Жаңалықтар

Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті – депутат

Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті – депутат
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 04.10.2023 12:10 10609

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?!. Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?, - деді депутат.

Қазыбек Иса қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатқанын айтты.

Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты. Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр, - деді Иса.

Депутат дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс екенін айтты.

Ел үшін ең қымбат ұлтқа, адам үшін ең аяулы әке-шешеге, қазаққа ең адал домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті. Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет, - деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға