Жаңалықтар

Допинг дүрбелеңі: Қазақстан спортына төнген қара бұлт

Бар және жоқ медальдар
Допинг дүрбелеңі: Қазақстан спортына төнген қара бұлт
26.12.2016 10:15 7822

Бар және жоқ медальдар

Fox Sports телеарнасы 2008 және 2012 жылдары өткен Олимпиада ойындарындағы жүлделерінен айырылған спортшылардың толық тізімін жариялады. Онда 9 медалімен қоштасқан Қазақстан екінші орында. Ал көшбасында солтүстіктегі көршіміз Ресей (19), үштікте бұрыңғы кеңес құрамында болған Беларусь мемлекеті тұр, олардан ХОК (халықаралық олимпиадалық комитет) 7 медальін тартып алған. 

Көбіне бұл дауға іліккендер ауыр атлеттер. Олардың барлық саны – 26. Ал жеңіл атлеттерде – 18, күрес шеберлерінде – 5 оқиға тіркелген. 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарындағы жүлделерін қайтарып бергендер: ауыр атлетиканың алыптары Илья Ильин (алтын), Ирина Некрасова (күміс), Мария Грабовецкая (қола), сондай-ақ еркін күрес шебері Таймураз Тигиев те  (күміс) бар. Бұл тізімді грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетов (қола) қортындылайды. Ал Лондонда өткен 2012 жылғы  жазғы Олимпиада ойындарында тек «алтынды» зілтеміршілеріміздің нәтижесі жойылды.  Олар: И.Ильин, Мая Манеза, Светлана Подобедова және Зульфия Чиншанло.

2016 жылдың алғашқы «құрбандары»

Үстіміздегі жылдың алғашқы допинг дауына іліккендердің қатарында Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов және Ермек Өміртай бар.

Олардың допинг-сынамаларынан дегидрохлорметилтестостерон (туринабол) табылды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Жасұланды сегіз жылға, Алмас пен Ермекті төрт жылға спорттан шеттетті.

Аталған спортшылар 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында жеңіп алған жүлделерін қайтарып берді (Ж.Қыдырбаев – қола, А.Өтешов – күміс, Е.Өміртай жүлдеге іліне алмаған).

Спортшыларымыздан не табылып жатыр?

Илья Ильин  – Станозолол (ОО-2008), Дегидрохлорметилтестостерон (Туринабол) (ОО-2012),

Зульфия Чиншанло  – Оксандролон, Станозолол (ОО-2012),

Светлана Подобедова  – Станозолол (ОО-2012),

Майя Манеза  – Станозолол (ОО-2008,2012),

Ирина Некрасова – Станозолол (ОО-2008),

Мария Грабовецкая – Туринабол, Оксандролон, Станозолол (ОО-2008),

Таймураз Тигиев – Туринабол (ОО-2008),

Ермек Өміртай – Туринабол (ӘЧ-2015),

Әсет Мәмбетов – Станозолол (ОО-2008),

Владимир Седов – Станозолол (ОО-2008),

Алмас Өтешов – Туринабол, Станозолол (ОО-2012), Туринабол, Метенолон (ӘЧ-2015),

Жасұлан Қыдырбаев – Станозолол (жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты  2012), Туринабол (ӘЧ-2015)

Бұл препараттар туралы не білеміз?

Станозололды  көбіне  бодибилдерлер, боксшылар, балуандар, аралас жекпе-жек спортының өкілдері, жеңіл және ауыратлеттері жиі қолданады. Оны  1962 жылы Winthrop Laboratories компаниясы ветеринария саласына қатысты жылқы жануарының шабысын арттыру мақсатында жасап шығарған. Станозолол кәдімгі стероидтар ретінде ағзадағы зат алмасу процесін жылдамдатады, бұлшықет пен оның бедерлігіне ықпал етеді. Сүйектен кальцийдің бөлініп шығуына жәрдемдеседі, ағзада фосфор, азот, күкіртті сақтап тұрады. Әлбетте, спортшылардың қолдануына тиым салынған. Вирилизмді дамытуына қарамастан, салыстырмалы түрде қаупі аз препарат есебінде оны спортшы әйелдер де жиі қолданады екен.

Стероид әсерінен шаш түсіп, безеу, бөртпе пайда болуы мүмкін, сондай-ақ бойдың өсуіне кері ықпал етеді.   

Дегидрохлорметилтестостерон (Туринабол) – алғаш немістік Jenapharm 1961 жылы шығарған бұл препарат ішке қабылдауға арналған таблетка түрінде болады. Құрылымы метанмен өте ұқсас. Ол күшті арттырады, салмақ қосуға көмектеседі, сүйектің майысып кетуінің алдын алады. Бірақ дегидрохлорметилтестостеронның оң нәтижесін ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Кері әсері ретінде бауырға зақым келтіретіні айтылған, десек те дозасын қалыпты мөлшерде қабылдаған жағдайда зияны кемде-кем. Салмақ дәрежесі ескерілетін спорт түрлеріне қатысты жиі қолданылады екен.

Оксандролон 1964 жылы АҚШ-та шығарылған. Оны бұлшықет массасын жоғалтқан кезде қайтадан арттыру мақсатында, сондай-ақ  алкагольді гепатиттен, Тернер синдромынан (туа біткен хромосомалық ақау), ВИЧ/СПИД-тен емделу кезінде пайдаланады. Препарат анемияны емдеуде де көмегін аямайды екен. Оксандролонды  жылдамдық маңызды рөл атқаратын спорт түрлерімен айналысатын атлеттер жиі қолданады.

Метенолон (Примоболан) – таблетка және иньекциялық түрінде болатын анаболикалық стереоид. Бұлшықет массасын жинау үшін емес сақтау үшін қолданады. Ал зияны ағзадағы тестостеронның деңгейін аздап төмендетеді, агрессия, ұйқысыздыққа алып келеді, бауыр ферменттерінің көрсеткішін жоғарлап кетуіне ықпал етеді.

Допинг дауынан кейін қоржынға түскен жаңа жүлделер:

Анна Важенина 75 кг салмақта Олимпиада ойындарының (Бейжің, 2008) алтынын алды. Өз жерінде өткен айтулы додада биік тұғырдан көрінген Цао Лэй допинг тексерістен өте алмай қалған. Қоланы қанжығаға байлаған ресейлік Наджеда Евстюхина да бұған дейін өз жүлдесін қайтарып беурге мәжбүр болған еді.

Аспан асты елінде өткен ОО-да төртінші орыннан көрінген Ольга Рыпакованың да қанжығасы майланды. Қоласы бар грек қызы Хризопия Деветцидің қайталап тапсырған анализі оң нәтиже беріп жүлделі орын Рыпакованың еншісіне жазылды.

 Сол жылғы Олимпиадада 60 кг салмақта сынға түскен грек-рим күрес шебері Нұрбақыт Теңізбаев жартылай финалда әзірбайжандық Виталий Рагимовке жол берген болатын. ХОК аталған спортшының көрсеткішін қолданылуға болмайтын препараттың кесірінен жоққа шығарды. Халықаралық күрес федерациясы  Н.Теңізбаевқа әзірбайжандықтың күміс медалін табыстағанмен, жерлесіміз ол жүлденің қажет емес екенін айтты.

Зілтемірші Анна Нұрмұхамбетова да төрт жыл өткен соң қолаға қол жеткізді. Ол 2012 жылы Олимпиада ойындарын бесінші сатыда аяқтаған. Өз кезегінде 3-ші 4-ші орындарды бөліскен беларусьтық  Марина Шкерманкова мен Дина Сазоновецтер допинг дауына ілікті.

2016 жылы Риода өткен байрақты бәсекеде 4-ші орынға табан тіреген Денис Уланов ресми түрде ХХХІ жазғы Олимпиаданың қоласын еншіледі. Жарысты үштікте  тәмәмдаған румындық Габриэль Синкераянның нәтижесін ХОК жоюға мәжбүр болды.

Сегіз жылдық допинг-сынамаларды қайта қарауға бола ма?

Әлемдік антидопинг агенттігі (WADA) допинг сынамаларды он жыл бойы сақтауға, керек кезінде оларды қайта сынақтан өткізуге құқығы бар. Бірақ, допинг-сынама барлық олимпиада спортшыларынан емес, тек кейбіреулерінен алынған.

Алексей Ни және Риодағы жетістік

Биыл 25 қазанда Алексей Ни ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкерлігі қызметінен кетті. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында: «Мен өз еркіммен кетіп барамын. Бұл туралы алғаш рет Рио Олимпиадасының алдында, шәкірттеріме допинг-сынамалары бойынша ре-анализдер жүргізіле басталғанда ойланғанмын. Дәл ол уақытта менің зілтеміршілеріме барынша қолдау қажет болды. Өзіме артылған жүкті соңына дейін көтеруім керектігін ұқтым. Атлеттерімді ақтап алу мүмкін болмаған соң, бұл орында одан ары отыра алмайтынымды түсіндім» – деген еді.

Оңтүстік Америка құрлығында өткен дүбірлі додаға ауыр атлеттеріміз мүлде бармай қала ма деген қауіп болған. Дегенмен де Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тек допинг дауына ілінген спортшыларды Рио ойындарынан шеттеті, ал қалған қазақстандық зілтеміршілер төрт жылда бір келетін жарысқа жол тартты. Бас бапкер Алексей Ни «бізден үміт күтіңіздер» деп аттанған. Расында, біздің елдің өрендері құрама қоржынына 1 алтын 1 күміс 4 қола салды. Естеріңізге сала кетсек, алтынан алқа таққан Ниджат Рахимов 2013 жылы допинг құрығына түсіп, екі жылға спорттан шеттетілген еді. Ол кезде Ниджат Әзірбайжан құрамасының сапында жаттығатын.

«Допингшілерді» қоғам қалай қабылдады?

«Спортшыларымыз расымен де күш арттыратын препарат қолданған ба?» деген сауал бәрімізді мазалағаны анық. Олар мұның барлығын өздеріне «жағылған қара күйе» деп ақталумен келеді. Олимпиада ойындарындағы төгілген тер, сарқылған күштерімен жеңіп алған жүлделерін қайтармайтындықтарын ашық жеткізді. Ол – спортшының өз еркі. Құны жойылған медальдарын қалтасында басып қалғанның пайдасы шамалы, енді... Сарапшылар ілгерідегі препараттардың тамақтану арқылы ішке түскенін айтып қалды. Мұны спортшылардың өздері білмеуі мүмкін бе? Ел үмітін арқалаған спортшы өздігінен барып туринаболға тәуелді болды дегенге ешкім сене қоймас. Ал халық пікірі сан саққа бөлінеді. Ғаламтордағы әр сайтты ақтара отырып, біразын сараптап алған едік:

Асыл: Бәсе, басқалары ақ тер көк терге түсіп, соңғы күштерін сарқып, жан дауыстары шығып штангымен алысып жатқанда, Ильин қалайша оп-оңай зілдей темірді басынан асыра салады десем? Қазы-қартасының артында бір бәленің жатқаны анық болды ғой.

Рүстам: Спортшыларымыз арнайы допинг қабылдамаса да, ол препараттар басқа да жолдармен ағзаға түсуі ғажап емес. Мысалы, өздері қабылдайтын түрлі тағамдар, дәрі-дәрмектер. Олардың сыртынан жамандай берудің қажеті жоқ, олар өздерінің осындай жағдайда қалғандарын ешқашан қаламаған болар.

Абай: Орыстардың бір сайтында (қайсысы екенін ұмытып тұрмын) мынандай сауалнама жүргізіліпті. Сауалнамада «Спортшыларымыз шынымен допинг қолданған» және «Бұл біздің еліміздің спортына жасалып жатқан қастандық» деп қос жауапты ұсынған. 15 мыңға жуық ресейлік қатысып,оның 75 %-ы бріншісін таңдапты. Яғни, спортшылардың ақ екеніне қоғам сенбейді. Соған қарап-ақ, спортшылардың допинг қолданғанына сенбейтіндердің көп екенін көруге болады.

Арсен:  Мен ештеңе түсінбеймін, сонда барлығы допинг қолданады, тек кейбіреулері ғана осындай жаза алып отыруы керек па? Жолың болмады деген осы шығар. Неге барлығын өз уақытында қарамаған? Спортшылардың өмірін құрту дұрыс емес деп білемін. Жалпы, WADA көлеңкесі көп ұйым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға