Дональд Трамп әлемдегі ең қауіпті қаланы атады
АҚШ президенті Дональд Трамп Чикаго қаласын «әлемдегі ең қорқынышты әрі ең қауіпті қала» деп мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Truth Social парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Чикаго — әлемдегі ең қорқынышты және ең қауіпті қала. Иллинойс штатының губернаторы Джей Притцкерге көмек ауадай қажет, бірақ ол әлі мұны түсінбеген, — деді Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, соңғы демалыс күндері Чикагода кемінде 54 адам оқ жарақатын алып, 8 адам қаза тапқан. Ол жағдайдың шұғыл араласуды талап ететінін атап өтіп, қалаға қайтадан қауіпсіздік орнатуға уәде берді.
Мен қылмыс мәселесін тез шешемін, дәл Вашингтондағыдай. Чикаго қайтадан қауіпсіз қалаға айналады, — деді Трамп.
Айта кетейік, 12 тамызда Пентагон АҚШ астанасында қылмысқа қарсы күрес жүргізу үшін 800-ге жуық Ұлттық гвардия әскери қызметкерін Вашингтонға жіберген. 13 тамызда әскерилер қалаға кіргізілді. 21 тамызда Дональд Трамптың өзі гвардия сарбаздарымен бірге ел астанасының көшелеріне шыққан болатын. Ол полиция мен әскерилерді елдегі құқықбұзушылық деңгейін төмендеткені үшін мақтады.
АҚШ президенті Ұлттық гвардия кіргізілгеннен кейінгі апта ішінде Вашингтонда бірде-бір кісі өлімі тіркелмегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қылмыс деңгейі 87 пайызға азайған.
Ал АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди 25 тамызда Вашингтонда 1 000-нан астам адамның ұсталғанын және 100-ден астам атыс қаруы тәркіленгенін хабарлады.

