Жаңалықтар

“Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу“. Депутат Аманжол Әлтай домбыраны харам дегендерді жазалауды талап етті

“Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу“. Депутат Аманжол Әлтай домбыраны харам дегендерді жазалауды талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.09.2023 11:41 2264

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай домбыраға тіл тигізгендерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол ұлттық этникалық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы – Қазақтың қасиетті қара домбырасы екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде осы халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратуда. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алып қашпа сөздер дәлел, - деді ол.

Аманжол Әлтай 1932-жылдардың аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамағанын атап өтті. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп, Қадыр ақын айтпақшы, Домбыра аспабы – Қазақ деген сөздің синонимі, Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі, халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы – осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады.

Ендеше, домбыраға тиісу – Ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының  ұлттық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ, - деді Аманжол Әлтай.

Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мінезі, ата-бабаларымыздың аманаты мен бүгінгі һәм келешек ұрпақтың айнымас серті.  Домбыра – ұлтымыздың ұлы жүрегіне жол тауып, мұңайса, шерін тарқатты, қуанса, жан сарайын шаттыққа бөледі, ән-күй, жыр-терме, айтыс өнері арқылы бабалар сөзін бүгінге жеткізді, бүгіннің сөзін ертеңге жеткізетін де осы – қасиетті домбыра.  «Домбыра – Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі.  Домбыраның екі шегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді» деп Рим Папасы біздің елімізге келген соңғы сапарындағы сөзін домбыраға арнағаны тегін емес.

Еңдеше, аспанда да, жерде де қаза жүрген жерде домбыра бірге жүреді. Азаттығымның, қазақтығымның бойтұмарындай қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік, армен де, заңмен де қорғай білейік, тыйым салайық!, - деді депутат.

Аманжол Әлтай өзінің бірнеше ұсынысын атап өтті:

1. Мемлекет басшысының: «Мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» - деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Оқыту процесіне музыкалық жоғарғы және арнаулы білімі бар білікті мамандар тартылсын!;

2. Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері  көбірек насихатталсын;

3 Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуі тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға