманшылдар мен скептиктер, тұйық немесе қызба жандар, өз жолын тапқандар мен әлі де өзін іздеп жүргендер. Оларды біріктіретін ортақ мақсат – педагог маман болу және әлемді жақсы жаққа өзгерту. Студенттік өмір мен жатақхана табыстырған жандар туралы телехикая естен кетпес қызықты шақтағы достық, өзара қолдау мен шынайы сезімдер арқылы өрбиді.

«Хабар» телеарнасы

Сериалдың түсірілімі Алматы қаласында өтті. Жоба авторларының айтуынша, «студенттер қаласы» арман қуған жастардың шынайы өмірі мен тағдырын көрсетуге өте ыңғайлы локация. Камера жатақханаларды, коворкингтерді, мәдени кеңістіктер мен қалалық ортаны жан-жақты көрсетеді.

Бұл жобаның кейіпкерлері де сериал мазмұнын тереңдетіп, оқиға желісін қыздыра түседі. Актер Бақытжан Әлпейісов өз ісіне адал, әділ әрі принципшіл педагогтің бейнесін сомдайды. Ол көрерменге мамандыққа деген сүйіспеншілікті, шынайылықты және сөзге деген құрметті жеткізуді мақсат еткенін айтады.

Ал актриса Мерей Мақажан елімізде студенттік өмір туралы сериалдардың аз екенін атап өтіп, бұл жобаға қатысуын жастар өміріндегі маңызды әрі шабыттандыратын кезеңді көрсету мүмкіндігі деп бағалайды.

Режиссер Азамат Ержанұлының айтуынша, сериалда мамандықтың маңыздылығы, сөз өнері мен сөйлеу мәдениетіне басымдық берілген.

Негізгі мақсат – мұғалім мамандығының маңызын көрсетіп, оның қоғамдағы беделін арттыру. Бұл оңай шаруа емес: педагогтің жоғары мәртебесін айтып қана қоймай, оны экранда лайықты көрсету қажет. Сонымен қатар сериал филологиялық бағытқа арналғандықтан, қазақ тіліне, әдебиетке және сөз мәдениетіне ерекше назар аудардық, – деді режиссер Азамат Ержанұлы.

Сериал 42 минуттан тұратын 20 бөлімнен құралған. «Достық 13» көрерменді қызықтырып қана қоймай, жастарды шабыттандырады: зиянды әдеттерден аулақ болу, өзіне сену және Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында екенін ұғындыруды көздейді.