Амангүл Тілейқызы

Дінге бет бұрған жастардың миссиясы қандай?

VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне келген Ресей Ислам мәдениеті орталығының президенті Абдул-Вахед Ниязов жастар мен діннің байланысына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Жастардың дінге бет бұру үрдісі

Сарапшының айтуынша, қазіргі әлемдік тенденциялар жастардың дінге жақындап келе жатқанын айғақтайды.

«Қазір жастар орта және аға буын өкілдеріне қарағанда әлдеқайда дінге жақын. Бұған Еуропа мен Ресей тәжірибесі дәлел. Әсіресе мұсылман қауымына қарасақ, мешіттердің 90 пайызы жастарға толы. Бұл жағдайды Исландиядан Польшаға дейін, Португалиядан Финляндияға дейінгі Еуропаның кез келген елінен байқауға болады. Аллаға шүкір, жастар дінмен қатар экономикаға, тарихқа, саясатқа, білімге қызығушылық танытып отыр. Бұл – өте жақсы құбылыс», – дейді ол.

Дәстүрлі құндылықтардың мәні

Ол жастардың дінге бет бұруы қоғам үшін үлкен болашақтың кепілі екенін ерекше атап өтті. Себебі дін – берік отбасылардың, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қатынастың, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың негізі.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі қоғамға сырттан таңылып отырған жасанды құндылықтардың уақыт өте жойылып, халықтың дәстүрлі құндылықтарға қайта оралатынын айтты.

«Құдай әрбірімізге өзіндік сақтану инстинктін берген. Бұл қасиет ұлттың да, мемлекеттің де сақталуына ықпал етеді. Қазақстанның болашағы да руханиятты сақтау мен дамытуға тікелей байланысты», – деді ол.

Руханият пен мемлекеттің ілгерілеуі

Ниязовтың айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рухани дамуды мемлекет пен ұлттың өркендеуінің басты шарты деп санайды.

 «Мемлекет басшысы ретінде ол осы съезді ұйымдастыруға бастамашы болды. Шынында да, рухани тұрғыдан қалыптасқан, дінге берік жас – мемлекетке де, еліне де, отбасына да жауапты тұлға. Ал отанға деген сүйіспеншілік – біздің ең үлкен құндылығымыз», – деді Ресей Ислам мәдениеті орталығының президенті.