t.me/KZgovernment

Доллар бағамы 600 теңгеге дейін көтеріле ме? Бектенов не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің теңге бағамы мен ұлттық валютаның әлсіреуіне қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Үкімет басшысы теңге бағамы тек нарықтық қағидалар негізінде қалыптасатынын және қазіргі уақытта ұлттық валютаның күрт құбылуына әкелетін ешқандай фактор жоқ екенін айтты.

Бізде бағам нарықтық факторларға сүйене отырып қалыптасады. Ұлттық банк тарапынан қандай да бір араласу жоқ. Бүгінгі таңда, өз бағалауымызға және көптеген беделді сарапшылардың пікіріне сүйенсек, теңгенің күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар премьер-министр осы күзде доллар бағамы 600 теңгеге дейін көтеріледі деген болжамдарды негізсіз деп атады. Оның айтуынша, 2026 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыру барысында үкімет базалық сценарийге сүйеніп отыр. Онда мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған жағдайда доллар бағамы 540 теңге деңгейінде қарастырылған.

Бұл - базалық сценарий. Егер мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендесе, пессимистік сценарий іске қосылады. Онда басқа тетіктер қолданылатын болады. Бірақ қазіргі жағдайда базалық сценарий ең шынайы нұсқа деп есептейміз. Сондықтан біз девальвация мен теңгенің күрт әлсіреуін күтпейміз, - деп түйіндеді премьер-министр.