©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Достары көп адамдар да жалғыздықты сезінеді – зерттеу

Жалғыздық деген адамның достары жоқ дегенді білдіре бермейді. Канзас университетінің коммуникациялық зерттеулер кафедрасының профессоры және меңгерушісі Джеффри Холдың жетекшілігімен жұмыс істеген америкалық ғалымдар жастардың көпшілігі әлеуметтік белсенділікті де, эмоционалдық оқшаулануды да қатар сезінетінін анықтады. Бұл зерттеу PLOS One журналында жарияланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдар әртүрлі жастағы 5 мыңға жуық адам арасында сауалнама жүргізіп, олардың әлеуметтік байланыстарын, көшіп-қону, жұмыс ауыстыру, оқуын аяқтау, жаңа қарым-қатынас бастау сияқты өмірлерінде болған өзгерістерге баға берген.

Жастардың басым бөлігі достарымен қарым-қатынасына көңілі толатынын және жаңа таныстықтар бастауға қарсы еместігін алға тартқан. Сөйте тұра көпшілігі жалғыздық сезімін бастан кешетінін де мойындаған. Холдың айтуынша, бұл жерде әлеуметтік ортаның көлемі емес, қазіргі өмірдегі тұрақсыздықпен күресу қабілеті маңыздырақ.

Бүгінде жастар оқшауланған, тұйық, байланыс орната алмайды деп жиі айтылады. Біздің зерттеу басқа жағдайды көрсетті: жастардың достары көп, олар өзара байланыста болу үшін күш салады. Бірақ олар әлеуметтік белсенді бола тұра да өздерін жалғыз сезінуі мүмкін, – деді Хол.

Зерттеудің негізгі ұғымы – «онтологиялық қауіпсіздік». Бұл – адамның эмоционалдық жағдайын қалыптастыратын, өмірдің тұрақтылығын сезіну. Жұмысты, оқу орнын, қарым-қатынасты немесе тұрғылықты жерді жиі өзгерту бұл сезімді әлсіретеді, мұндайда тіпті әлеуметтік желі де көмектесе алмайды.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл әсер әсіресе жоғары білімі бар әйелдерде айқынырақ байқалады: маңызды қарым-қатынастарға кеш түсу және ересек өмірге бейімделу кезеңінің созылуы ішкі тұрақсыздықты күшейтеді, бұл дегеніміз адам өзге адамдардың арасында жүрсе де өз орнын таба алмағандай күй кешеді деген сөз.

Ал үйреншікті өмір сүретін, стресті сезіне бермейтін жасы үлкен адамдар әлеуметтік тұрғыдан алғанда ең тұрақты қатысушылар болған. Олардың әлеуметтік шеңбері тарлау болғанымен, әлдеқайда тұрақты.

Ғалымдардың пікірінше, жастар арасындағы жалғыздық әлеуметтік дағдарысты емес, өтпелі кезеңнің табиғи белгісін көрсетеді.